Доллардың дүмпуі дамушы мемлекеттердің ғана емес, дамыған мемлекеттерге ортақ кесел болып отыр. Дағдарыс дүбірі қаланы қойып, далиған далаға да жетті. Баға "қалаушы топтың" мүддесіне сай тұрақтанды. Көбісі келте түсінікпен көлденең кезіккен кеселдің «кереметін» әлі бағамдап та үлгермеді. Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса... Әлемдік маңызға ие, дөкей доллардың долы желі тақырда өскен теңгеміздің «тәлтіректеткені» рас. Ең алғаш Қазақстанда тіркелген доллардың құны 2,575 теңгені құраған. Одан кейінгі жылдарда үнемі қарқынды түрде дамудың даңғыл жолына түскен. 1995 жылы 60,93 теңгеге тіреліпті. Ал, бүгінгі күннің бағанасына байланған бағамы жағаңды ұстатады 184,95 Қазақ теңгесін құрап отыр. Ақшаны айтсақ Асан қайғының зарын қоса сарнайтын болдық. «Шіріген байларға» шыбын шаққан құрлы көрінбесе, көнбіс халыққа кезіккен кесапат болды. Бастапқы ойдан ауытқымай,негізгі мәселемнің май шаммен қаралар тұсына келейін.
Кеше университет аялдамасында тұрғанда мынадай қызық жайтқа куә болдық. Жол жүру ақысы – 80 тг, ал жол жүру билеті үлкендерге - 6000, мектеп оқушыларына - 1000, және зейнеткерлерге 2000 теңге. Сонда сатып алушылар сатушы орыс әйелді түтіп жеп қоя жаздады. Ол кісіде түр жоқ,тек орысша жеткізген дәлелдерінен ұққаным «Маған салса, тегін таратар едім, менде жазық жоқ..» болды. Құланның қашуына мылтықтың басуы деп доллардың қымбаттауын күткендей баға да аспандап кетіпті. Күйбең тірліктің көбісі қоғамдық көліктің көмегімен мәресіне жетіп жатады. Оның үстіне автобус ішінде орын алар келеңсіз жәйттар да ашындырады адамды. Жылдамдықты арттырып, «жаның жәннатта болсынды» естігісі келіп жүрген шопырлар өзгені ниетіне ортақтастырмай-ақ қойсын. Жолаушылар тарапынан тартылар наразылықтар тек автобус ішінде орын алып, шешімін автобуста тапса жарар еді. Дереу бұл жайттың алдын алмаса, ақырын ойлау «опасно»!
Студенттерге де бағаның қымбаттауы үлкен алаң туғызып отыр. Осыған дейін 2250 теңгемен байыз тапқан жол жүру билеті соңғы айда 2800 теңгеге бір-ақ секірді. Айтар ойға арқау болып отырған Алматыдан басқа қалаларда жол жүру ақысы қалтаға қиындық келтірмейді. Елордамыз Астана қаласының өзінде жол ақысы 60 тг құрайды. Әлеуметтік жағдаймен аз қамтамасыз етілген отбасыменен көп балалы отбасылы студенттерге жол жүру билетін тегін тарату жағы қарастырылған. Сонда келесі кезекті мәселені төлдетіп аламыз. Барлық қалаларда шәкіртақы мөлшері бірдей құнды құрағанымен неге біз тұрған қалада ерекше қымбат? Белгілі мөлшерге қымбаттатуды мақсат тұтса да бірден 30 теңгеге арттыруы артықтау болар. Алматыдай жастар қаласында ақшаны үнемдеп жүрдім дегеннің өзінде айлық шәкіртақымыз сол оқу барысы орындалар істерді қамтамассыз етуден артылмайды.(көшірме жасату, қағаз басып шығарудан). Ата-анадан,ауыл- аймақтан айналған тиын -тебен қай жыртығыңды жамайды? Өзім де сол құралпы жастардың жұпыны тірлігін бастан кешіп жатқандықтан жазып отырмын. Айына аңсатып келетін 15000 тг шәкіртақымызды шенеуніктер шаршы етектен келетіндей көреді-ау. Мүмкін, ол кісілер 15000 доллар деп ойлаған шығар. Теңгені танымайтын «тақырлар» жайында да естігенбіз. Сондықтан бізге, қазір «бізіміздің» саны артып келе жатқанына күмәніміз жоқ, бағаның оңтайлы болғаны қажет! Қасқыр да тыныш, қой да аман болса болды. Дамыған 50 елдің қатарына кіреміз дегенде жол ақысын 50 теңгемен бастадық, одан кейін 30 елдің тізімінен тартқылап үстіне 30 теңге қостық. Қорқатыным, қоғамдық көлікте жол жүру құны таксиден айырмашылығы болмай қалған кезде қайда кірер екенбіз?!
Орынбасар Бақытбекұлы