Қырғызша «қарақшылық»

/uploads/thumbnail/20170708151344741_small.png

Алматы – Шымкент арасындағы автомобиль жолы бітуге таяу. Тек жолды тағы 70 км. келте қайыратын Шу айрығы – Отар жолының бітпеген. Әзірге қаптаған көлік тасқыны Қордай арқылы өтуде. Әрине, жүйткіген автокөлікке 70 шақырым бір сағат қана уақыт.  Әңгіме Қордай арқылы Қырғызстанды жағалаған осы уақыт туралы болмақ – барлық «трагикомедиялық» оқиға осы уақытта басталады және аяқталады…

Сонымен, жүйткіп келесіз! Бір кезде, егер Сіз Шымкенттен келе жатсаңыз – Меркеден өте, Алматыдан шықсаңыз  – Қордайға жете қалта телефоныңыз «Сізге SMSхат келді!» деген қуанышты хабарды жеткізеді! Әлбетте, Сіз «шығарып салушы», не, «күтіп алушы» жақ болар деп, телефонды қолға аласыз. Сөйтсеңіз… SMS авторы «о» да «бұ» да емес, қазақстандық  Beeline желісінің қырғыздық әріптесі – «егізінің сыңары» Megacom болып шығады. Ол Сізге орыс тілінде бар мейірім-шуағын төгіп: «Добро пожаловать в Кыргызстан!» дейді. Одан кейін «Сіздің консулыңыздың телефоны мынау» деп ескертіп те қояды, сірә, онысы «қырғызда тағы бір төңкеріс бұрқ етсе, барар жеріңізді біле жүріңіз, сақ болыңыз!» деген жанашырлығы болар, кім білген…

Сонымен, сіз, маңайыңызға көз тастайсыз, бірақ онда – Қазақстан! Әне, анау, жазулар…, тіптен, мынау – жолдың шетінде қозыдай томпиып жатқан «көгендеулі радар» да өзіміздікі, ол – жамбылдық МАИлар ойлап тапқан НОУ-ХАУ! Басқаға болса да, дәл осыған қырғыздың еш таласы жоқ! Тіптен, сіздің Қырғызстанға кірем деген жоспарыңыз да болмап еді ғой! Алайда, телефоныңыз «Сіз Қырғызстанға кіріп кеттіңіз» деп, беті міз бақпастан SMS-теп жатқан жоқ па?..  Сөйтіп, Сіз алыстан құшақ жайып қарсы алушы, «асатпай жатып құлдық!» деген қырғызды «қандай қонақжай ел» деп бір риза болып қаласыз. Бірақ, бұл сізге үйреншікті жағдай – әлемнің талай жерін аралағанда, олардың бәрі де сізді құшақ жая қарсы алады. Өйткені, әлемде басынан аяғына дейін шет елдің киім-кешегін киетін, тұтыну тауарларын түгелдей дерлік шеттен таситын, жеңіл өнеркәсібі жоқ, бірақ «қалтасы қалың» жұрт қазақ екенін бәрі біліп алған. Қытайдың Үрімші мен Құлжасы да, арабтың Дубайы, түріктің Анталиясы мен Стамбулы, орыстың Мәскеуі де. «Қош келдіңіз, қазақ!» деп, елпектеп тұрады. Қырғыз қайда барсын…

Сонымен Сіз SMS-ті оқыған сәтте экранда пайда бола кеткен «Сіздің ұялы байланысыңызды Beeline/Beeline GSM іске асырады» деген ескертуге назар аудармайсыз да. Өйткені сіз Қазақстан жерінде келе жатсыз! Ал, қырғыз «Megacomы» болса дәл осы уақытта сізді өз құшағына алып, әлдеқашан «өз еліңізде өзге елдің азаматы» етіп қойғанын ұқпайсыз. Әрине, оны ұғасыз, бірақ кейін, кеш ұғасыз…

Сонымен, жолға шығар алдында «қандай жағдай болып қалар» деп, телефоныңызға біршама ақша құйып алған едіңіз ғой. Сөйтіп, Қордайға келгенде жарты жолды жүріп өткеніңізден хабардар етіп қоймаққа таныс-туысқа телефон шаласыз. Міне сол кезде қазақстандық Beeline үйреншікті жағдаймен Сіздің активтеріңізді ала бастайды. Несі бар, бәрі заңды. Алайда, дәл осы мезетте Сізге екі оператор қатарынан қызмет көрсетіп жатқанын біле бермейсіз. Шынында да, көп адам білмейді де! Өйткені, бұл аймақты қырғыздың «Megacomы» меншіктеп алып, Beeline.Кз мен қосарласа қызмет көрсетуге белсене кірісіп кеткен еді. Сөйтіп, қырғыз жағы «Сіз Қазақстан, Өзбекстанмен минутына бар болғаны 37 теңгемен сөйлесе аласыз» деп уәде еткеніндей, сізді ашықтан-ашық тонауға кіріседі. Қазақстан жағы да өздерінің заңды төлемақысынан құр қалмауға тырысады. Бірақ, КЗ жағы сізден шыққан қоңырау үшін ғана ақы алса, қырғыз жағы Сізден шыққан ғана емес, түскен қоңырау үшін де сыпырып ала бастайды. Себебі, біреу Шымкенттен хабарласса, оған қырғыз «Megacomының» қолы жетпейді. Ендеше «құдай айдап көзге көрініп тұрған» Сізден басқа кім бар оған? Бірақ, жолдың аты жол. Мәшинеңіз жол апшысын қуырып, бір мезетте сізді «Megacomның» «ыстық құшағынан» алып шығады. Сөйтіп, телефондағы қосарланған қос оператор жоқ болып, енді қайтадан өзіңіздің әбден үйреншікті болып кеткен Beelineіңізбен ғана қаласыз. Сол кезде тағы бір SMS-ті аласыз. Бұл, енді өзіміздің Beelinнен. Ол сіздің «қайтадан Қазақстан азаматы болғаныңызды» ескерте отырып, «есепшотыңызда 10 теңгеден аз мөлшерде сома қалғанын, шығатын қоңырауға тиым салынғанын» сыпайы түрде жеткізеді… Сөйтіп, осыдан азғана уақыт бұрын Сіз «байланыстық қауіпсіздік» жағдайында өзіңізге сенімді едіңіз, енді Қырғызстанның етегін бір айналған соң «ешкімге хабарласа алмайтын» бейшара күйге қалай түскеніңізді байқамай да қалдыңыз… Шынында да, егер түсер ауылыңыз айдалада болып, күтер адамыңыз күтпей қалса, содан жаяулата кетіп, жол жөнекей Сізді қасқыр жеп қойса қайтер едіңіз? Сұрауыңыз кімнен сонда?..  Құдайым оның бетін аулақ қылсын! Бірақ мынау қандай керемет сиқыр десеңізші – Эмил Кионың өзі талып түсердей!

Бішкекке жиі барып тұратын жігіттер: «Қырғыздың шекарасына енген заматтан бастап, Қазақстанның Beelinінің үні өшеді. Әдетте, көп адам телефонына желі таңдағанда оны «автоматты таңдау» дегенге басып қояды да, басқа елдің желісіне қарсы қорғаныс амалын жасауды ұмытып кетеді. Ол үшін «автоматты түрде» дегенді өшіріп, «қолмен таңдау» арқылы Beelin.кз-ні қосып, экранда пайда болған басқа елдің желісін өшіріп тастау қажет. Сонда құйған қаржыңызға қауіп төнбейді. Бірақ оны кейде өзіміз де ұмытып кетеміз де, ақырында байланыссыз қаламыз. Және де, көп адам ол тұрмақ, телефонды қалай келтіруді де білмейді. Сөйтіп, қорғаныс шарасын жасамайды. Міне, осыны пайдаланған қырғыз «Megacomы» сіздің телефоныңызға қарақшылықпен басып кіреді де, ақшаңызды барынша сыпырып алады. Ал, күн сайын шекара аймағынан қанша мың адам өтеді, қаншасы Қырғызстанға іс-сапармен, саудамен келеді, автобустар, жеңіл көліктер тынымсыз ағылып жатыр, іші адамға толы. Ендеше, қазақстандық Beelin еліміздің ақпараттық кеңістігін қорғауы қажет емес пе?  Мұнда бір түйткіл бар. Себебі, қырғыз бен қазаққа қызмет етуші бұл желілер өзара байланысты, атап айтқанда  – бір желі ғана. Яғни, мұнда сыбайластықтың ізі көрініп тұр. Бұл қалай болғаны –басыну ма, әлде, заңды белден басу ма? Бұл – қарақшылық!  Санап көріңіздер, бір адамнан екі жүз-үш жүз теңгеден алып қалғанның өзінде, күніне миллиондаған қаржы түседі екен. Осыны заң бойынша реттеп, жауапқа тартсақ, бұлай болмас еді. Қырғыз жағы өз қорғанысын жасап алған, ал қазақ жағы неге олай істемейді? Біздің азаматтар неге қорғансыз?»  дейді.

Жаны бар сөз. Мысалы, екі елдің шекарасынан өтерде әрбір зат үшін кедендік салық төлейсіз. Ал мына жағдайда ешбір кеденсіз-ақ қырғыз жерінде тұрып Қазақстанда жүрген азаматтардың қалтасына қол салып жатыр. Жалпы, Қырғызстан Республикасы аумағында ұялы байланысты 7 оператор қамтамасыз етеді: үшеуі – GSM , тағы үшеуі – СDMA, біреуі – NDMA  стандарты бойынша жұмыс істейді. Ал Ресей, Қазақстан, Өзбекстан туристері үшін қызмет көрсететін оператор «Megacom» деп аталады. Қазақстандағы «Beeline Қазақстан» компаниясының әріптесі. Қазақстандағы «Beeline Қазақстанның» клиенттері саны 2013 жылғы III тоқсанның қорытындысы бойынша 9 млн. асты. Міне, осы 9 млн абоненттің оннан бірі қарақшылық шабуылға ұшырады дегеннің өзінде, еліміздің электронды байланыс кеңістігі қорғалмауы себепті тонауға саңлау табылғанын көреміз.

Шекара тек жердегі сызықпен өлшенбесе керек. Оның суда да, ауада да өз «сызығы» бар. Ендеше ауадағы байланыс толқыны орғалуы тиіс! Сөйтіп, шекарадан басып кіріп, «ауадан ақша жасап» жатқандарды тоқтататын кез жетті. Оны Қазақстан үкіметі тез арада қолға алуы тиіс деп ойлаймыз.

Баяғыда қырғыздар қазаққа тиесілі газға «тыныштық» бермей қойғанда біз не істедік? Шекараны айналдырып газ құбырын салдық емес пе? Бұл да сол сияқты мәселе – Қазақстанжағы шегараны айналдыра қырғыз «билайнының» жиілігін басуы керек. Болмаса, Қазақстандағы онымен жиілігі сәйкес келетін «Beelinе» компаниясын «сыбайлас» деп танып, лицензиядан айырып, байланысты жауапкершілігін сезінетін, отандық ақпарат кеңістігін қорғайтын патриот компанияға табыстау қажет деп. Қазақтың әр теңгесі қазақтың өзіне: тамағына, киіміне, оқуына, кәсібіне қызмет етуі тиіс. Шашылып жатқан дүние жоқ!

Алматы-Қордай-Меркі-Алматы.

 Әбдірәшит Бәкірұлы

Қатысты Мақалалар