Жақып Мырзахан

/uploads/thumbnail/20170708151345482_small.jpg

Қазақ тарихы – ең алдымен тарыдай шашылған қазақтың тағыдыры. Оны жиып-теріп, ұрпақ кәдесіне жарату кезек күттірмейтін іс. Осыған дейін Қазақстан тарихы деп негізінен отаршыл империяның қолдан жасап берген тарихын оқыдық. Енді тәуелсіз елдің өзі жазған тәуелсіз тарихы керек. Ол үшін әлемдегі бар қазақтың мүмкіндігін пайдаланған жөн. Мысалы, қалт еткенді қағазға түсіріп отыратын көрші Қытай жұртында Алаштың қаншама тарихы жатыр. Егер біз қазақтың төл тарихын бұрмалаусыз жазамыз десек шетелдегі қазақ тарихшыларының да еңбектерін ескергеніміз жөн. Солардың бірі Қытайда тұратын атақты тарихшы Жақып Бірлікұлы. 

   

Әйгілі тарихшы, жазушы Жақып Бірлікұлы Мырзаханов 1940 жылы қыркүйекте Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Шыңжаң университеті тарих-география факультетінде оқыды. 1959 жылы Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң бөлімшесінің тарихи-зерттеу орталығына қызметке орналасты. 1960 жылдан 1981 жылға дейін ШҰАР ұлттарды зерттеу орнының ұлттар тарихын зерттеу бөлімінде қызмет атқарды. 1981 жылдан бері Шыңжаң қоғамдық Ғылым академиясында жұмыс істеп келеді. Жақып ғылыми-зерттеу ісі мен әдеби жасампаздықпен тең шұғылданып, екеуінен де көрнекті табысқа қол жеткізді. "Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы туралы", "Алаш қауымы туралы", "Қазақ шежіресінің тарихи жазба деректермен байланысы» сынды үлкенді-кішілі алпыстан аса ғылыми мақалалары жарияланды. "Жайлау гүлдері", "Туған жер махаббаты", "Текес даласында", "От жүрек", "Тағдырдың тартуы» сияқты отыздан аса әңгіме-очерктері, "Арман асуында", "Таңқурай" сияқты романдары, "Дала гүлі" атты әңгіме-очерктер жинағы, "Қазақ ұлты", "Тарихи-этнографиялық зерттеулер", "Қазақ халқы және оның салт-санасы", "Қазақтар" (қытай тілінде жарияланған), "Абылай хан", "Күшлік хан", "Ғасырлар қойнауынан" (ғылыми мақалалар жинағы), "Тағдырдың тартуы" (әңгімелер жинағы) сияқты он кітабы баспадан шыққан. "Арман асуында" – Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі 1949 жылдан кейінгі тұңғыш роман. Қытай тіліне де тұңғыш рет аударылған. Қоғамдық ғылым саласы бойынша мемлекеттік зерттеу жоспарындағы төрт томдық "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты үлкен ғылыми тақырыпқа жетекшілік етті. Төрт томға ортақ алғы сөз жазды. Осы көлемді кітаптың 1, 2- томдары Оқу-ағарту министрлігі жағынан 2-дәрежелі сыйлық алды. JK Қытай мемлекеттік жоспаынрдағы "Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер" атты көп томдық ірі аударма ғылыми тапсырмалық тобының бас жауапты хатшысы, "Қазақ мәдениетінің айдыны" атты бір томдық мемлекеттік ғылыми тақырыптың жауапты редакторы. Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шығып жатқан "Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар" атты желілес кітаптардың (жалпы 36 кітап) бас редакторы. 1998 жылы Қазақстан Ғылым министрлігі, ҚР Ғылым академиясы Ж.Мырзахановты қазақ тарихын зерттеу және мамандар тәрбиелеуге ерекше үлес қосқаны үшін Құрмет грамотасымен марапаттады. Бес кітабы мен қыруар ғылыми мақалалары, әңгіме-эсселері қытай тілінде жарық көрді. Жазушы, тарихшы Жақып Мырзаханұлының есімі мен ұлағатты еңбектері "Халықаралық әйгілі адамдар", "Жұңго аз ұлттарынан шыққан әйгілі адамдар", "Қазақстан әдебиеті энциклопедиясы", "Жұңго жазушылар сөздігі", "Жұңго тарих ғылымдары сөздігі", т.б. энциклопедиялық сөздіктерге енгізілді.

Қатысты Мақалалар