«Ақсарбас» киносын айрықша атап отырғанымыз, бұл фильм тек Қытайда ғана емес, қазақ киносының Отаны саналатын өз елімізде де көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Қит етсе қазақты масқаралауды әдетке айналдырған біздің кейбір режиссерлерімізге үлкен сабақ боларлық аталмыш фильмнің көрерменге берері көп. Киноға арқау болған оқиғалар қазақ мәдениетінің тереңдігін паш етіп, тектілік тегеурінін танытады. Шығармаларын қытай тілінде жазатын жазушы бола тұра қазақ халқының тарихи тағылымы мен фило¬софиясын киноның өн бойына сіңіріп жіберуі сценарий авторы Еркеш Құрманбекқызының жетістігі екендігі сөзсіз. Оның шығармалары Қытай жазушыларының жоғары бағасына ие болуының сыры да сонда жатса керек. Жазушының «Ертіс сыңғыры» атты тырнақ алды әңгімесі 1985 жылы Бейжіңде шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналында жарық көрген. Одан кейінгі бірнеше жылда «Ақсарбас», «Сағым сақинасы», «Көгілдір аспан көк теңіз», «Жомарт», «Алтын арна» сынды бірсыпыра әңгімелері «Таңдамалы әңгімелер журна¬лы», «Халық әдебиеті», «Батыс өңір үздік таңдамалы шалқымалары» сынды Қытайдың ең әйгілі басылымдарында жариялан¬ды. Жазушы қаламынан туындаған көркем шығармалар 2006 жылы бірінші кезекті Шыңжаң «Жас Жазушылар сыйлығына» ие болды. «Келмеске кеткен қарагер» атты әңгімелер жинағы 2008 жылы мемлекеттік 9 кезекті «Тұлпар» сыйлығына ие болды. Осыған орай оның шығармалары «Чаң жияң әдбиет-көркемөнері» санында Шыңжаңдағы бес мықты жазушының қатарында таныстырылған. Еркеш Құрманбекқызының шығармашылығындағы ең басты ерекшелік – қазақ өмірінің миллиардтар тілінде көркем образға айналуы десек, қателеспейміз. Осы күнге дейін жазушының әртүрлі мерзімді баспасөздерде жарияланған шағын әңгіме-повестерінен тыс, «Ақсарбас» , «Келмеске кеткен қарагер», «Сахарадағы Ұмай ана» атты үш жинағы жарық көрді. Еркеш Құрманбекқызының аударма саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Әсіресе, оның қазақ әдебиетін миллиардтар тілінде сөйлетуге қосқан үлесі айрықша. Айталық, Омарғазы Айтанұлының «Көкбөрі» өлеңдер жинағын, Жұмабай Біләлдің «Арулар», «Қорлы қайың» әңгімелер жинағын, Рақымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы», Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармаларын қытай тіліне аударып, аспан асты елінің қалың оқырмандарына тарту етті. Бұл – қазақ әдебиетінің жеңісі деп бағалауға тұрарлық дүние. Қытайдағы қазақ жастарының «Көктем келді, көп болды» альманағын құрастырып, қытай тіліне аударғанын да автордың өз аузынан естідік. Ал оның аудармасымен миллиардтар тілінде сөйлеп жатқан кішігірім мақала, әңгіме, повестердің саны тіпті көп. Шындығына келсек, шетел әдебиетінен қаншама шығармалар қазақ тіліне аударылып жатқанымен, қазақ тіліндегі шығармалардың өзге тілге сапалы аударылу жайы ақсап тұр. Тіпті жоқтың қасы. Бұл тұрғыдан қарағанда, мейлі, проза жанры болсын, мейлі, поэзия болсын Еркеш Құрманбекқызының алған асуы биік. Иә, өз халқының мәдениеті мен әдебиетін әспеттеудегі қаламгер қазақ қызының тыным¬сыз еңбегі талайға үлгі боларлық. Оның өмір жолы мен әсерлі әңгімелерінен ұққанымыз, ол ешқашан жоспарын жарияламайды. Тек нәтиже мен еңбекті ғана еліне ұсынады. Сол нәтижелі еңбектің тағы бір жемісі – жақында жарық көретін «Қара торғай» фильмі. Бүгінгі өмірді өзек еткен аталмыш кинода қарапайым қазақ баласының тағдыр-талайы бейнеленбек. Ең бастысы, «Ақсарбас» сынды айтулы фильмнің сценарийін жазған Еркеш Құрманбекқызы қазақ киносының қоржынын тағы бір сәтті туындымен толтырмақ. Миллиардтарды Алаш баласының болмысына тәнті еткен қазақ қызына тек қана ақжол тілейміз!