Мақсат Кәдірханұлы

/uploads/thumbnail/20170708151346262_small.jpg
Мақсат Кәдірханұлының есімі де, өзегеше дауысы да Қытайдағы қазақтарға етене таныс. Тіпті Мәкең түсірген «Көрікті мекен» фильмін көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барған сапарында, Мәкеңмен арнайы кезігіп, әңгіме-дүкен құрған екен. Біз танымал режиссердің өмір жолына көз жүгіртіп көрдік.

Мақсат Кәдірхан Қазақстан көрермендеріне «Көрікті мекен» және «Бөрі соқпақты боз дала» фильмдері арқылы таныс. Ол – Үрімшідегі Тянь-Шань кино студиясы директорының орынбасары, мемлекеттік І дәрежелі режиссер, «Гүлбике» фильмінің көркемдік жетекшісі, продюссері. Мақсат Кәдірханұлы – Алтайдың Бурылтоғай ауданы, Жетарал ауылының Сартақтай деген жерінде 1954 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Мәкең алғашқы жұмысын 1974 жылы Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесінде актер, әнші болып бастайды. Дауысының ешкімге ұқсамайтын дара қасиетінің арқасында ол 1976 жылы Шыңжаң «Тиянь-Шан» киностудиясына арнайы дубляж жасаушы болып қызметке орналасады. Сонымен қатар 1978 жылға дейін Шыңжаң университетінде радио-дикторлық мамандығын оқиды. Кәсіби білім мен шынайы талантын әйгілей білген Мәкең 1995 жылға дейін тапжылмастан «Тянь-Шан» кино студиясында аударма бөлімінің бастығы болып міндетін өтеді. Біз жоғарыда атаған «Көрікті мекен» фильмі – Мәкеңнің бір ғана еңбегі. Аталмыш фильм әлемнің 27 мемлекетінде көрсетіліпті. «Тянь-Шань» киностудиясының директоры Жан И Ганның айтуы бойынша, 2006 жылы Қытай басшысы Ху Цзинь Тао Америкаға барған сапарында Қытайдың таңдаулы 4 фильмін ала барыпты. Соның бірі осы «Көрікті мекен» болған екен. Мақсат Кәдірханұлы осы күнге дейін 500-ге жуық киноға дыбыс режиссеры болды әрі көптеген шетел киноларының басты рөлдегі кейіпкерлерін сазды дауысымен қазақша сөйлетті. Мәкең режиссерлік еткен "Юелияңуандағы күлкі" киносы 1985 жылы Шыңжаңдағы аз санды ұлттардың таңдаулы фильм сыйлығын, «Байсы көтерілісі» киносы 1995 жылы Шыңжаң аударма кинолары арасындағы «Арындаған айдаһар» сыйлығын еншілеген. Сонымен қатар 2-дәрежелі "Перизат" сыйлығын, "Тұлпар" сыйлығын, Шыңжаңның "Бес бір инженерия" сыйлығын жеңіп алған "Сахарадағы Дәнеш" фильмінде Мақсат Кәдірханұлы фильм меңгерушісі, бас бақылаушы, ақылшы әрі кино өзегінің басты әнін орындаушы сияқты бірнеше міндетті қатар атқарды. Мәкең Шыңжаңдағы атақты 8 кино маманының бірі. Ол тек кино саласымен ғана айналысып қалмай, көркем әдебиеттің де белді қаламгеріне айналды, сахна жаңғыртар әндерді де жазды.

Қатысты Мақалалар