ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ АРТЫНДА ЖЫМЫСҚЫ САЯСАТ ТҰРУЫ МҮМКІН

/uploads/thumbnail/20170708215041459_small.jpg

Дағдарыс ел бюджетін қос бүйірден қысқанда Қазақстан билігі қазына қоржынын толтырудың мұнай сатудан басқа да жолдарын қарастыра бастады. Шетелден инвестиция тарту мүмкіндігі ғаламдық дағдарыс жағдайында жоққа тең екенін ойлаған үкімет мемлекет меншігіндегі нысандарды саудаға шығарып, бюджетке жан бітіруді ойлап отыр.

Дағдарыс кезінде кез келген дүниенің құны түсетіні белгілі. Соған сай, Қазақстанда сатылатын активтердің де құны бұған дейінгі нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болмақ. Осы ретте биліктің жекешелендіру саясатын қалтасының қамын ойлаған қаржылық топтар пайдаланып кетпей ме деген ой келеді. Тіпті, мемлекет есебінен пайда табуды көздейтіндер сол билік басындағылардың да арасында жоқ деп айта алмайсыз.

Мемлекет меншігінде болып келген нысандар қазір сатылса теңгемен сатылады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та қазіргі күні сатылатын активтердің баланстық құны мен нарықтық бағасының сәйкес келмейтінін айтқан болатын. Теңгенің құнын Үкімет пен Ұлттық банк екі жақтап жүріп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тілеуіне орай қандай деңгейге дейін құнсыздандырғаны тағы белгілі. Енді билікке сөзін жүргізіп отырған сол кәсіпкерлер мына жекешелендіру деген науқанның да артында тұрған жоқ па? Алып кәсіпорындар мен ірі компанияларды сабан ақшаға айналып кеткен құнсыз теңгеге сатып алуға қай кәсіпкер болса да құлықсыздық танытпас. Жер астындағы қазба байлықтан қыруар қаржы тауып, мүмкіндік болса тағы да қармап қалуға әзір отырған Машкевич, Шодиев, Алимжанов, Ким, Миттал сияқты олигархтардың да бұл науқан оң жамбасына келері анық.

Мемлекет қиын сәтте құнын төмендетіп сатқан нысандарды алған компаниялар жағдайын жасап алған соң, ол кәсіпорындарды не банкротқа ұшыратып, не мемлекеттің өзіне нарықтық қымбат бағамен сатып кеткен жағдайлар аз емес. Бір ғана Алматыдағы энегргия кешенін бельгиялық «Трактабель С.А.» компаниясына сатқан биліктің кейін мемлекетті қыруар шығынға батырғанын ешкім ұмыта қоймаған болар. 1997 жылы бұл компания Қазақстан Үкіметіндегі байланыстарын пайдаланып бас қаланың энергокешенінің біраз бөлігін сатып алды. Шетелдік «инвесторлар» энергокешен үшін бар болғаны 7 миллион доллар ғана жұмсаған. Ал, сол кезде бір ғана Алматының 2 ЖЭО-сы 500 миллион долларға бағаланған еді. кейін 2000 жылы банкротқа ұшыраудың алдында тұрған кешенді мемлекет әлгі «Трактабельден» қайта сатып алды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Үкімет сатылымға шығарып отырған активтердің ішінде мұнай өңдеу зауыттары, әуежайлар, тіпті, ғылыми-зерттеу институттары мен «Қазгеология» сынды геологиялық зерттеу институтына дейін жүр. Бұлардың мемлекет үшін маңызы жоғары стратегиялық нысандар екенін айтып жату артық болар. Геологиялық зерттеулеп, пайдалы қазбалар қорының көлемін анықтау бірінші кезекте жеке бизнестің емес, мемлекеттің мүддесі үшін керек жұмыс емес пе? Бүгін ғылым мен білім мекемелерін ұстауға қаржы таппаған үкімет заман түзелгенде сол институттарға зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қайтадан мемлекеттік тапсырыс береді. Сол кезде жеке қолға өткен ол ғылыми-зерттеу мекемелері көрсететін қызметтері үшін қай шамада қаржы сұрайтынын ішіңіз сезіп отырған болар.

Жомарт Абдоллаұлы

 

 

 

Қатысты Мақалалар