МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНАН ҚЫСҚАРТЫЛҒАН ҚАРЖЫ ҚАЙ ЖЫРТЫҚТЫ ЖАБАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170708215205601_small.jpg

Дағдарыс сылтау болды. Негізді, негізсіз себептермен түрлі салаларда қысқарту жүріп жатыр. Бұл дағдарыс қаржы дағдарысы болғандықтан ең алдымен сол қаржы секторындағы жұмысты жүйелеу, тиімді тетіктерді қарастырып, біліксіз менеджерлер мен пайдасыз кәсіпорындардан арылу керек емес пе еді? Бірақ, біздің билік олай істемеді. Қашанғы «Шаш ал десе, бас алатын» әдетіне салып, белден басты. Сөйтіп, руханият саласына да ауыз салып, осы бағытқа бөлінетін бюджет қаржысын қысқартып отыр.

Мәдениет және спорт министрлігі биылғы жылғы бюджетінің 2015 жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға қысқарғанын айтып отыр. Соған сай ведомство шығындарын оңтайландырып, қомақты қаржыны талап ететін жобаларды кейінге қалдырып отыр.

2016-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетте министрліктің жалпы бюджеті 56 522 миллион теңге деп көрсетілген. Сондай-ақ, жылда дәстүрлі түрде аталып өтіп келген бірқатар мәдени іс-шараларды қаржыландыруға республикалық бюджеттік комиссия рұқсат бермей қойған. Жылда өтіп жүрген түрлі музыкалық байқаулап, фестивальдар мен жобалар биыл өтпейтін болған.

Бұдан басқа елбасы тапсырмасымен киноөндірісіне бөлінетін қаражат та 31 пайызға қысқарған. Отандық кино саласына 2016 жылға 2 027 миллион теңге бөлініп отыр. Министрліктің хабарлауынша, «Ұлттық фильмдер шығару» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат тек алдыңғы жылдары басталып қойған фильмдердің өндірісін аяқтауға ғана жететін көрінеді. Бұл фильмдерге көрерменге жол тартуы тиіс 8 көркем фильм мен бір анимациялық туынды кіріп отыр.

«Оңтайландыру» деген оғаш бастама мәдени-көпшілік, қоғамдық-саяси шаралар мен ғылыми-археологиялық зерттеулерді де айналып өтпеген. Алдағы жылдары тарихи-мәдени қорық-музейлер жанынан визит-орталықтар құрылысын жүргізуге де қаржыландыру тоқтатылған.

Министрлік білек сыбанып атап өтетін, мемлекет қаржысы бағытталатын бір ғана мемлекеттік мереке қалған. Ол – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. «Қазір той тойлайтын уақыт емес» деп жаттанды әдетпен, бұл мейрамды да қысқартуға ұшыратып жіберсе қайтер едік? Ондай абыройсыздықтан құдай сақтады, әйтеуір. Қазақтың бас мерекесінің аясында ел көлемінде министрлік 30 шақты әлеуметтік маңызды жобалар мен мәдени іс-шараларды жүзеге асырмақ. Атап айтқанда, мерекеге той сипатын сыйлайтын әдеттегідей концерттер, фестивальдар, түрлі байқаулар, көрмелер мен форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер мен флешмобтарғ спорттық іс шаралар мерекенің көркін келтіреді дейді министрлік. Осы іс-шаралардың ішінде драма театрларырының республикалық фестивалін, «Тәуелсіздікке толғау», «Елім менің» республикалық байқауларын, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін, Шәмші әндерінің байқауы, опера әншілерінің байқауы сынды республикалық және халықаралық деңгейде атап өтілетін көлемді шаралар да бар. Астанадағы салтанатты жиын мен мерекелік концерт қорытындылайтын бас мерекені атап өтуге 35,6 миллион теңге бөлінген. Министрлік бұл қаражат мерекені лайықты деңгейде атап өтуге жеткілікті деп отыр.

Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, Ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы бастаған қазақ ұлтының талайлы тарихындағы елеулі оқиғалар биліктің «үнемдеу» саясатының құрбаны болып отыр. «Қарқынды дамудың даңғыл жолына түстік» деп ұрандатқыш мемлекет басшылығы қаржылық дағдарысты сылтауратып, бұл атаулы даталарды ескерусіз аттап өтпек. Алайда, осы уақыта дейін онсыз да «қалдық» қағидасымен қаржыландырылып келген рухани саладан жырып алынған аз ғана қаражат біліксіз биліктің қай қателігін жабуға жетерін солардың өздері білер ме екен?

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар