Кез келген қоғам еркін ақпарат алуға құқылы, ал, ақпараттық кеңістікте телеарнаның арқалаған жүгі ауыр. Кеңес заманында радио, телевидение бүтін бір ұлттың тәрбие құралы болды. Ал, бүгінгі медиа кеңістікті осы ауыр жүкті абыроймен арқалап жүр дей аламыз ба? Сараптамадан гөрі ойын сауықты, ақпараттан гөрі шоуға құмар бүгінгі телеарналарды заман көшіне ілесе алып жүр деуге бола ма? Күнделікті сериалдар мен әртістердің әзіліне қарық болған көрерменге қарап журналистика жүгінің тым жеңілденіп бара жатқанына қамығамыз.
Телеарналар көрермен көзайымы болудан қала бастаған тұста әлеуметтік желілер ағартушылық жұмыстарға кірісіп кетті. Бүгінгі таңда қоғамда интернет кеңістік алдыңғы орынға шығып отыр. Әрине, мұнымен телевидениенің, газеттің, радионың әлеуеті тіптен түсіп кетті деуге келмейтін шығар. Десек те, интернеттің ақпарат кеңістігінде алдыңғы орынға шыққанын ешкім жоққа шығара алмас. Бүгінгі ұрпақты интернет тәрбиелеп отыр. Керек десеңіз, жастар көретін бағдарламасын да, киносын да, басқасын да ғаламтордан көретін заман жетті. Ал, соңғы кезде осы экраннан берілетін хабарларға «салмақтысы жоқ, кілең шоу» деп ондағы сапаның көңіл көншітпейтіндігін айтып көңілтолмаушылық білдіріп жүргендердің қарасы көп. Көңіліміз толмайтыны да сол, кез келген телеарнаны қосып қалсаңыз, әнші мен әртістің жүргізетін қаптаған шоу бағдарламалары мен мағынасыз әзілдері. Салмақты, сараптамалық, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты қызу пікірталастарға негізделген бағдарламаларды табу қиын. Ал, телеарнадағылардың мақсаты неғұрлым көп рейтинг жинап отандық арналардың көшбасында тұру. Қоғамдық-саяси мәселелерді талқылай беру көрерменді жалықтырады деген пікірлер де жоқ емес. Соған қарап отырып бүгінгі көрерменнің де талғамы төмендеп кеткенін көресіз. Таным-түсінігі, интеллектісі кері кетіп бара жатқан жоқ па деген теріс ойға қалатынымыз шындық. Ал, енді соңғы кезде, керісінше, әлеуметтік желілерді қолданушылар арасында қоғамдық маңызы бар мәселелер туралы толғамды ойлар талқыланып жатады. Мысалы, «Facebook», «Twitter», «Instagram» әлеуметтік желілерінде телеарнаға қарағанда пікірлердің талқылануы жоғары деңгейде. Арнайы бағдарламаларда көтерілуі тиіс мәселелер виртуалды кеңістікте талқыланып жатады. Шіркін, әлеуметтік желілерде талас тудырып талқыланатын тақырыптар телеэкранда арнайы бағдарламаларда көтерілсе ғой деп ойлайтынымыз бар.
Нұрсила СОВЕТҚАЗЫ, ақын:
– Төртінші билік – тәуелсіздік кепілі.Әрбір мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүргізетін БАҚ екенін бәріміз де жақсы білеміз. Тіпті, мемлекеттің қауіпсіздігіне де БАҚ-тың әсері өте үлкен екенін саясаткерлер айтып жатады. Дегенмен, Қазақстанда осы құралдар қалай жұмыс атқарып жатыр және болашақ мемлекеттің дамуына қандай үлес қосып жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Газет-журналдардың көбі – Ресейдікі. Телеарналарға келетін болсақ, тұщымды ештеңе көрсете алмай келе жатқаны ащы болса да шындық. Олай дейтінім, қай арнаны қосып қалсаңыз да арзанқол дарақы қалжың мен әншілердің шала сауатты жүргізушілігімен өтіп жатқан шоулар. Әнші – ән айтуы керек шығар. Олардың телеарнада жүргізуші болуы да үлкен интелектіні қажет ететін жағдай.
«Қайғылы қартаң біздей шал,
Қарай берсең қайда жоқ,
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ», – деген Абай хакімнің өлең жолдары еріксіз ойыңызға келеді, осы көріністерден кейін. Қазақтың жүріс-тұрысы, тұрмыс- тіршілігі, ішкен-жеген тамағына дейін мазақ ететін шоусымақтардың қаптап кеткені, елдің рухани жағынан дағдарысқа түскендігінің көрсеткіші емес пе? Екіншіден, дарақы, даңғаза, даңғой адамдар теледидардағы көптеген шоуларға қатысып, аузына келгенін сөйлеп кетіп жатқаны, біздің осы бағыттағы мәдениетіміздің бір көрінісі іспеттес болып көрінеді маған. Саяси-сараптамалық бағдарламаларда бос кеңістік қана. Оның орнын басқа елдің бағдарламасы басып алса, онда бүкіл ішкі саясат та мемлекеттікі болып кететінін ел басқарып отырған адамдар жақсы біледі. Олай болса, осы төрт аяғынан бірдей ақсап жатқан телеарналардың бірін-бірі қайталап жатқан бағдарламаларын жауып, қажет болса, телеарнаның өзін де жауып тастаған дұрыс шығар.Ұлттық идея, мемлекеттік тіл, тағы да басқа көкейкесті мәселелер көбінесе әлеуметтік желілерде ғана сарапталып жатқаны ненің көрсеткіші екені бесенеден белгілі. Сондықтан, ойланатын уақыт жеткен сияқты. Әлемдегі көптеген дүрбелеңдер әлеуметтік желі арқылы жүріп жатқанын біздің сарапшылар білмейді емес, біледі.
Мұхтар ШЕРІМ, сатирик, қазақ блогшысы:
– Шындықты шырылдап тұрып айтар болсақ, еліміздегі телеарналарды «әншілер елесі» кезіп жүр. Олай дейтініміз, сахна жұлдызы болғанымен, эфир жұлдызына айнала алмайтын әншілер ә дегеннен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» бола алмады. Қатты айтсам, кешірерсіздер, мұның өзі «Ит жоқта шошқа үредінің» кері болып тұр. Сөздің өзін «сорпалатып жіберетін» әншілер мен әртістер қай бағдарламаның рейтінгісін жалаулатып көтеріп әкетті?
Бір мезгіл көк жәшікке телміріп, тебіреніп тыңдайтын не қалды бүгінде? Бесіктен белі шықпай жатып, «жұлдыз» бола қалғысы келетін жастар жаулап алды бұл экранды. Иә, оған дау бар ма, жастар бағдарламалары, ток-шоулар керек те шығар, бірақ, «бояушы, бояушы дегенге сақалын да бояп жіберіпті» дегендей, телеарна кеңістігін тек жастарға арнай салу әділетсіздік қой! Екінің бірі «әнші». Сол шіркіндер экраннан өздерін көріп отырып, дауыстарының жоқтығына, ән мәтіндерінің сапасыз екенін біліп, мағынасына келсек, жастар тілімен айтқанда, «қуып» кеткендеріне ұялмай ма екен? «Шіркін-ай...» дейсің осындайда, баяғы Сағат Әшімбаев, Бейбіт Құсанбаевтар жүргізген бағдарламалар қайда? Мән-мағынасы жоқ, әйтеуір рейтинг жинау мақсатында көрсетіліп жатқан мүгедек жобалар. Есесіне әлеуметтік желілерде, әсіресе, «фейсбукте» өткір ойлар, зымыраннан да ұшқыр жазбалар көп. Айтпақшы, телеарналардан «КВН» әзілкештері түспейтін болды. Салмақты сатираны түсінбейтіндеріне қынжылмайды да. Аузына келгендерін лақ еткізе салады. Оларынан жиіркенбейді де. Сахнада тұрып алып айқайлайды келіп. Алғашқы кезде осы «КВН» дегеніңіз қызықтау болғаны рас. Қазір «бұзықтау» болып барады. Көргенсіз болып. Сонда деймін-ау, телеарна басшылары қандай «тәрбиесі» үшін қызыға қалды екен? «Жылайын десем, көзімнен жас шықпайды, өтірік жылайын десем, жұрт сенбейді» демекші, қазіргі телеарналардан байыпты, салмақты, ой салып, көңіл көкжиегіңді кеңейтетін бағдарламаларды итпен іздеп таба алмайсың.
Әйгерім ӘЛІМЖАН, ұстаз:
– Әлеуметтік желі – бүгінгі қоғамның бет-бейнесін танытып отыр десек, қателеспейміз. Телеарналардағы шоу, КВН ешқайсысына өкпем жоқ. Халық үшін олар да қажет. Егер бүкіл қазақстандықтар жүз пайыз интернетпен қамтылса, онда керек емес деп біржақты айтуға болатын еді. Әзірге олай деуге хақымыз жоқ. Жалпы, әлеуметтік желі – ортақ пікірлерді қалыптастыратын, қоғамға ой салатын орта болса, телеарналар сол ойларды дамытатын, мәселе шешімін айқындап беруге күш салуы керек. Сонда байланыс та, көзқарас та өзгерер еді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі ақпараттарға қатты сеніп, ілесіп кетуге де болмайды. Кейде дерек көздерді тексерместен, айтылған ойға қосылып бір-бірін қолдап жатқандарды да көріп жүрміз. Сондықтан, кез келген ақпараттың анық, айқын болғаны жөн. Мысалы, Гонконгта болғанымда, онда жастар әлеуметтік желіде билік, саясат туралы мүлде сөз қозғамайды, керісінше, өз білімдерін, ізденістерін өз блогтарында жазады да, сілтемесін ғана әлеуметтік желіде беріп отыратынын байқадым. Бұл бір жағынан, адамның уақытын да алмайды, екінші жағынан, ұнаған адам ғана кіріп оқиды, пікірін қалдырады.
Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, фототілші:
– Қазір телеарнада кәсіби журналистердін қосыны қалыптаспаған. Әлеуметтік мәселелердің жілігін шағып, майын ішетін, зерттеу материалдарын дайындайтын журналистер, әрине, бар. Ондай бағдарламалар да болған. Алайда, соңғы кездері халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін тақырыптарға жоғары жақтан тұсау салынып жатқан секілді. Екінші жағынан, телеарнада ондай мәселені көтергенмен де көрермен тарапынан пікір білдіріп, талқыға салатын мүмкіндік жоқ. Көресің де қоясың. Ал, әлеуметтік желінің әлеуеті жоғарылап келеді. Ешкім шектеу қоя алмайды. Сондықтан, еркін пікірсайыс ортасына айналып отыр.
Автор: Сауалнаманы дайындаған Гүлнұр ХОЖАНОВА
Пікір қалдыру