Періштем жебеді

/uploads/thumbnail/20170709063847106_small.jpg

Әр пенденiң қиын сәтте қол ұшын созып демеу беретiн, тiптi өмiрiн де құтқарып қалатын перiштесi болады екен. Сондай бiр тылсым күш менi де ажал аузынан аман алып қалған болатын.

Ол кезде мен бозбала жас кезім. Таңертең тұрсам «Көрші селода қызмет істейтін әпкең алып кетіңдер деп қоңырау шалды, сен сол әпкеңді үйге алып кел», - дейді анам. Мен жаныма жолдасымды ертіп жеңіл машинаммен жолға шығып кеттім. Аталмыш село Есіл өзенінің арғы бетінде орналасқан және ол селоға Есіл өзені арқылы салынған көпір арқылы ғана өтесің. Аталмыш көпірден өтіп келе жатсам мені бір МАИ-ның қызметкері тоқтатты. Ол машинамды әрі тексеріп, бері тексеріп, ешқандай мін таба алмаған соң жіберді. Әпкеме келсем ол үйге кетуге буынып-түйініп дайын отыр екен, біз іле қайта жолға шықтық.

Селодан шыға бере әпкеме «мына көпірдің үстінде МАИ қызметкерлері тұр, көпірді айналып өтетін жол бар ма?», - деп сұрап едім «иә, бар, бірақ ол тас төселмеген жер жол» деді. Содан тас жолдан түсіп, жер жолмен жүріп келемін. Жол жап-жақсы сияқты еді, біртіндеп ескіре бастады. «Мына жол көптен жүрілмеген ғой» деп ойласам да, ілгері жүре бердім. Ары қарай жолдың нобайы бар, бірақ жол үстінде жүрілген техниканың іздері жоқ, жолды шөп басып кетіпті. Дегенмен жол әлі жақсарып кетер деген үмітпен ары қарай жүре бердім. Күн қызарып көкжиекке батып бара жатты.

Бiр кезде құлағыма бiреу «тоқта, тоқта» деп сыбырлап жатқандай болды. Бiрақ, көз алдымда ештеңе көрiнбейдi. Машинамды тоқтатып жолдасыма «жолды барлап алайық» дедім. Екеуміз машинадан түсіп, төрт адым алға жүріп сілейіп тұрып қалдық, себебі алдымызда терең шыңырау құз жатты, екеуміз бір-бірімізге қарадық. Егер машинаны тоқтатпағанда, машинамен шыңырауға кетер ме едік.

«Аллаға шүкір» деп, кері бұрылып қайтадан тас жолға түстім. Бұл жолы МАИ қызметкерлері бізді тоқтатқан жоқ. Артынан Анама жолдағы уақиғаны айтып едім «Періштең ажалдан сақтаған ғой сені» дегені.

Қазiр ойласам, әлдебiр тылсым құлағыма сыбырлап, тоқтатпаса, не болар еді... Осы оқиғадан кейiн адамды тiл-көзден, оқыс жағдайдан сақтап жүретiн тылсым күштiң барына көз жеткiздiм.

Менiңше, ол – перiште. Алла перiштенi адамға бас-көз болу үшiн жiберген дейдi. Сол перiште адамды өмiр бойы қорғап, қажет жағдайда өлiмнен құтқарады екен. Бізді қатерден перiштем аман алып қалды деп ойлаймын. 

Ерсін Ерғалиев

Связанные Статьи