Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шешен Республикасының ең жоғары Мемлекеттік «Къоман сий» («Честь нации») орденінің, Ресейдің «Сергей Есенин» алтын медалінің иегері, ақын әрі жазушы Рафаэль Ниязбектің «Тауқымет» кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді, -деп хабарлайды Qamshy.kz.
Кітап авторы бірнеше лауазымды қызметтерді атқарып, ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған Асанбай Асқаровтың азаматтық болмысы мен асқақ рухын, өжет мінезін суреттеуді мақсат тұтқан. Тағдыр-талайы талқыға түскен Асанбай Асқаров қазақ республикасына ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі ірі тұлғалардың бірі әрі бірегейі еді. Осындай халқы сүйген азамат өмірінің соңғы кезеңінде жалаға ұшырап, темірторға қамалып, тексіздердің тепкісінің астында күн кешіп, адам төзгісіз азап шеккен-ді. Сондықтан автор туындысының атауын «Тауқымет» деп атаған. Тау тұлғалы асыл азаматтың бейнесі ақын әрі жазушы Р.Ниязбектің «Тауқымет» романында, «Тамұқ отына жанбаған» поэмасында және басқа да өлеңдерінде кеңінен орын алған.
Кітап тұсаукесері 15 қыркүйек күні сағат 11.00-де Алматы қаласындағы М.Әуезов әдеби-мемориалдық музей-үйінің мәжіліс залында өтеді (Төлебаев к-сі, 185 үй).
Оставить комментарий