Банктер несиесін үзбей төлейтіндерден жаңа бағаммен төлем қабылдап келген

/uploads/thumbnail/20170709070426931_small.jpg

Мәжіліс депутатының айтуынша, екінші деңгейлі банктер несие төлеушілерге қатысты қитұрқылықтарға барып отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова  осымен бірнеше рет Ұлттық Банктың төрағасына сауал  жолдады. Сауалдың мәнісі мынаған саяды: Үкімет доллардың қымбаттауына байланысты онымен алған кредиттері шарықтап кетпеу үшін несие алушылардың қарызын «қайта есептеу» (рефинансирование) мақсатымен 130 млрд. теңге қаражат бөлген еді. Осыны екінші деңгейдегі банктер әділетсіз пайдаланып жатқан көрінеді. Атап айтқанда 3 айдан артық қарызы барлардың төлемдеріне олар 1 доллардың 180 теңгелік бұрынғы курсын, ал қарызын үзбей төлеп келе жатқандарға келгенде 1 доллардың 350 теңгелік бүгінгі курсын қолданатын көрінеді. Демек, теңгеге айналдырғанда 1000 долларлық қарызы болып, оның қарыздарын  3 айдан артық төлемегендердің мойнына 180 мың теңге ілінсе, үзбей төлеп келе жатқандардың 1000 долларлық қарызы 350 мың теңгеге көбейіпті. Ал үкімет бөлген жоғарыда айтылған қаражат осы курстармен анықталған қарыз сомаларын азайтуға жұмсалады.

«Мәссаған безгелдек» деген осындайда айтылатын шығар. Әрине, бұл банктердің құйтырқы әрекеті. Өйткені, бұрыннан қарыз болып келе жатқандар төлей қоймас деп оларға 180 теңгелік курсты қолданған, ал үзбей төлейтіндер ешқайда қашпайды, мұны да төлесін деп 350 теңгелік курсты қолданады екен. Сөйтіп, көнбістерге келгенде «бұға бергенге сұға берген» болыпты. Депутат осыны әділетсіз көріп, барлық қарызгерлерге де 180 теңгелік курсты қолдану керек дейді. Ұлттық банк соны ескерсе игі...

Қ. Атамбаев

эксперт  

Связанные Статьи