• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:07:39
Алматы
+35°

20 Қаңтар, 2018 Ғылым-білім

Қазақстандағы құпияға толы тылсым жерлер

Менің шатырымның жанында от шашуларды көрдім, қараңғыда ыңырсыған дыбыстарды естідім. Тіпті, баланың жылаған даусын есіткендей болдым.

Өмірде тілмен айтып жеткізе алмайтын, ақылға сыймайтын мистикалық оқиғалар болып тұрады. Бүгін сондай жағдайлар жиі байқалатын тылсым жерлер туралы айтпақпыз.

Қазақстандағы тылсым жерлер тізімі сіз ойлағаннан да көп. Бірі ел аузындағы аңыз арқылы танылса, енді бірі адам көзі көрген нақты оқиғалардан белгілі.

Үңгіртас

үңгіртас

Ұзынағаш аулынан батысқа қарай 34 шақырымдай жерде, Қастек өзенінің жағалауында орналасқан бұл аймақ  «жер кіндігі» деген атауымен халық арасында белгілі. Қасиетті, шипалы жер саналатын  Үңгіртас  түрлі ауру-сырқауды емдеуге, тілектердің орындалуына әсер етеді-міс.

Аңыз бойынша, бұл шатқалда әйгілі мұсылман ғұламасы, Исламдағы сопылық бағыттың негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи өзінің қалған ғұмырын өткізген. Мұнда биоэнергетикамен айналысатын адамдар да, жерден қуат алуға құлшынған туристер де әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келеді.

Адамдардың көпшілігі бас ауруынан, бел-омыртқа дертінен, көз тиюден емделу үшін Үңгіртастың әртүрлі тастарына барып, өз ағзаларын тазартады. Әр тас өзінше бөлек қызмет атқарады, тіпті, қарғысты қайтаратын тас бар екен.

Үңгіртасқа келушілердің көбі дін ұстанған, Құдай жолына құлай берілген. Алайда, бір қызығы, олардың қандай дін ұстанатыны маңызды емес. Әйтеуір білетін дұғаларыңды оқып, шын ниетпен тілек тілесең болғаны.

Өлікөл

Талдықорғанда орналасқан бұл кішігірім көлдің суы қысы-жазы мұздай суық болып тұрады. Қазақстандағы басқа су қоймаларынан сонысымен ерекшеленеді. Көлде балық жоқ. Тіпті, балдырлар да өспейді, су жәндіктері мекендемейді. Су түбінен бөлінген улы газ барлық тірі ағзаны қырып жіберетін көрінеді.

Оның басты құпиясы – суда жүзу, су астына сүңгу мүмкін емес. Тіпті,  газ балонымен суға түскен адам да су астында бес минуттан артық тұра алмай, белгісіз себеппен тұншығады. Одан қалса, судан шығу үшін де бірнеше адамның көмегі қажет болады.

Жыл сайын адамдар көлге батып кетіп жатады. Олардың көбі – туристер, жергілікті тұрғындар бұл жерге жолай бермейді. Суға батып кеткендердің денесі су бетіне қалқып шықпай, көл түбінде тікесінен-тік тұрып қалады екен.

мертвое

өлі көл

                                                  

Қиын Керіш алқабы

Шығыс Қазақстанда орналасқан алқап сырт көзге Марс ғаламшарына ұқсас. Алыстан қарағанда жартастар қызыл жалынға оранғандай көрінеді. Ерте кездері бұл жерде арий тайпалары адамдарды құрбандыққа шалған. 

«Осы алқапқа жолым түсіп, бір түн түнемек болдым. Менің шатырымның жанында отшашуларды көрдім, қараңғыда ыңырсыған дыбыстарды естідім. Тіпті, баланың жылаған даусын құлағым шалғандай болды. Ертеңінде осы жердің тұрғындары мұндай түсініксіз жағдайлар жиі болып тұратынын айтты. Бұл жерде түнегендердің көпшілігі естерінен алжаса жаздаған екен. Мүмкін түні бойы дұға жасағаным мені құтқарған шығар», – дейді зерттеуші Сабыр Ниязбеков.

қиын

Аққұм-Қалқан

«Әнші тау» – Алтын-Емел саябағында орналасқан құмды төбе. Ұзындығы үш шақырымға, биіктігі 200 метрге жететін әнші тау Қазақстандағы мистикалық жерлердің үздік үштігіне кіреді. Оның себебі де жоқ емес. Әнші таудан шығатын дыбыс біреше шақырымға дейін естіледі. Бұл дыбыс гүріл тәріздес әрі жердегі тербелісті тудырады және ауа-райына байланысты өзгеріп отырады. Жел соққанда әнші таудан жылаған дауыс естіледі. Жергілікті тұрғындар арасында таралған аңыз бойынша, дәл осы жерде атақты Шынғыс ханның денесінің қалдығы жатыр. Ал басқа аңыздарға сүйенсек, бұл жерде шайтанның өзі Құдайдың қаһарынан қорқып, жасырынып қалған.

әнші тау

Көккөл мен Шайтанкөл

Жамбыл облысында орналасқан Көккөлге ешқандай өзен құймайды. Соның өзінде  көлдің суы үнемі жаңарып, тап-таза болып тұрады. Гидрологтар су асты үңгірлері болуы мүмкін деп болжайды. Алайда көлді толығымен зерттеуге мүмкіндік жоқ. Себебі Көккөлдің кейбір жерлері түпсіз терең.

Кейде өздігінен иірімдер пайда болады. Олар су бетінде жүзіп жүрген майда заттарды өзіне тартып алады екен. Аңызға сенсек, бұл көлде су айдаһары өмір сүреді. Ең қызығы, дәл осы су жануарын өлкетанушы А. Печерский өз көзімен көргенін айтқан. Оның ұзындығы 15 метрге жететін жылан іспеттес екенін, құбыжықтың көлде қонатын, көлден су ішетін жануарлармен қоректенентінін жеткізген.

көк кол

Шайтанкөл Қарқаралы таулары маңында орналасқан. Көлдің өзі кішігірім,  ұзындығы – бар-жоғы 60 метр, ені – 40 метр. Бұл көлге саяхат жасағандардың көпшілігі түсініксіз жайттарды бастан өткергенін айтады. Неше түрлі мистикалық аңыздарға бола туристер осы өңірге үлкен қызығушылықпен келеді. Аңыз бойынша, Шайтанкөлде бір-бірін сүйген, алайда қосыла алмай арманда кеткен екі ғашық суға батып өлген.     

шайтан көл                                

Қызылқұм шөлі

Қызылқұм шөлі Сырдария мен Әмудария өзендерінің арасында орналасқан. Ғалымдарды Орталық Қызылқұмда табылған жартастағы суреттер қызықтырып отыр. Онда скафандр киген адамдар мен ғарыш кемесіне ұқсайтын бейнелер салынған. Әлі күнге дейін суреттердің шығу тегі зерттелмеген.

Сонымен бірге Қызылқұмда Беймәлім ұшатын нысанды жиі кездестіруге болады.

2000 жылы автоматты камера осы аймақта ұшып бара жатқан нысанды түсіріп алған. Алайда оның шын не жалған фото екені дәлелденбеген.

кызыл

кызыл

Үстірт шоқысы

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан бұл тылсым жердің аумағы – 200 мың шақырым. Бұл жер әлемдегі зерттелмеген тылсым аумақтар қатарына кіреді. Үстірттің құпиясы – түсініксіз тастан жасалған оқтар. Әрқайсысының биіктігі 800-900 метр болып келеді. Оқтың барлығы солтүстік-шығысқа бағытталған. Осы оқтар орналасқан жерге жақын аумақта жануарлардың тастан жасалған мүсіндері табылған. Олар да солтүстік-шығысқа қаратылған.

Бұл кешенді көпшілігі ғарыш айлағы деп есептейді. Мұнда күндіз-түні да түрлі аспан денелерін байқауға болады. Сонымен қатар Үстіртке келушілердің біразы сағымға тап болғандарын айтқан.

үстірт

үстірт

Барсакелмес

Арал теңізінің солтүстік-батысында орналасқан. Мұнда тұтас отбасылар, бүтіндей экспедициялар жоғалған. Бұл аралда уақыт өте баяу өтеді деген болжам бар. Мұндағы тылсым оқиғалар Белгісіз ұшатын нысанға  байланысты немесе атомдық сынақтардың кесірінен болады дейді ғалымдар.

барсакелмес

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір