• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:14:23
Алматы
+35°

Бүгін әлемнің көптеген елдерінде дүниежүзілік денсаулық күні аталып өтіледі. Бұл мереке 1948 жылы 7 сәуірде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жарғысының негізінде бекітілген. Осы орайда Қамшы тілшісі Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахманшеевпен сұхбаттасты.

– Психикалық сауықтыру орталығының міндеті – науқастарға медициналық, психологиялық, психиатриялық көмек көрсету. Сонымен қатар есірткіге, ішімдікке тәуелді адамдар да біздің орталықта емделеді. Мақсатымыз – ауытқуы бар адамдарға сапалы медициналық көмек көрсету. Психикалық ауруларға шалдықпау жолдары және ішімдік пен есірткіге тәуелділіктің алдын алу профилактикалық шараларымен айналысамыз, – деді Сапар Рахманшеев.

"Вирус жұқтырып алсам, өліп қалмаймын ба?"

Пандемия кезінде сырқаттар саны айтарлықтай көбеймеді. Орталықтың сенім телефонына хабарласқандарға психолог мамандарымыз тәулік бойы жауап беріп отырады. Үрейленген, күйзеліске түскен адамдардың барлығын диспансерлік бақылауға ала бермейміз. Көбіне оларға сенім телефоны арқылы кеңес береміз. Қазіргі таңда Алматы қаласында 10 600-ге жуық адам диспансерлік бақылауға алынып, амбулаторлық ем қабылдайды. 2019 жыл мен 2020 жылды салыстырсақ, бір деңгейде тұрмыз. 

Карантин кезінде бала мен ата-ананың, әйел мен күйеуінің арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына байланысты өте көп сұрақ қойылды. Сондай-ақ "Ауруды қалай жұқтырмауға болады?", "Вирус жұқтырып алсам, өліп қалмаймын ба?" деген секілді қорқынышы пайда болған адамдар да жиі хабарласты.

Адамдар қалай психикалық ауытқуға ұшырайды?

Психикалық ауытқуға адамдар түрлі жағдайда ұшырайды. Бірі басынан жарақат алып, соңы психикалық дертке жалғасады. Енді бірінің өміріндегі келеңсіздіктер күйзеліске ұласып, адамда психикалық ауытқу пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл аурулардың тұқым қуалайтын түрлері де бар. 

Жалпы психикалық аурулар да кез келген созылмалы дерт секілді уақытылы тиімді ем-дом алса, асқынбайды. Сол секілді диспансерлік бақылауда тұрған науқастар да емді жүйелі алса, аурудың өршуі кезеңі өте аз болады немесе мүлде болмайды. Кез келген науқастың жағдайы қалыпты болуы үшін ем тұрақты жүргізілуге тиіс.

Психикалық сауықтыру орталығына адамдар қалай келеді?

Орталыққа психикалық ауытқуы бар адамдарды туған-туысқандары алып келеді. "Мына туысымыздың мінез-құлқы өзгеріп кетті" немесе "Түнгі ұйқысы бұзылды" деп, жақындары жаны ашып, ертіп әкеледі. Бірақ ішімдік пен есірткіге байланысты өз еркімен келіп, емделіп жатқан науқастар да бар.

Көбінесе науқастар "түнгі ұйқым бұзылды, екі аптадан аса уақыт бойы ұйықтай алмай жүрмін" деген шағыммен келеді. Адамның түнде ұйқысы дұрыс болмаса, психикалық ауытқуларға ұшырауы мүмкін. Соның әсерінен қоршаған ортаға қарым-қатынасы өзгереді, сіркесі су көтермей, тәбеті болмайды. Дәрігерлер мұндай пациенттерге қажет кеңес беріп, ем қолданады.

Психикалық сауықтыру орталығына адамдардың жиі келмейтін себебі "диспансерлік бақылауға алынамыз, одан соң жұмысқа қабылданбаймыз" деп қорқады. Бізде негізі анонимді, яғни құпия түрде кеңес беретін кабинеттер бар. Мұндай қаралушының жеке ақпараттары сақталады.

Мынаны білген жөн: барлық пациент диспансерлік бақылауға алынбайды. Шизофрения, ақыл-есі төмен, мидың органикалық зақымдануы кезінде болатын ауытқуларға ұшыраған, т.б. ауыр жағдайдағы науқастарды ғана диспансерлік бақылауға аламыз. 

Жақын адамың психикалық ауытқуын өзі мойындамаса, не істеу керек?

Науқас өзі психиатрға барып қаралам деп, рұқсатын берсе ғана, біз сауықтыруды бастаймыз. Рұқсатын бермесе, оны қарауға құқығымыз жоқ. Ал егер пациент өзіне немесе қоршаған ортасына зиян тигізетін болса, оның рұқсатынсыз-ақ орталыққа алып келіп, емдей береміз. Кейде келуге рұқсат бермесе, біз ауытқудың бар-жоғын ғана анықтаймыз деп, кеңес беруге шақырамыз. Содан соң әңгімеге тартып, психиатрмен жұмыс істеуге көндіруге тырысамыз.

"37 жыл бойы қызының ауруын жасырып келген"

Осыдан 3 айдай бұрын біздің орталыққа 37 жас шамасындағы науқасты ата-анасы алып келді. Қариялардың жасы 80-ге таяп қалған. Ол кісілер осыншама жыл бойы баласын еш жерге емдеуге апармаған. Орталыққа "Біз қайтыс болсақ, өзінің жәрдемақысы асырасын" деп, мүгедектік туралы анықтама алу үшін ғана алып келген. Ал науқастың жағдайы тым мүшкіл еді. Бастауыш сынып оқушысының да әрекетін істей алмайды. "Аға, неге ерте алып келмедіңіз? Емдегенде, ең болмағанда, өзіне тамақ пісіре алатын еді. Оқытып, ортаға бейімдеуге болатын еді" дедім.

Сонда олар 37 жыл бойы баласының науқасынан ұялып, намыстанып, жасырып қарап келген екен. Бірде-бір ем жасамаған, дәрігерге апармаған. Бұл әрекетінен кімге, қандай пайда болды?! Ата-анасының қыздары үшін қанша зияны тиді... Егер ертерек емдегенде, мұндай болмас еді. Керісінше, әріп танып, оқыр еді, қоғамға бейімделер еді. Біздің қазақтар орынсыз намыстануды, ұялуды қоюы керек. Егер балаларда психикалық ауытқулар болып жатса, жұрттан жасырудың керегі жоқ. Дер кезінде тиісті мамандарға көрсетіп, емдету керек.

"Психолог, психиатрға тек ауру адамдар ғана қаралмайды"

Адамдар диспансерлік бақылауға алынамыз деп қорқып немесе біреулер көріп қояды деп намыстанып, психикалық орталыққа келмейді Сол себепті 2017 жылдан бері біздің психиатр дәрігерлер науқастарды Алматы қаласының қалалық емханаларында қабылдайды. Сонда орталыққа қарағанда, қалалық емханаларда адамдардың психиатрға қаралуы жиілегенін байқадым.

Психикалық сауықтыру орталығының көмегіне жүгіну үшін, 8-727-376-56-60 сенім телефоны арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ орталықтың немесе тұрғылықты жерінің ауданына қарасты емхана психиатрына келіп, кеңес алуына болады. Көбінесе ұйқысы бұзылса, мазасызданса, күйзеліске түссе, емделуге тырыспай, "мен жынды емеспін, мен ауру емеспін" деп намыстанады. Ал шынында кез келген адамға психологтың көмегі керек. Психолог – тығырыққа тіреліп, шешілмей жүрген мәселелерімен бетпе-бет келгенде, бағыт беретін маман. Сондықтан ұялудың, намыстанудың керегі жоқ. Психолог, психиатрға тек ауру адамдар ғана қаралмайды, сау адамдар да психологиялық кеңес алып тұрғаны жөн.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір