Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ Шыңжаң аймағынан тауарларды импорттауға тыйым салуына "қатты наразылық пен үзілді-кесілді қарсылық" білдірді.
"Министрлік АҚШ-тың әрекетін экономикалық қорлау деп сипаттады" деп хабарлады қытайлық Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігі.
АҚШ президенті Джо Байден бейсенбі күні Қытайдың Шыңжаң аймағында өндірілген тауарлардың импортына тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Америка Құрама Штаттары Конгресінің мүшелері ұсынған заң осы айдың басында Өкілдер палатасында да, Сенатта да бірауыздан мақұлданған және заң жобасы Ақ үйге жіберілген. АҚШ президенті Джо Байден оған қол қоятынын айтқан.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен кейбір демократиялық елдер Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты азшылықтар мәжбүрлі еңбекке жегіліп жатыр деп алаңдайды.
Қытай Шыңжаңдағы азшылықтарға жасалған қиянат туралы айыптауларды өтірік деп санайды.
Байден әкімшілігі сондай-ақ өткен аптада Бейжіңді "Шыңжаңдағы аз ұлттарға жоғары технологиялық бақылауды күшейтіп отыр" деп айыптап, бірнеше қытайлық технологиялық компанияларға және мекемелерге сауда санкцияларын салған.
Таяуда Бейжіңнің Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр сияқты азшылықтарға жүргізген саясатына қарсы Вашингтон санкциялар жариялаған. Көп өтпей АҚШ-тың діни бостандықты бақылайтын үкіметтік комиссиясының төрт мүшесіне Бейжің санкция жариялады.
Сонымен қатар, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания және Канада Бейжің қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялап, өз министрлерін жібермейтінін мәлімдеген.
АҚШ президенті Джо Байден алдыңғы айда Бейжің олимпиадалық спорт ойындарына бойкот жариялау жоспары бар екенін мәлімдеген. Кейінірек АҚШ Бейжің Олимипиадасына бойкот жариялаған алғашқы ел атанды.
Вашингтонның бұл әрекетінен көп өтпей Бейжің АҚШ-ты айыптады.
Кейінірек BBC "Бейжің-2022 бойкотының қаншалықты маңызы бар" екені туралы сараптама мақала жариялады.
Халықаралық ұйымдар және көптеген демократиялық елдер Қытайды "Шыңжаң автономиясында тұратын ұйғыр, қазақ сияқты мұсылман азшылықтарына геноцид жасады" деп айыптайды.
Сонымен қатар, Бейжіңнің Гонконгтағы саяси бостандықтарды басып-жаншу әрекетіне қатысты да шиеленіс күшейе түсті.
Пікір қалдыру