САРАПШЫЛАР: ӘЛЕМГЕ АҚШ ҮСТЕМДІК ЕТЕДІ

/uploads/thumbnail/20170708220243641_small.jpg

Американдық Stratfor компаниясы 2015-2025 жылдар аралығында әлемде орын алатын оқиғаларға болжам жасап, әлемдік экономика мен саясаттың алдағы он жылдағы ғаламдық тенденцияларын анықтады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Америкалық Strategic Forecasting Inc (Stratfor) жеке барлау-сараптау компаниясы 1996 жылдан бастап әр бес жыл сайын әлемдік даму тенденцияларына болжамдар жасап келеді. Компания жасаған болжамдардың барлығы бірдей айна-қатесіз келетініне кепілдік жоқ. Stratfor сарапшылары 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы туралы ешбір зерттеуде тіс жармаған еді. Компания зерттеулерінің нәтижесі сондай-ақ, АҚШ-қа бүйрегі бұруымен де ерекшеленетінін де айта кету керек.

Зерттеу орталығы болжамдарының бір парасы лаңкестермен күрес мәселесіне арналған. Онда 2020 жылға қарай лаңкестік ошақтарында екі үлкен соғыс болатыны, әлемдік тұрақсыздық туғызып отырған елдердің, тіпті, Иранның да бақылауға көшетіні айтылған.

Сонымен қатар, талдаушылар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріне қатысты да болжамдар айтады.

«Біз Еуропаның Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста құрған ұлттық мемлекеттерінің құлдырау кезеңіне аяқ бастық. Бұл елдердің көбінде енді билік мемлекеттің емес, қарулы партиялардың қолына түседі. Олар бір-бірімен соғысып, ішкі қарсылықта күшейтеді. Оңтүстігі осы елдермен шекараласатын Түркия да ақырындап қақтығыстарға қатыса бастайды. Он жылдықтың соңына қарай Түркия аймақтық державаға айналып, Иранмен текетіреске түседі», - делінген компания талдаушылары әзірлеген баяндамада.

Еуропадағы өзгерістер

Еуропа елдеріндегі жүйе мен демографиялық жағдайдың әр алуандылығынан Еуроодақ институттары қатты қысымды бастан кешеді. «Бұл институттар аман қалады, бірақ, тиімді жұмыс істейтініне күманданамыз. Негізгі саяси тенденциялар көп тарапты шешімдерден алшақ көрініс табады. Негізінен түрлі экономикалық, әлеуметтік және мәдени күштердің ықпалымен ұлтшылдық сипат алады. Еуроодақты құрған элита халық тарапынан қысым көре бастайды. Еуропаның негізгі қыры экономикалық мүдделер мен мәдени тұрақтылық қақтығысы болады. Сондықтан, еуропаішілік қарым-қатынас алдын ала болжау қиын тұрақсыздыққа ұласады» деген сарапшылар Еуропа одағы сақталғанымен оны басқару санаулы ғана топтың қолына көшетінін айтады.

Одан әрі біршама өзгеріске түскен Еуропаның басты елі.... Польша болатыны айтылады.

«Экономикалық өсім мен саяси ықпал орталығы Польша болады. Ол осы уақытқа дейін Германия мен Австриядан кейін ерекше өсім көрсеткішіне ие болып келді. Германияның ғаламдық экономикалық дағдарыс тұқыртып, Польша Еуропадағы күшті мемлекетке айналады», - делінеді сараптау орталығының баяндамасында.

Сондай-ақ, жаңадан пайда болатын антиресейлік коалицияның көшбасшысы атанатынын, 2020 жылдан кейін коалиция Ресей шекараларын қайта қарауда маңызды рөл ойнайтынын айтады.

Ал, Ресейдің өзіне қатысты орталық «Ресей Федерациясының осы қалпында сақталуы екіталай. Энергиялық ресурстар экспортынан түскен пайданы тиімді экономикаға айналдыра алмаған Ресей шикізат бағасына қатты тәуелді күйде қалады. РФ-да бұл нарықтық процестерден қорғанатын жүйеге ие емес» дейді орталық мамандары.

Соның салдарынан Ресей аймақтарының Мәскеумен байланысы үзіледі. Кавказ елдері басқарусыз кетіп, солтүстік-батыстағы Карелия Финляндия құрамына өтуге талпыныс жасайды. Қиыр Шығыстағы федерация субъектілері Мәскеуге қарағанда Жапония, Қытай мен АҚШ-пен тығыз байланыс орнатады. Тығырыққа тірелген Мәскеу халықаралық қысымға шыдамай ядролық қарудан бас тартуы мүмкін...

Сарапшылар Қытайдың да құлдырауға кететінін болжап отыр. Коммунистік диктатура, экономикалық және саяси орталықтандыру, ұлтшылдықтың артуы Пекиннің де болашағын бұлыңғыр етеді.

Ресейдің шығыс аймақтарына көз аларту Қытайды халықаралық жан-жалға алып барады. Қытайдың жер дауы Ресеймен бітпейді. Жарониямен де теңіз флоттары үшін күрес басталады.  

Сараптама соңында Strategic Forecasting Inc. мамандары қайтадан Америкаға мадақ айтады.

«АҚШ экономикасы әлемдік экономиканың 22 пайызын құрап отыр. америка теңізде де құрлықта да басымдық иеленіп келеді және құрлықаралық қуатты әскері бар. АҚШ-тың басты басымдығы – жабықтығы. Ел бар болғаны ІЖӨ-нің тек 9 пайызын ғана экспорттайды. Соның 40 пайызы Канада мен Мексикаға тиеді. АҚШ ІЖӨ-нің тек 5 пайызы ғана әлемдік сұраныстың өзгеруіне тәуелді. Мұнай бағасы ендігі уақытта АҚШ-қа 1973 жылғы араб эмбаргосы секілді әсер етпейді. Бұл мәселеде АҚШ Мексикаға иық сүйейді», - деген болжамдарымен бөліскен орталық сарапшылары әлемдік дағдарыстан АҚШ-тың ұтатыны көп екенін айтқан.

Сондай-ақ, алпауыт елдің Түркия мен Әзірбайжанды өзіне қаратып, ол елдерге әскерін кіргізетінін айтады.  

Әзірлеген: Жомарт Абдоллаұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар