10 ақпан күні Астана қаласында азаптап өлтірілген студент Ерасыл Әубәкіровтің мүрдесі табылды. Оқиғаға қатысы бар деген төрт күдікті қамауға алынып, тергеу басталды. Ішкі істер органдары болған қылмыстың жай-жапсары мен оған себеп болатын жәйттерді тергеу құпиясына байланысты жарияламай отыр. Соған қарамастан әлеуметтік желіде там-тұмдап болса да оқиғаға қатысты болжамдар айтылуда. Солардың ішіндегі маңыздысы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарын шулатқан видео болды.
Оқиғаға байланысты пікірлердің ішінде ерекше атап өтерлігі оны өткен жылдың басты қылмыстық оқиғасының бірі болған Әліби Жұмағұловқа қатысты іске ұқсату болып отыр. 365info.kz сайты осы екі істің арасына өзінше паралель жүргізген екен. Онда өткен жылғы Әліби Жұмағұловтың аяусыз соққыға жығылуы мен Ерасыл Әубәкіровтің азаптап өлтірілуі арасындағы біраз ұқсастықтар анықталған.
Екі оқиғаға да ортақ басты ұқсастық – жауыздық. Екі оқиғада да қылмыскерлер адам төзгісіз жауыздыққа барған. Екінші ұқсастық ретінде оқиғаға қалталы, ықпалды азаматтардың қатысты болуын айтуға болады. Бірінші оқиғадағы қалталы азамат – Қайрат Жамалиев, екіншісінде – өскемендік кәсіпкер Есен Мейірбаев.
Екі оқиғада да қылмыстық әрекет орны ретінде бөлек орналасқан тұрғын үй таңдап алынған.
Ерасыл да Әліби де қылмыскерлермен кездесуге өзі барған және ол туралы ешкімге ескертпеген. Әлібидің қылмыс орнына өз аяғымен барғаны басы ашық мәселе. Ал, Ерасыл Әубәкіровтің оқиға орнына қалай жеткені әзірге болжам күйінде ғана. Бірақ, екі жігіт те кездесуге кешкі мезгілде шақырылған. Яғни, ол кездесудің анау айтқандай «жылы жүздесу» болмайтынын түсіну қиын емес еді. соған қарамастан олар, кездесуге жақындарын ескертпей барған.
Екі оқиғадағы жәбірленушілердің де жас шамалары бірдей. Әліби ол кезде 24 жаста болса, Ерасыл 23 жаста еді. Екі жігіт те ұйымдасқан топтың шабуылына тап болды. Әлібиді астаналық кәсіпкер Қайрат Жамалиев пен оның сыбайластары соққыға жықса, Ерасылды кемі үш жігіт жабылып өлтірген.
Екі оқиғада да қылмыстық әрекеттер видеоға жазылған. Әліби оқиғасында видеоға түсірушілер оның әлдебір қылмысты жасаған мойындауын түсірсе, Ерасылдың азапталуы видео авторы Нұрбек Әжімбайдың айтуынша, кездейсоқ түсірілген. Бұл видеоға қатысты нақты шешім әлі шыққан жоқ.
Ерасылдың жоғалуы мен Әлібидің соққыға жығылуы әлеуметтік желіде жарияланып, қызу талқыланды.
Екі оқиғаның негізгі ұқсастықтары – осылар. Ал, айырмашылығы бірінде жәбірленуші соққыға жығылғанымен жаны аман қалды, екіншісінде жәбірленуші қаза тапты. Соңғы оқиғаға қатысы бар деген 4 күдікті қазір қамауға алынды.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру