Бүгін Президенттің Баспасөз хатшысы Дәурен Абаев президент Н. Назарбаевтың қазақ тіліне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
«Орыс тілінде жазылған өтініштерге қазақша жауап берген шенеуніктер қызметінен қуылсын», - деген Президент мәлімдемесіне қатысты Дәурен Абаев Ақорданың «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі бетінде былай дейдң:
«Өл сөйлеген сөзінде Президент шенеуніктердің мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың тілдік сұранысы ескерілуі керектігін анық түсіндірді.
«Тілдер туралы» Заңда «мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштеріне жауаптары мен басқа да құжаттар мемлекеттік тілде немесе өтініш түскен тілде беріледі» делінген. Шенеуніктер заңның бір ғана бөлігін басшылыққа алатын жағдайлар кездеседі. Президент осындай ретивті мемлекеттік қызметшілерді айтқан болатын.
Ол мысал ретінде орыс тілінде жасалған өтінішті келтірді. Бірақ, бұл талап билік өкілдері азаматтарға қазақ тілінде жауап бере алмайтын жағдайларға да қатысты.
Сондықтан да, осы тақырып төңірегінде алаңдаушылыққа негіз жоқ. Мемлекеттік тілді дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және оны шектеудің кез келген түрі Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді», - делінген Дәурен Абаевтың Ақорда парақшасында жариялаған жазбасында.
Президенттің баспасөз хатшысына президент мәлімдемесіне қатысты түсінік беру туралы Tengrinews.kz сайты өтініш жасаған.
Естеріңізге салсақ, кеше Алматы қаласына сапары барысында президент Нүрсұлтан Назарбаев өңірлерде «Тілдер туралы» заңның талаптары бұзылып отырғанын, кейбір шенеуніктер орыс тілінде жазылған өтініштерге қазақша жауап қатып жатқанын айтып, ондай басшыларды қызметтен қууды тапсырған еді.