Бүгін Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының, өңірлік қолбасшылықтар әскери полициясының, Әскери институттың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқарма және бөлім бастықтарымен, «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөліністері мен әскери бөлімдер командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен, сонымен қатар Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің әскери полиция бөлімшелері мен қызмет бастықтарымен республикалық оқу-әдістемелік жиын басталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынның алғашқы күні тәрбиеші офицерлердіңі басшылық құжаттарды білу деңгейі мен мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша сынақтар тапсырудан бастады. Сынақтама аяқталған соң оқу-әдістемелік жиын жетекшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов еліміздегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуалды зерделей келе, өткен 2015 жылы тәрбие, заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік бойынша Ұлттық ұландағы атқарылған барша іс-шараларды саралап қорытындылады, сондай-ақ 2016 жылы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар құрылымы мен әскери полиция органдарына жүктелетін міндеттерді атап өтіп, алдағы болатын Қазақстан Республикасының Мәжіліс Парламенті және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының өзектілігіне де тоқталды.
Бағыт-бағдары мен мақсаты айқындалған отырыстан соң жиын қатысушылары ТМД-ның сыртқы шекарасын күзету мен қорғау бойынша үкіметтік тапсырмаларды орындау барысында Тәжік-Ауған шекарасында 1995 жылдың 7 сәуірінде қаза тапқан Ішкі әскердің 17 қаһарман жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, атап өтерлігі, бұл іс-шараға Ұлттық ұлан батырлары Ербол Отарбев пен Жандос Баянбаев арнайы келіп батырлар рухына тағзым етті.
Осылай бастау алған жиын барысы ««Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы негізінде Ұлттық ұлан жеке құрамын қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі әскери басқарма мен жергілікті билік органдарының атқаратын рөлі және идеологиялық жұмыстарының негізгі бағыттары» атты тақырыптағы дөңгелек үстелге ұласты. Оның басты мақсаты өскелең ұрпақты және әскери қызметшілерді жаңа қазақстандық патриотизм әлеуетінде тәрбиелеу бойынша тәрбиеші офицерлердің кәсіби даярлық деңгейлерін жоғарылату және әскердегі идеологиялық жұмыстардың дұрыс жүргізілуін ұйымдастыру болып табылды.
Дөңгелек үстелге Оңтүстік-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков, Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, Қазақстан халықтары Ассамблеясы секретариятының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов, С.П. Королев атындағы № 45 мектеп-гимназиясының мектеп директоры , педагог-новатор, қалалық мәслихаттың депутаты Пак Роза Викторовна, Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Мәжит Жүсіпбаев, «Нұр Отан» партиясы ішінен құрылған «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бауыржан Молдабеков, сонымен қатар қоғамдық және өзара іс-қимыл бірлестіктегі органдардың өкілдері, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының және еңбек ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, жиын қатысушылары, студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған шара барысында Елбасының халыққа жолдаған Жолдауының негізі саналатын «Мәңгілік ел» идеясы аясында біршама баяндамалар жасалып, барлық қатысушы өкілдердің пікірлері тыңдалды. Барлық құрылымдар арасында тәжірибе алмасу өтті.
Дөңгелек үстел аясында біршама ауқымды мәселелер талқыланып, отырыс қорытындыланған соң, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін қоғамдық ұйымдардың, жергілікті билік органдарының және өзара іс-қимыл бірлестіктегі органдардың өкілдерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан грамоталармен және арнайы сыйлықтармен Бас қолбасшының орынбасары Мұхаметқали Құсайынұлы мараппаттады.
Дөңгелек үстел аяқталысымен жиын қатысушылары жоспар бойынша әдістемелік-нұсқаулық, үлгілік және тәжірибелік сабақтарға тарасты.