Н. Назарбаев: Орысша хатқа қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылсын!
Демеңіз бұны айтуға қысаған кім?
Көңілді кірбең басты, құсадан мұң.
Тіл жайлы айтқаныңыз ауыр тиді,
Осыған ашиды екен іші адамның.
Халықтың тілін сақтап қалу үшін,
Хандарым барын қылған іс-амалдың.
Дініміздің діңгегі босамай ма,
Тіліміз тіркесінен жұтаған күн.
Дат, тақсыр, осы жайлы айтарым бар,
Ақын ем, айбыныңнан күш алармын.
Абылайша ақылмен шешер дейміз,
Бұқарша бурықанған бұқараңмын.
Қасиет сезінгесін киелі үннен,
Қараға хан құлағын түре білген.
Халықтан қадір қашар тіл жойылса,
Балықтан айырмам не бұл өмірден.
Бір өзім бас пайда үшін жүргемін жоқ,
Тіледім жұртым дейтін жүрегіммен.
Жанашыр табылмаса қазақ қайтер,
Ана тіл айырылса тірегімнен.
Бір күні төбемізде ойнамай ма,
Орыс тілі есігімнен күле кірген.
Болғасын бойымдағы қазақ қаны,
Ата дін, ана тілді сүйе білгем.
Үйсіз болсам үйшікте күн кешермін,
Тілсіз қалай өмірді сүремін мен?!
Әр қазақ ана тілін ардақтасын,
Ақырын жасап алар ал басқасын.
Сандаған зұлматтардан аман келдік,
Тамырлы тіл үзілмей жалғасқасын.
Соңынан ел ереді үмітпенен,
Жолынан адаспаған хан бастасын.
Дәргейіңдегі елдің даты осылай,
Архивын тарихтың шаң баспасын.
Зиялылар қорғаған қазақ тілін,
Қасірет қазанында қайнатпасын.
Тіл жайлы жұрттың ойын, ұлттың датын,
Елбасы санасында салмақтасын!!!
Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру