Жалғасы. Басы мына сілтемеде.
Бұл кезде қашқын Құрманғали нар қамыстың жиегiнде түскi ас-суын қамдап жүрген...
Ол таң азаннан тұрып, түнде тұсамыспен ұзап кеткен Бозшолақты әкеп, бөдене жорғалар жерден шылбырмен арқандап тастады. Сосын көлдiң терiскей бетiне өскен төрт-бес түп тарлау талдан кiсi бойы қада кесiп, кездiгiмен бiздей қып ұштаған. Әлгi сүймендей iстiк қадалармен қамыс арасына кiрдi. Тамырын көл түбiне жiберiп, балтырын көл суына малып тұрған нар қамыстың iшiне сұғына енген қашқын iстiк қадалармен уылдырық шашуға шыққан iрi балықтарды аулауға кiрiстi.
Жасынан ептi Құрманғали әжептәуiр балық та шаншып алған. Мәтжан көлiне көкек пен мамыр басында тулай тасыған Жемнiң бiр қашқын саласы құюшы едi. Теңiзден көтерiлген шоқыр, бекiре сияқты майлы балықтар да осынау көлге дейiн жететiн, ұрығын шашып кететiн. Су қайтқан маусымда көбiсi қашқын саланың құм жұтқан қайраңында қалып қырылатын. Мұның сыры Құрманғалиға бала жастан мәлiм-дi.
Қазiр қайнап жатқан балық сорпасына қарап, Құрманғали бiр байламға беки алмай отыр. Ақжiгiттiң сорлы сорынан алыстағалы жол-жөнекей ауылдарға жоқ қараған боп соғып, ас-тұзын қамдап алғанда, соғыс тауқыметiн тартқан елдiң ерi мойнына кеткен сиқын да, мұны қойнына сыйдыра алмасын да бiлдi. Көзi әбден жеттi.
Бұл бiрақ қайда барады? Қай өңiрге бас бұрады. Тағдыры мұны туған жерiне қайта тап қылмады ма?! Түрiкмен мен Иран асты, ақыры айдынды теңiзi түбiнен, ақбозаңды түзi үстiнен бiр-ақ шықты... Едiл бет – ереуiлдi соғыс, Есiл бет – ерiттеулi ел. Одан әрi атын ғана естiген Сiбiр. Бұл бiр байырқаласа, аяғы жетсе тұрақтар түп – терiстiк... Сiбiрге балдай батып, судай сiңiп кетесiң дейдi ана түрiкпен түрмесiндегiлер.
Әй, бiрақ бұл бара алмайды! Совет онда да опа таптырмас. Сiбiрдi өртесе де тауып алар... Неде болса, туған топырақта қалған жөн. Қашқын болса да күнелтер! Бәлкiм, соңынан да түспес, таба да алмас! Талай тұсқа iз тастап, талай шөл мен сорды шиырлап кеттi емес пе?! Қиян шет, қиялы бет те тоқтатар! Қуғыншылардың да бетi қайтар!
Құрманғали әрi-сәрi ойларға қамалып, өзi де сенер-сенбесiн бiлмей отырды. Бiр жайға бiрақ кәмiл сенген: ол – бүгiн-ертең iзiн бастырып, шиырын шешiп қуғын келмесi. Жол да ұзақ. Мешел Жұмабай да қашық. Ал келсе – келсiн! Жастығымды ала жығылармын!
Ол ауқаттануға ендi кiрiсе бергенде, Бозшолақ кiсiнеп жiбердi. Құрманғали оқыс тiксiнiп қалды. Асты қоя салып, жан-жағына барлай қарап, тың тыңдады. Көл бетiндегi сарыала қаздың қаңқылы, қамыс арасындағы сұқсыр үйректiң сұңқылы, шөп iшiндегi айғыр шегiрткенiң шырылы, шыбын-шiркей қаққан құрбақаның шұрылы ғана естiлдi.
Қашқынның секем алған көңiлi орнына түстi. Сөйткенше Бозшолақ қайтадан оқырана кiсiнеп, қос құлағын құбылаға тiге қайшылады. Ол бос жатқан ер үстiнен оқыс көтерiлiп, әлде неден сезiк алған. «Қап!» деп қалып, атының жайдақтығына өкiнiп, «бәлкiм, ит-құс шығар» деп ойлады. Қолына қойнындағы қаруын да ала қоймады... Терiскей жалтаңға өскен, таңертең ғана балық түйрегiш солқылдақ қада қиып алған тырбық-тырбық тарлау тал жақтан қарға қарқылдады.
Қара қарғаның қарқылынан кейiн ғана бойына қауiп кiрдi. Әлде қандай жамандықты жүрегi сезiп, тұла бойы суына, жауырынына ине сұғып алғандай салқын тер шықты. Атымен ара қашықты, ту сыртын берген қопа қамысты, көк шалғын көмкерген жан-жағындағы жалтаң жазаңды асығыс ойлап өттi. Бозшолаққа ұмтылғанымен де, ашық алаңқай қаупiнiң зор екенiн бағамдап үлгердi. Қауiптi күңгей жақтағы бетегелi белеңнен күтiп, қапыда қалғанын бiлдi. Көлдiң қамысын паналап, батыс пен терiскейден жасырынып кеп қалған жауды көзбен көрмесе де, жазбай таныды. Олардың бұның қимылын күтiп, Бозшолаққа қарай қозғалса, шүрiппенi басып қаларын да бүкпесiз түсiндi.
Қашқын қулыққа көштi. Ерi үстiне қайта отырып, еңкейе берiп, бақыраштан балық алып жатып, маңайын барлады. Терiскей беттегi нар қамыстардың басы алыстан қозғалып, о жақтағы қуғыншылардың алысырақта, ал батыс беттегi қамыстың қозғалысы мен сыбдырынан бұ жақтағылардың жақын екенiн анықтап алды. Ептеп қана оң қолын қойнына жүгiртiп, алтыатар орыс тапаншасын суырды. Суырған бойда үн-түнсiз шалқалай құлап, аунап-аунап түсiп, таяқ тастам жердегi ну қамысқа қарай жер бауырлай бердi.
Мұның осы бiр күтпеген қиғаш қимылын кеш қарауылға алған батыс беттегiлер тарс-тұрс атқан. Жыландай ысқырынған оқ атаулы жер бауырлаған жанды бас көтертпеуге тырысты. Сызды жерге ыстық қорғасын мен жез сылп-сылп енген. Жанталаса қозғалған Құрманғали да қамысқа енiп үлгердi, бiрақ бүйiрiнен жараланып та қалды.
– Ей, банды! – деген Мешел Жұмабайдың таныс дауысы естiлдi. – Ендi ешқайда қашып құтыла алмайсың. Қоршауда қалдың. Қолыңды көтерiп шық!
– ... Бұл үндемей қалды.
Сол жақ бүйiрден қадалған қорғасын көк бауырын тесiп кеткен едi. Жеңiл күпi iшiнен бүйiрiн қолымен басып, қамыс iшiне тағы да бiрер қадам iлгерiлей жылжып, қайыра бұрылып жатты. Жарасы жанына бата түстi. Жейдесiнiң жылы қанға шылана түскенiн сездi.
Мылтық пен тапанша даусынан үйрек-қаздар көл бетiнен далпылдай көтерiлiп жатқаны, қанатының суылы естiлдi.
– Ей, иттiң баласы! Бандит! Құтылам деп ойлама! Текке әуiре боласың, тапаншаңды тастап, қолыңды көтерiп шық! – деген Мешел Жұмабайдың қарлығыңқы даусы тағы тарғылдана шықты.
Мұның жауабын күткен тыныштық орнады. Көлбақалар шұрылы мен шегiрткелер шырылы ғана құлақ түбiнен шулады. Құрманғали бауырын көтермек болып едi, белi ауырлап, бебеу қақтырып жөнелдi. Өзiнiң көкбауыр ғана емес, бесатар оғы қара бауырын да қабат жаралағанын бiлдi. Жаны алқымына келгенiн тәнiмен де, жанымен де сезiндi.
– Құрманғали! – деген салмақты үн мұны тағы елең еткiздi. – Мен Мұқанмын, аудандық милиция бастығымын. Өмiрiңе кепiлдiк беремiн... Қолыңдағы қаруыңды таста! Менiң қасымда Алматыдан арнайы келген Ғали Естаев деген КГБ-ның адамы бар. Ол кiсi де кепiлдiк бередi.
– Құрманғали, – дедi Ғали да анық дауыстап, – сенiң Шүкiрғали ағаңнан да хабардармын. Ол қазiр Алматыда тұрады. Бала-шағасы да аман! Текке қан төгiспейiк! Жазықсыз қан төкпе! Оразмағанбет – қапылыста көз жұмыпты... Оған бола ендi күйiнбейiк! Совет өкiметi кешiре де алады. Оған өзiң де куәсiң ғой, Түрiкменстанда түрмеде ату жазасын алмастырды емес пе?! Ақылға кел! Айыбыңды мойындасаң, ар жағы жеңiл... Өмiрiңе кепiлдiк те сол!
Ғали дегеннiң аузынан бұл сөздердi естiгенде, Құрманғалидың көңiлi алай-түлей болды. Түбекәлiден тараған екi ұлдың бiрi – Шүкiрғали ағасынан ұрпақ өрбiп, аман-есен екенiн естiгенде, езiлiп жатқан қос бауыры қиналысын да ұмытып: «Иә, Алла! Иә, Бекет пiрiм! Тәуба! Тәуба!» деп күбiрлеп жiбердi. Көзiнен жас та ыршып кеттi.
– Құрман! – дедi әлгiндегi Мұқанның таныс боп қалған қорғасын үнi. – Ғали жолдастың сөзi – сөз... Ақылға, сабырға кел! Жазықсыз қан төгiлмесiн! Бәрiмiз де бiр қазақтың баласымыз... «Адасқанның айыбы жоқ, қайтiп үйiрiн тапқан соң». Кiм адаспай жүр дейсiң?.. Бұлардың жазығы жоқ қой! Ажалға ат қойыспайық! Қорғасын кiм-кiмдi де табады.
Тағы да үнсiздiк туды...
Құрманғали дәм-тұзының таусылуына санаулы ғана сағаттар қалғанын түсiндi. Мешел Жұмабайды да оп-оңай оққа ұшыра алмасын бiлдi. Оразмағанбеттiң – Ораз ағасының кегiн қайтара алмасы да белгiлi. Кек қуысқаннан да опа жоқ. Мұның ажалы аяғының астынан шықты. Жұмабайға оқ тимесе, жазықсыз жандардың бiрi мерт кетедi. Ажал аузында тұрып, адам қанын жүктеп қайтедi?! Қажетi жоқ. Қырыққа келiп қалған қу басына бiр-ақ медеу: ағасының аман-сау отбасы... Түбек шаңырағының түтiнi әлi де түтетулi екен. Оған да шүкiр! Тым құрыса, сол жайында әлгi Ғали дегеннен бiрер ауыз әңгiме естиiн!
Қашқынды тұтқиыл келген осы бiр ой жерден жұлып алды. Сол қолымен бүйiрiн басқан күйi тапаншалы оң қолын көтерiп, талай жылғы қамыс-қоға топанын таптай, нар қамысты жолбарыстай қозғай, алдыға қарай бүктiсе жүрдi. Iлезде қу қамысты сытырлата жапырып, жазаңға да шыға бердi. Қалт тоқтап, кең кеудесiн көтерiп алды.
– Ә, бандит! – деген Мешел Жұмабайдың нарқоспақтай ащы даусын бұл бiрден таныды.
Артынша алтыатар револьвер даусы да қатарынан естiлдi. Сенделе шыққан Құрманғалидың кеудесiнен әлде бiр қызулы iстiк қарып-қарып алды да, бұл қиыстау тұрғандарды да, белеңнен асып келе жатқан үшеудi де бiр сәт шолып өтiп, шалқалай құлады.
– Ал сыбағаңды, сiлiмтiк! Қанiшер бандит!
Мешел Жұмабайдың бұл сөздерiн ол бiрақ ести алмады. Қашқын жаны тез үзiлiп кеткен едi. Мешел Жұмабай болса, аңырайып қалғандарға қарап, арсыз күлкiмен қарқылдады:
– Иттiң жаны – сiрi! – дедi қызған тапаншасы ұңғысының аузын үрлеп.
Бұл кезде көлден үркiп ұшқан қараша қаздар құмды көкжиекте қалықтап бара жатты. Ал шағаласы шулаған, толқыны тулаған кәрлi Атырау қиянда күңiренiп, көбiгiн көкке сауды.
Асқар АЛТАЙ