Құрметті сайт оқырмандары! Өткен жылдың соңына қарай «Қамшы» порталында «Сират» романынан үзінді жарияланып еді. Сол кезде оқырмандар романның жалғасын сұраған болатын. Осыған орай шығарманың тағы екі тарауын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қыран өзені тау жаңғырықтыра күркірейді, тас домалата дүркірейді...
Көк тайғақ шыңды, қу қарағай құзды тау басынан баршын бүркiттей сорғалайтын Қыран өзенi – алтайы қызыл түлкiге төбеден шүйiлетiн Алтай ақиығы iспеттес. Қыста қалың қар мен жазда табан мұз жамылған биiктерден бас құраған кiдi өзен етектегi Қара Ертiстiң ерке бiр саласы едi. Етекке қарай ентелеген еркiн су бiр бұрылысты тұсында Сарысүмбе қаласын қақ жарып өтедi.
Қала жылда көктем мен жаз басында асау Қыранның азулы өтiнде қалады. Жағасына жақын тiгiлген жаппа мен тас үйлердi жаңқа құрлы көрмей ағызып әкететiнi бар. Адам шығыны да болып тұрады. Бiрақ осы өзен алқына тасып, ақ көбiк шашып жатқанында алынбас бiрер қамал бар. Ол баяғы Шәрiпхан көпiрi – «Дутын көпiр». Ол баяғы Гоминдан өкiметi тұрғызған абақты – «Тас түрме». Екеуi де жыл сайын мал мен жаннан «құрбандықсыз» көңiлi көншiмейтiн Алтай Қыранының жағасындағы жартасты биiгiнен орын алған.
Қыста да ортасы қатпайтын, жазда да тыныш жатпайтын Қыранның жиегiндегi «Тас түрме» iшiнде Советтiң барлаушысы – ақиқатында Шығыс Түркiстанның Алтай өңiрiне «арнаулы агент» қып жiберiлген Ғали Естаев жатыр едi.
Ғалидың абақтыда отырғанына бес айдың жүзi болды. Тергеу бес айдың iшiнде бес күнге де тоқтамады. Өткен жылдың желтоқсаны басында «тыңшы» деп Гоминдан өкiметi тұтқындағаннан берi – «өлмеген құлға шықты жаз». Қазiр 1944 жылдың көктемi – көкегi.
Көкшулан Қыран қара барқындана тасып жатыр. Оның тауды бұзып, тасты уатып аққан толқынды шуылы «Тас түрмеге» де жетiп тұр. Түрме тақ төбесi ат арқан аумақты, тастақты жота үстiне салынған. Жота iргесiн iрей аққан өзен зіркiрейдi. Жалпақ тастан қаланған үш бiрдей үлкен абақты үйi мен күзет үйiн жақтай иiле жаң қоршаған, үш жерден күзет мұнаралары қойылған. Ал түстiгiн өзеннiң өгiздей толқыны жалаған, Қыранға тiк құлаған қара жартас төрт қабат үйдей қорғандаған едi.
Қия жартас үстiне қаланған оңашалау 3-шi түрме – аса қауiптi саяси тұтқындар қамалатын абақты. Абақты асты – кезiнде қытайлар қара жартасты тiгiнен қашап отырып жасаған тас бөлмелер – тас зындандар. Ғали бес ай бойы тас бөлмеде бұралып жатты. Бес ай бойы бауырына төсенген, жамбасына жастанған ағаш үгiндiсiнiң үстiнде бит пен бүргенiң жемi болды. Бес ай бойы жалғыз кiсiлiк «тас қапшықтың» тұтқынында сүйегiнен сыз, өкпесiнен мұз өттi.
Жастық бұла сезiм бiрақ мойыған жоқ, ақтық сара сана бiрақ жаңылған жоқ. Алғашқы айтқанынан танбады. Қайсар тәнi тозды, құмбыл жаны шыдады. Бұған тергеушi Бұлғынов Рақымжан мен фукожаң Лу Ли2 не iстемедi дейсiң?! Азап пен мазақтың мың түрлiсiн танытты. Өзi туып-өскен Совет елi НКВД, НКГБ десе тәнi емес, жаны түршiгетiн мекемеден гоминдандық Қытай полициясы да кем түскен жоқ. Советтiк орыстар, гоминдандық қытайлар – бұл бiлетiн екеудiң тергеуi мен тамұғы тамырлас екен.
Бәрiнен де жанына батқаны: советтiк орыстар да, гоминдандық қытайлар да қайран қазақты қара қазақ баласының өз қолымен қинатып, өз қолымен сорлатып отырғаны... Дәп осы жолы алыс Алтай тауының бiр түкпiрiндегi «Тас түрме» iшiнде көзi әбден-ақ жеттi. Бармақ шайнағаннан, буын сындырғаннан басқа не лаж бар?! Бұл Совет өкiметiне, ол Қытай өкiметiне шын берiлген. Беттесе кетсе – бiр-бiрiнен кектi көздерiн алыспастай, белдесе кетсе – бiр-бiрiнен түктi бiлектерiн жазыспастай. Бiрi Советтi қолдаса, бiрi Қытайды барлайды. Мұның бiр түсiнгенi – бiр қазақтың баласын көкпарға тартқан көк серкедей, арғы мен бергi бетке бөлiп тастағаны. Ал азаттық деп арпалысқанын қызыл орыс та, қара қытай да оқ өтiне байлапты: Қазақстандағы қазақтың қару ұстар ұлдарын немiстерге қарсы айдапты, Шығыс Түркiстандағы қазақтың қаймана азаматын гоминданға қарсы қойыпты. Қара қытайдың өзiн ақ қытай – гоминдан, қызыл қытай – гонсандан-коммунист деп бөлу арқылы бұл жақтағы азаттыққа ұмтылған аз ғана қазақты да бөлiп, қара қазақ баласының қолымен от көсеп отыр. Ол да баяғы сталиндiк Совет... Ол да баяғы маолық қызыл Қытай... Екi түйенiң арасында қысылған қазақтың керi белгiлi: елi ереуiлдi, жерi жерулi; ерi ерүстi түзде, езi елүстi iште.
Мынау Алтай Сарсүмбесiндегi Рақымжан мен Қасыпбай, анау Тарбағатай Шәуешегiндегi Айтқазы – түрме торыған қарғылы төбеттер. Бұлардың бұғауына iлiккелi де бес айдың жүзi болды. Күн көзiн көрмегелi де бес айдың жүзi... Жерасты жалғыз кiсiлiк камера. Жерасты жалғыз кiсiлiк карцер. Көзiнiң болаты желiнiп, тас қараңғы «тас қапшық» шырадай жанып тұрған жанарын су қараңғы тартқызған. Бұған ендi күн мен түн бiрдей, ай мен жұлдыз ажырағысыз.
Барлаушы үшiн бар әлем күңгiрт.
* * *
Теңiздегi ерiмес мұздай, түздегi езiлмес тұздай азамат едi. Қазiр құр сүлдерi ғана қалған. Етi жоқ сiңiрi созылулы, майы жоқ сүйегi саудыраулы. Ғали өзiн «Алжир» лагерiнде көзiмен көрген тұтқындар секiлдi сезiнедi. Олардың бiрақ бұдан бiр айырмашылығы бар едi. Жанарлары жарық дүниенi жалтақтақсыз көретiн. Бұл болса – суқараңғы... Қарақаттай көздерi бiрақ жансыз емес, жан-жағына жазықсыз жаутаңдайды.
Темiр есiк жүйкеге тиер шықырлы шиқылмен ашылды. Тұтқын Ғали тiстенiп әрең шыдады. Ауыр есiк шыңғырған шиқылмен қайта жабылды. Тұтқын тұқымға қалдырғандай төрт-бес азу тiстерiмен тағы да тiстендi. Шиқылға ширыққан жүйкесi шыдап бақты. Iшке екi-үш адам кiргенiн ту сыртымен сездi.
Мұны төмендегi жерасты камерасынан жоғарыдағы сұрақ бөлмесiне Қасыпбай әкелiп едi. Қазiр көзi көрмесе де, үш айдан берi бұл терезесiз камера бұған таныс едi. Бүгiн де май шамның жарығынан күңгiрт шығар... Ал мына кiргендер кiм болды екен?
Салқын да сыз бөлме мен мойнындағы бұғау, қолындағы көзiр, аяғындағы кiсен арасын қосқан қос қабат шынжыр темiрлердiң ызғарынан ба, тұла бойы тiтiреп кеттi. Тiсi-тiсiне тимей сақылдады. Сонда да соқыр сезiммен әлде кiмнiң өзiне төне түсiп, қадала қарағанын сезiндi. Сол-ақ екен тоңғанын тиып, бойын жиып алды.
– Өзi... Дәл өзi екен, – деген әлде бiреудiң дауысы шықты. – Көзiнен таныдым... Е-е-е, қазағым-ай! Қалай ғана өзгертiп жiбергенсiңдер?!
Ғалидың құлағына әлде өкiнiш, әлде аяушылық бiлдiрген таныс дауыс естiлдi. «Япыр-ау, қайдағы таныс үн?!» деген ой тұманытқан санасына сынадай қадалды.
– I-i-м! «Жансыз» екенiн жазбай таныдым ғой, мырза! Қанша мойындамаса да, Советтiң сiлiмтiгi екенiн сезгем... – Бұл дауыс Рақымжандiкi екенiн Ғали бiрден бiлдi. Бес ай бойы жаналғыш әзiрейiлi Рақымжан мен фукожаң Лидi, жантық Қасыпбайды бұл танып болды ғой.
– Әлгi фукожаң Лидiң арқасы ғой, – деген Қасыпбай-жантық үнi тағы қосанжарласа кеттi. – Мырза, Ли Шәуешекке менi жiберiп, Айтқазыдан мұның шекарадан қашан өткенiн, Шәуешекте кiмдермен байланыс жасағанын, өзiн қалай ұстағанын – бәрiн алдыртты ғой... Өзi де бiр сұм екен, сөзi шикi болса да, iсi мен iзi қылаусыз. Олар Шәуешектен Алтайға баруына амалсыз рұқсат берiптi, – деп баяндай жөнелiп едi, Рақымжан:
– Жә, дiлмарсыма! – деп жекiп тастады.
Ғали болса, ең алғаш тiл қатқан бейтаныс адамның таныс даусын қайдан ғана естiп едiм деп, ойына түсiре алмай дал.
– Ғали! Ғали! Сен Алтайға емес, Үрiмжiге неге бармадың? – дедi осы бiр сәттi күткендей жұмбақ дауыс. Сонда ғана Ғали Дәлелхан Көгедаевты даусынан таныды. Жүрегi де қатты қозғалып қалды. Ғали: «Менiң анам Үрiмжiде екенiн саған айтып үлгермеген ғой, сенiң Советiң...» деген Дәлелхан сөзiн естiген де жоқ, «Бұл қайдан жүр? Орал қаласында – Совет Одағында – Қазақ ССР-де едi ғой...– деген сұрақтар санасын сiлкiлеп өткен. – Бұ қалай? Қалай боп кеттi?!»
– Үрiмжiге Алтай арқылы барғысы келген шығар... – Рақымжан өз күдiгiн жеткiздi. – Хаду-уаңдай апамызды Алла сақтапты-ау!
– Ғали Мутиев... Аты-жөнiн де өзгертпеген. Маған бiрақ солай танысты ғой: «Мутиев» – орысша фамилия, жалған... Шындығын анықтадыңдар ма? – Дәлелхан дауысы қайта естiлдi.
Ғали iштей ширығып, санасы жылдам сауығып алды.
– Оны анықтай алмадық, – деген Рақымжан даусы шықты.
– Иә, оның ендi керегi де жоқ. Бұл – батыстың қазағы, – дедi ендi Дәлелхан дауысы нық естiлiп.
Ғали бiрақ үндемеген күйi мелшидi. Бар сыры ашылғанын түсiндi. Ендiгi жасырынбақ пен жалтарудың жөнi де жоқ. Бiрақ Дәлелхан айтпақшы, мұның өзi де «ендi керегi жоқ»... Сонда бұл сыр ашпай кеткенi абзал.
– Ғали! – дедi Дәлелхан даусы. – Менi таныған шығарсың?
– Жоқ!
– Жә, жұмбақтамай-ақ қоялық. Мен Дәлелхан Көгедаевпын.
Ғали үндемедi.
– ...Соқыр болсаң да, дауысты айырар шамаң бар шығар.
– Подполковник мырза! – деген Қасыпбай үнi жағына шықты. – Бұл бәрiн де айырады. Бүрге мен биттiң тысырын сезедi.
– Мырза, – дедi Рақымжан да, – бұл бiр Советке берiлген ит екен. Айтқанынан қайтқан емес. «Төремiн» дейдi ұялмай, Көгедайларға туыспыз дейдi шiмiрiкпей... Қалғанын өзiңiз бiлесiз. Совет де iздеп жатқан жоқ. Құнсыз неме ғой.
– Совет құрбандыққа шалған ғой, шамасы... Орысқа қайдағы бiр қаймана қазақ кiм? Қазақ – құнсыз... Қазақ – құрбандық... – дедi Дәлелхан даусы.
Ғалидың тұла бойы шiмiрiктi. «Құнсыз құрбандық екен-ау!..» деген ой қамшыдай осып өттi.
– Ендi танитын шығарсың? Оралды есiңе ал! Менiң жазып берген хатым да есiңде болар... Оны қалай ұмытарсың? Ол хат қайда?
Дәлелхан дауысында зiл мен қаталдық қатар бiлiндi. Әлi де екi ойлы болып отырған Ғали хатты сұрағанда, көндей құрыса қалды. Не болса да танымағансып, мойынға алмауға бекiдi.
– Тiлiңдi жұтып қойдың ба, тыңшы? Сөйле! – деп кекеткен Қасыпбай үнi жеттi.
– Тағы да тiсiн қағу керек! – Бұл – Рақымжан даусы.
– Ақымақ болмаңдар! Сендер де бiр, «айт!» десе арс еткен алыпсоқ төбеттер де бiр... – деген Дәлелханның жақтырмағаны естiлдi. – Барлаушыны ұрып-соғып көндiре алмайсың, бұл саған ұры-қары емес, таяқтан қорқатын. Жаны да сескенбес... Ғали, менi шешем Хаду-уаң Советтен сұратып алды, Совет консулдiгi арқылы... Сен шешемнiң Үрiмжiде болғанын бiлмейсiң ғой. Мен сенi Шығыс Түркiстанға өтпеген шығар деп ем, сөйтсем Ақ Жайық бойы мен Алматының ойынан Алтайдың басына бiр-ақ шығыпсың. «Ауруыңды жасырғанмен, өлiмiң – әшкере» деген, Совет сенi сатып жiбердi. Ендi кергудiң де, кергiлесудiң де қажетi жоқ. Мен өткен қырық үшінші жылы Советтен оралғам. Содан Алтай аймағына бүгiн табаным тиiп тұр. Үрiмжiден мұнда аймақтық полицияның тергеу бөлiмiнiң бастығы боп келдiм. Сенiң iсiңмен әзiрде ғана таныстым.
Ғали ойланған күй танытып, Дәлелханды жауапсыз қалдырды.
– Бұған сөз өтпейдi, оқ қана өтедi, – деген Рақымжан дауысы Ғалиға әсер ете қоймады.
– Подполковник мырза, бес ай бойы былқ етер емес, дiнсiз Совет қой... – Қасыпбай үнiнен лажсыздық бiлiндi: «Кәпiр!»
Ғали:
– «Кәпiрдi» қайтесiңдер қинай берiп, – деп қалды. Бұл сөз аузынан оқыс шығып кетiп едi.
– Әлi де ойлан, – дедi Дәлелхан даусы.
– Бес ай еркелегенi де жетер! – деген Рақымжанның рақымсыз даусы қабат шықты.
– Қысқарт, поручик! – деп, Дәлелханның дауысы зеки естiлдi.
Бiр сәт бәрi де үнiз қалды.
– ...Менiң бағана айтқанымды бұлжытпай орындаңдар! Бұл әлi, сендер ойлағандай, ит кемiрген сүйек емес... Лимен өзiм сөйлесем, – деген Дәлелханның даусы бұйрықты қатқыл шықты.
Темiр есiк бұралқы қаншықтай қаңсылай ашылды, қиқылдай қайыра жабылды. Тұтқын Ғалидың тозған жүйкесi тағы сыр бердi: жағы жыбырлап, тiсi шықырлады.
– Ей, соқыр сорлы! – деген Рақымжан Бұлғыновтың зығырданы қайнаған даусы естiлдi. – Сенiң күнiң бәрiбiр санаулы... Дәлелхан құтқарып қала алмайды!
– Дәлелханыңды танымаймын! Оның не деп сандырақтап кеткенiн өздерiң естiдiңдер, менiң не дегенiмдi де бiлесiңдер. Мен өлiмге дайынмын! – дедi Ғали да қасарысып.
– Оған асыға берме, «асыққан – сайтанның iсi», – деген Қасыпбай даусы қитығына қайта тидi.
– Тәжiкелесiп қайтемiз, сендер күштiсiңдер! «Күштiнiң к... диiрмен тартады», – деп бұл да бұға алмады.
– Әлгi төреңе «төлеңгiтiң едiм» деп жүрме! – деген Рақымжанның ескертуi естiлдi.
– Өзiм де төренiң тұқымымын... Сенiң төреңе тiл безей алмаспын.
– Мiне, мұның жөн!
Бұл жолы тыңшыны «тас қапшыққа» түсiрмедi. Шынжырларын саудырата дедектетiп тысқа алып шықты. Күштi күн сәулесiнен мұның суқараңғы жанары әлде қандай жарықты аңғарды. Бес ай дегенде түзге тұңғыш шыққанын осы бiр сызаттан сезiндi.
Қыран өзенiнiң тасыған гүрiлiн құлағымен естiдi. Алтай таудың кәусар ауасын кеуде кере жұтты.
– Жарық жалған-ай!..
Өзiнің де күтпеген даусы оқыс шығып кеттi.
* * *
Суалған жанары түбiн күн сәулесi суырды. Суқараңғы тартқан жанарында жұмбақ жасын ойнады бiлем, бұлыңғыр дүниеге белгiсiз бiр сызат түстi. Әлгi сызат сәлден кейiн сұрғылт тартты.
Маңдайын күнге берiп, жүзiн жарық пен жылуға жалата шалқайған Ғалиды Қасыпбай жұдырығымен түйiп жiбердi. Көктен түскен көктем қуатына көзi мен жүзiн тосқан тыңшы шалқақтай барып, шатқаяқтай жығылды.
– Ой, көтерем сорлы-ай! – деп келiп, Қасыпбай қолтығынан демедi. – Неменеге шалқақтайсың, ақымақ!
– Әй, Қасыпбай, тоқтай тұршы! – деп өтiндi ыңыршағы шыққан Ғали. – Бес ай бойы күн көрмедiм ғой, соқыр болсам да сәулесiн сезiнейiн!
– Күн сенiң не теңiң?! Суқараңғы емеспiсiң... сорлы-ау!
– ... – Ғали үндемедi.
– Сендердiң бәрiң де суқараңғысың... Советтiктер – суқараңғы, – дедi Қасыпбай сөзiн жұта алмай. – Қазақтар – соқыр...
– Сондықтан да сойылдасып жатырмыз, – деп бұл да булығып қалды.
Ары қарай екеуi де ернiн қимылдатқысы келмегендей, № 2 түрмеге бет түзедi. Тұтқынның тұтылып қалған жанарына көк нұры құйылып, тарамыс тәнiне қуат берiп, қара түнек бұлыңғырлана күңгiрттенiп, әлсiз сұрғылт сызат сүт түске енген. Соқыр көзiнен жас жылымшылай ағып, жанарында жасудай сәуле жүгiрдi. Ғали өзiнiң бiржолата саусоқыр болып қалмағанын сезiндi.
Оны әлде бiр жарық камераға әкеп тықты. Камера iшiнде тағы бiреу бар екенiн бұл анық ажыратпаса да айырды. Жарық түсiп тұрған терезе жақты тұман түстенген сағымды сәуледен айырған Ғали әлде қандай үмiтпен солай қарай қабырға жағалап қозғалды.
Кiсi бойы биiкке орналасқан темiр торлы терезеден көкек шуағы себездеген едi. Ғали шуаққа тар маңдайын төсеп, көз аясы шымырлап, кiрпiгiн кейде ашып, кейде қамастырып ұзақ тұрды. Бойына да бiр қуат жүгiрiп, тәнi талмаусырады. Жанарына жұмбақ бiр жарық оралып, күрт көрiп кетпесе де, әлгi бiр әлсiз сәуледен айрандалған әлем пайда болды.
Бұрыштан бұған таңдана қарап, сабан үстiнде жатқан Қаби5 ақырын ғана жөткiрiндi. Ғали бiрақ Қабиға мойын да бұрған жоқ. Терезеге телмiрген күйi тұра бердi. Қаби сонда да тiлге тартуға тырысты.
– Оу, туған! Бермен кел! Отыр!
Анау бiрақ селт етпедi. Сүйегiне ғана iлiнiп, түрi аруақ боп қалған ақсөңке тұтқынға таңданысын жасыра алмаған Қаби:
– Бауырым-ау, өзiң қазақпысың, қалмақпысың?! Қу сүйегiң ғана қалыпты ғой, – дедi.
Ғали тағы да тiс жармады.
– Иә! – дедi Қаби өзiмен-өзi сөйлескен жынды адамша: – «Екi елi ауызға – төрт елi қақпақ». Жөн-жөн... Сенбегенiң де жөн. Сендiм дегенше, өлдiм де... Қасың қасыңнан шыққан, жауың жаныңнан табылған заман-ай! Амалың қайсы?!
Қаби да үнсiз қалды. Жарықтау камера iшiнде тыныштық орнады. Саудыраған сүйегi сiңiрiне iлiккен, ұзын бойлы Ғали да белден соққан жыландай кирелеңдеп, бұрыштағы сабан мен ағаш үгiндiсi жайылған жерге жатты. Жерi жер емес, төселген қара тас едi, жамбасынан ызғары жеттi. Ол бiрақ қың деген жоқ.
Бейтаныстың қимылын баққан Қаби да қозғалмады. Камераға Қасыпбай итерiп кiргiзген жазалының саусоқыр екенiн Қаби ендi ғана бiлдi. Тұтқын өлi көзiн көп аударып-төңкермей, әлде қандай жаққа телмiре, қара көздерiн қашаудай қадап қарайды екен.
Қаби бұрындары естушi едi, қытайлар қолайына жақпаған тұтқынды жер астындағы қараңғы зынданға айлап қамап, суқараңғы соқыр етiп тастайды екен. Ондай жерасты жайлары Үрiмжi мен Құлжада ғана емес, осы Алтайда да бар екен десетiн. Бәлкiм, бұл да сондай зағип... Сондықтан күн шуағын сағынған болар, сондықтан тiрi пендеге сенбейтiн болар, жаны да жатсынған шығар.
Күн шуағынан көңiлi көтерiлiп, тәнi жiпсiген Ғали Естаев бiр сәт көзiн жұмды. Өткен өмiрiн ойлады. Әлде бiр терең түйсiкпен тағдырының тұйықталып та қалғанын түйсiндi.
– Ғали, – деп едi-ау бастығы Мирошин Алматыдан аттанарда, – сақ бол! Сапарың қауiптi, сәттiлiгi өзiңе байланысты... – Қамқорси сөйлеп, салмақты өзiне салған. Сөз ләмiнен суық бiр леп те соққан.
Сонда-ақ қарадай сескенген Ғали:
– Иван Андрианович, қытай тiлiнен де мақұрыммын. «Жалған» тағдырым да күдiктiлеу. Қалай болар екен? – деп едi-ау!
– Автобиографияңда ақау жоқ. Оған олар сенедi, сенбеске шарасы жоқ. Тек сен «төре» тұқымымын дегеннен танба! Павлодардың Баянауылын айта бер, – деген ол өз-өзiн сендiре. – Қытайлардың «төре» десе төбе шашы тiк тұрары белгiлi, бiрақ қазақ-қырғыз бүлiнсе, төре тұқымына арқа сүйейтiнi ақиқат. Орыс бiздер де сөйтемiз ғой. Қазiр о жақта да қазақ бүлiнулi. Бүлiктi бастап отырған асау қазақтар болса да, оны қолдап отырған бiздер. Ақ қытайларды қусақ, ол өңiр де бiздiкi болар деген үмiт бар... Тiптi болмағанда, коммунистiк режим орнатамыз. Осы жағы да есiңде жүрсiн!
– Оған қытай көнсе де, қазақ көне қояр ма? Тағы «банды» атанады ғой, – деп қалғанын Ғали өзi де бiлмедi. Айтылар сөз айтылып қалған соң, ақталып та жатпады.
– Сенiң осы өткiрлiгiң – өзiңе сор, – дедi бастығы, бiрақ кәсiби кәнiлiгiне басып, Ғалиға бiр ауыз сөзiне бола шүйлiге қоймады. – «Банды» демекшi, – деп әңгiме арнасын бұрып әкеттi, – әлгi Құныскерей6 қарақшы туралы да анықтауға тырысасың ғой... Оның iзi Иран мн Дағыстаннан шықпады, Шығыс Түркiстанға өтiп кетпедi ме деген күдiк бар. Инструкциямен жете таныстың ғой, онда бәрi де көрсетiлген. Қазiр Советтен қашқан қарақшы қазақтардың көбiсi сол өңiрде жүр. Алашордашылар тұқымы Ғаббас Амантаевтан бастап, семейлiк алашордашы Шәкерiмнiң ұлы Зият7 қашқын да Алтайға барып жасырынған. Олар туралы да мәлiметтердi мол жинауың қажет. Оларды Гоминдандық қытай өлтiрiп тастаған болса, тiптi жақсы! Жауларымызды екiншi бiр дұшпанымыз жайратып берсе – досымыз болғаны... Жұмысымыздың жеңiлдегенi. Бәрiнен де айламыздың асқаны. Ал Делелханның хаты мен фотографиясын Шәуешектен Алтай-Сауырға барарыңда жансыздар арқылы Зайнуллин8 қолыңа тигiзедi... Хош!
Мирошиннiң байсалды да өктем үнiнен ептеп мақтаныш сезiмi де аңғарылған едi...
«Барлаушы Ғали Мутиев» атанған бұл сол бетiнде Семей жерiне жататын Бақты шекара бекетiне жетiп, 1942-нiң 6-қазанында Шәуешекке табаны тидi ғой. Қазiр 44-тiң көктемi... Уақыт та жұлдыздай ағыпты.
Бес ай бойы бесiкке таңылған сәбидей, тас зындан түбiнде жамбасы тесiлiп жатқанда талай ойға батқан-ды. Тар қапас, түнек iшiнде тулақтай қатып-семiп қалса да, ой түбiне жете алмаған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын талай мәрте қағып-сiлкiп алып, алдағы күндерiнен күдерiн үзбеген.
Жиырма алтыға осы жазда ғана келетiн жас өмiрi қазақ даласының батысындағы Жымпиты өңiрiнде басталыпты. Аласапыран уақта апыл-тапыл басыпты. Балалық шағынан ерекше таңбаланып қалған екi-ақ жай: әкесi жаз жайлауы Жем бойына көшетiнi – өзi Жемнiң жыртылып-айырылатын балығын аулайтыны; ендi бiрi – мұның 13 жасында елдiң үркiндiге ұшырап, Жем бойында әкесiнiң қызыл жұлдызды милиционердiң оғына ұшқаны... 1931 жыл едi.
Кейiн Жымпитыдағы мектеп, Оралдағы рабфак, одан Алматыдағы НКВД мектебiнiң тыңдаушысы, ақыры мiне, Алтай аймағы, Сарысүмбе қапасы... Бәрiнен бұрын Дәлелхан Көгедаевтың алдын орағанын айтсаңшы! Оралда жазылған хатын сұрайды. Оны несiне сұрайды? Бұл бәрiбiр оның анасы Хаду-уаң мен әкесi Әлен-уаңның шаңырағына, солар арқылы абақ-керей елiнiң игi жақсыларының төбе шаңырағына жете алмады ғой. Оған жеткiзбедi де. Хат пен фотосурет болса Қыранның жағасындағы әлде бiр жартас қуысында тығулы жатыр. Оның ендi пәрменi де шамалы, құндылығы да жоқ. Бiрақ бұған айрықша қымбат.
Сол хатты жаздырып алу үшiн және Дәлелхан төремен өзi де «төре тұқымы» ретiнде жете танысу үшiн Оралға барғанда Маңғыстаудан бiр-ақ шықты емес пе?! Алматыда қалған Нафиса сұлудың немере ағасы Құрманғали қашқынмен де сол жолы тағдырлары түйiспедi ме?! Түйiстi. Нафисамен де сол үшiн жүз шәйiстi: «банды ағаң бар екен, менен жасырдың» деп шүйлiктi... Дәлелхан хаты сонысымен де ащы, сонысымен де шерлі.
Хатта: «Апа! Әке! Барша туыстарым! Маған қандай қарасаңдар, жолдасымды да сондай көрiңдер. Мен үшiн қандай да бiр iске баратын болсаңыздар, бұл адамға да сондай қарыз iс етiңдер! Өзiм туралы осы жiгiттен егжей-тегжей бiлесiңдер. Сау болыңдар! Елхан. 12.VI.1942» деп Дәлелхан есiмi жасыра жазылған едi.
Осы хаттың көмегiмен Алтайдың күнгейiндегi қазақ елiнiң жұрт билеген игi жақсыларының арасына енiп, сенiмiне кiрiп, одан әрi инструкцияны Сарысүмбедегi Советтiң вице-консулы Зарып Абузаров9 арқылы алмақ едi... Шәуешекте жергiлiктi полиция жетi ай бойы Алтайға кетуiне рұқсат бермедi. Мұның айтқан «аңыз-өмiрбаянына» сенбеген сыңай танытты.
Бұл: «Әкем Мүтей Павлодардың Баянауыл өңiрiнен, төре тұқымы, бай болатын. Октябрь революциясына дейiн Орал облысының Жымпиты өңiрiнде тұрған. 1918 жылы, яғни мен туған жылы атаман Дутовтың ақ орыс әскерi қалдықтарымен Шығыс Түркiстанның Құлжа өңiрiне ауыпты. 1919 жылы әкем қайтыс болып, 1926 жылы шешем менi Союзға алып қайтты. Құлжада Жерғалан деген жерде тұрдық. 1929 жылы «бай-құлақты жою» басталғанда шешем байғұс әкемнiң Кәрiм деген iнiсiмен тағы да Қытайға қашты. Менi кейiн тағы оралармыз, жол ұзақ, қатерлi деп алыстау туыстардың үйiне тастап кеткен. Содан берi олардан хабарсызбын. Әлде бiреулерден Алтай жаққа кеттi деп естiгенмiн... Ал Совет елiнде 1938 жылы менi «Қытайдың шпионы» деп үш жылға соттап жiбердi; ату жазасына кеспей, жеңiл ғана соттағаны – Қытайға өз еркiмен емес, кiшкентай сәби шағында әке-шешесiнiң әрекетiнен барған, бiрақ шекара бұзғаны үшiн жазаға тартылсын дедi. РСФСР Қылмысты iстерiнiң 84 бабымен Еңбек колониясында жазамды өтеп, соғыс басталған 1941 жылы босатылдым. Бiр жыл жүрiп Шынжаңға қайтуға рұқсат қағаз алдым» деген. Алматыдағы Қытай консулдығы мұның «аңызы» мен құжаттарына сенгенмен, Шәуешек пен Сарысүмбе полициясы сенбедi. Соңынан «көз» ертiп, «салпаңқұлақ» салды. Ақыры Тұрдахунмен Бурылтоғайда тұтқындалды.
Тұрдахун – Құлжа жағының ұйғыры едi. Ол Көктоғайда «асыл тас» атанған берилий мен алтын қазуға келген Совет геологтарының артелi құрылысын ұйымдастыруға көмектескен-дi. Алтайдағы қазақтардың азаттық көтерiлiсiне орай артель жабылып, «геологтармен бiрге Советке кеткiсi келдi» деген сылтаумен, Тұрдахунды тұтқындаған Бурылтоғай полициясы Ғалиды да тұзаққа түсiрген. Сөйтiп Көктоғай, Шiңгiл жағын жайлайтын Оспан батыр ордасына жол табам ба деп, Көктоғай алтын-кен артелiн жағалаған ақырғы үмiтi де кесiлдi.
Тыңшының тыңшылық iсi де тауыс-тәмам... Қисық-қыңыр тағдыры да тұйық-ұйық!
Ғали жамбастаған күйi күйзеле күрсiндi. Көзi iлiнiп кеткен Қаби оянып кеттi. Қапас iшi тұнжырай қалыпты. Күн еңкейiп қалса керек. Саусоқыр тұтқынның жансыз жанарынан жас парлап жатыр.
Асқар Алтай
Жалғасы мына сілтемеде.
Пікір қалдыру