ҚЫРАН ТҰТҚЫНЫ («Сират» романынан үзінді). Жалғасы.

/uploads/thumbnail/20170708221902876_small.jpg

Жалғасы. Басы мына сілтемеде.

Түн тыныш өттi, бiрақ ызғарлы болды. Тас қабырғалардан әлi де аяз қарып, екi тұтқын да жаурап шықты. Түн ортасына қарай соқыр тұтқындасының тiсi-тiсiне тимей сақылдаған соң, Қаби: «Әй, сорлы! Кiм болсаң да маған жат емессiң. Сенi жау тұтқан мына гоминданшылар – менiң де қас жауым. Түбi тiлегiмiз бiр» деп келiп, Ғалиды бауырына ала, құшағына қыса, шолақ iшiгiмен жамыла, айқаса жатқан.

Ал алакөбең тыстан жарық айдың сәулесi қапастың тор терезесiнен өлеусiрей түскен едi.

Ертеңгiлiк быламық астан кейiн екеуiн де екi жаққа бөлiп әкеттi. Ғалиды ақ түстенген сызат әлемге Бұлғыновтың өзi алып шығып, кеше ғана әкелген бiрiншi түрмеге қарай дедектете жетелеп жөнелдi. Тағы да тас қараңғы сұрақ камерасына алып келдi. Камерада тағы бiреу тосып отырғанын бұл бiрден-ақ сездi. Сыртта сезiнген сызат та жоқ болып, баяғы саусоқыр кейпiне ендi. Көктем көк шөбiнiң иiсi мұрын жарған ауа да сап тиылып, жер астының сызды, ауыр иiсi танауын жайлады.

Камерада мұны күтiп отырған Дәлелхан шығар деп ойлады, бiрақ олай болып шықпады. Пышақ жанитын Қыранның қайрақ тасындай жұқалтаң Ху Ли екен.

– Дәлелханды көрмесең де, көңiлiң көтерiлiп қалған шығар, – дедi қазақша еркiн сөйлейтiн әдетiнше. Өзiн «сiбемiн»10 деп жасыратын, бiрақ бала кезiнен Үрiмжi маңындағы қазақ ауылы iшiнде өскен қытайдың тiлге жатық екенi мұндағы Бұлғыновтарға белгiлi едi.

Рақымжан:

– Қадiрлi фукожаң! – дедi кейде ұстай қалатын түлкi мiнезiне басып: – бұл бейшара жансыз батыстан келген Дәлелханның дәл бүгiн шығысқа – Үрiмжiге аттанып кеткенiн қайдан бiлсiн? Бiлсе – сiзге мың да бiр рахметiн жаудырар ма едi, – деп кекеттi.

– Рақымжан! – деп кенет қытайдың жiңiшке үнi қатқыл шықты. – Сен адаспа! Үрiмжiге мен жiберген жоқпын, Шыңсысайдың өзi шақыртты... Шешесi де күтiп отырса керек. – Фукожаң Ли өзiнiң алыстан орағытқан арамза сырын Рақымжанның ашып қойғанына шамданып та қалды.

Бұлғынов бастығының жел жағынан шығып қалғанына қапаланып, өшiн Ғалидан алғысы келгенi де сезiлдi.

– Бұл ит бес ай бойы басымызды қатырды ғой!

– Бес ай бiрақ бес-ақ күндей болды ғой, бит шаққан құрлы көрмедi, – деп, Ли де iшiнде түйiлген кектi ашуын бiлдiрiп алды.

Ғали ернiн тiстеген күйi тiлсiз қалды.

– Ғали, – дедi кенет даусын жұмсартқан Ху Ли: – Советтiң Орал қаласында Дәлелхан Көгедаймен жолыққаның, сенiң «КГБ агентi» екенiң, мұнда арнайы жiберiлгенiң туралы бiзге белгiлi... Советтен шылбырын үзiп келген Дәлелхан да, Үрiмжiдегi Совет консулдығы да айтып бердi. Бәрi де мойындап отыр. Сенiң мойындауың шарт емес. Сен агентсiң, сондықтан ендiгi жайыңды түсiнген шығарсың: Совет үшiн «тiрi өлiксiң». Олар сатып жiбердi... Сен ендi бiзге қажетсiң.

– Фукожаң мырза! – деген Рақымжанның қатқыл даусы бүйiрден шықты. – Совет бұдан баяғыда-ақ күдер үзген ғой, әйтпесе Дәлелханды бұ жаққа босатып қоя берер ме едi?! Бiрақ бұл кеще түсiнетiн емес. – Сөзiнен шарасыздық бiлiндi.

– Паручик, – дедi Ху Ли Рақымжан Бұлғыновтың әскери шенiн әдейi шығыс түркiстандықтарша орысша айтып, бiр жағынан Ғали құлағына жайлы естiлсiн деп. Ғали ендi түсiндi... – Оған мен сенемiн, сондықтан да сырымды ашып отырмын. – Тергеушi қытай бiр сәт тоқтай қалды. – Ғали, өткен өттi, кеттi... Бiр-бiрiмiзге деген өкпе-кектi де қояйық! Өйткенi сен көз тiгiп келген бүлiкшiлерге бiз де көз тiгiп отырмыз. Бұл, сендерше «банды», бiзше «құйыршық» қазақтар – екеумiзге де жау... Бүгiн бiзге болса, ертең сендерге оңай соқпасы анық. Совет сондықтан да сендей «бағалы» адамын жiберiп отыр. Оны өзiң де түсiнесiң.

– Мырза, несiне мәймөңкелеймiз? Турасын айтсаңыз! – дедi Рақымжан Лидiң қиыннан қиялап айтқан әңгiмесiне шыдай алмай. – Бұл ит – жыланның аяғын көрген залым. Тегiн адам «жансыз» бола ма? Жиғаны – iшiнде, сыйғаны да iшiнде, сыртқа шығармайды.

– Рақымжан! Сен сабырсыз ба едiң?! – деп фукожаң кейiп қалды, өзiнiң әккiлiгiне, жымысқылығына тән қытайлық мiнезiмен сонда да даусын көтере қоймай, орағыта сөйледi. – Ғали мырза! Сендей азамат күнде табыла бермейдi. Саған шексiз сенуге де болады. Өзiңдi бүгiннен бастап емдеп, дертiңдi жазамыз. Тибет емшiсi дыңдай қылады... Бiз сенi осы түн анау қасыңдағы Қаби дегенмен қашырмақпыз. Ол сенi Сейiтқазы мұғалiмге11 жеткiзерi хақ. Сейiтқазы Алтайдағы Совет консулы Абузаровпен байланысып отыр. Қаби – байланысшы... Сейiтқазы Оспан банды ордасымен де, Ақыт ақын, оның ұлы Қалман қажымен де, абақ-керейлердiң басқа да ақсақал-қарасақал бүлiкшi басшыларымен бiрге. Сенiң Алтай аймағына келгендегi тыңшылық мақсаттағы iстерiңе осылай жәрдем бермекпiз. Бүлiкшiлердiң келешек қимыл-әрекетi, болашақ көтерiлiс жоспары туралы бiзге де, Советке де мәлiмет берiп отырасың. Сөйтiп Советiңнiң өзiңе деген сенiмсiздiгiнен, бiздiң құрығымыздан құтыласың, ал «құйыршық» қазақтардың құмарынан шығасың! «Үш жақты агент» боласың!

– Қабиды да сен үшiн «босатайық» деп отырмыз. Онымен бiрге қашқан соң, алтайлық көтерiлiсшiлер сөзсiз сенiм артады саған. Қаби да сенiң Советтiкi екенiңе сенбеске лажы жоқ. Ши шықса, Абузаровтан шығады... Ол да бiрақ Сейiтқазы мұғалiмге өтiрiк айтып, өз жансыздарынан жалтара қоймас, – деп Рақымжан да қостады.

Ғалидың үн-түнсiз мұқият тыңдағанынан үмiттенiп, өз жағымызға шығардық-ау деп жорыған Ху Ли:

– Ғали, көтерiлiсшiлер арасында адамымыз бар. Хабарды сол арқылы жеткiзесiң ғой. Бiзге керегi – бүлiкшiл бандылардың болашақ iс-жоспары... Советтiң көмегi... Шәуешек, Үрiмжi, Құлжамен қандай бiрiккен қимылға бармақ. Көмектi Совет қайдан кiргiзбек?! – деп, ес жиғызып үлгертпес тәсiлмен тапсырманы жаудырып өттi.

Бұған КГБ-ның «психологиялық мектебiнен» өткен Ғали былқ еткен жоқ. Кезi келген сөздi құлағынан асырып жiберуге тырысты. Бет-жүзi де бүлк етпей, әлде қандай жымиыс суалған жағына үйiрiлiп өттi.

Мұны байқап қалған Рақымжан:

– Мырза, мына ит күлiп отыр, – дедi күдiгiн жасыра алмай.

– Күлсе – күлiп алсын... Келiспесе – ажалы аңдып тұр. Нағыз барлаушы-тыңшы болса, бiздiң ұсынысымыз – алтын... Келiседi. Ақымақ емес қой. – Қытай өз сөзiне өзi иланымды едi.

Ғали бағанадан айтылған балғаның басындай салмақты сөздiң астарын жеңiл ұққан. Ху Лидың құпиялы да зұлым ойының құрбаны бола алмайтынын да жылдам бағамдап едi. Құрбан болса, «еркек тоқты – құрбандық» дегендей, Советтiң-ақ құрбаны болайын деп шешкен.

– Мырзалар, мен қарапайым ғана қазақпын. Бұрын да айтқам, кеше де айтқам, бүгiн де айтам: ешқандай да Советтiң жансызы емеспiн... Советте де «қытайдың шпионы», «жапонның шпионы» деп түрмеге жапты. Мұнда келсем: «Советтiң тыңшысы, жансызы» деп жаптыңдар. Жалпы, «шпионсыз» ел, «жансыз» демес ер қалды ма? Дәлелхан дегендi де танымаймын. Оралда кездескен емеспiн. Алматыда аттай бiр жыл бойы осы жаққа рұқсат ала алмай жүргенмiн. Оралда мен тұрақтайтын не бар, мен қарайлайтын кiм бар? Ар жағында соғыс жүрiп жатыр... – деп, сөзiн аяқтатпастан Рақымжан Бұлғынов ауыздан салып кеп жiбердi.

Аңдаусыз отырған Ғали қарағай орындықпен қоса қаңбақтай ұшты. Күрек тiстерi қыстың күнi-ақ осы қараңғы қапаста қағып алынған Ғалидың қызыл иегiнен қан саулап, темiр татыған дәмдi қанды сiлекейдi тамсана жұтып, орнынан тұруға ұмтылмастан жата бердi.

– Тоқта, Рақымжан! – Ху Ли қатын даусымен шар ете қалды. – Жүрегiм нашар, мен шығып кетейiн!

– Құп, тақсыр! Бұл – құтырған ит қой, қасарыса үредi, қаба бередi... Қайран сөзiмiз қор болды!

– Бүгiннен қалмасын! Әлгi Дәлелхан жол ортадан қайтып жүрмесiн! Оған да сенiм жоқ... Сол ғой келе-сала қорғаштап: «Мұны өлтiрiп жiберуге бiздiң хақымыз жоқ. Ондай күштi құқ берiлген жоқ... Артында Советтей сұраушысы бар. Совет консулы Евсеевке12 хабарласу керек. Әлi Шыңсысайдың өзi сұратуы мүмкiн! Бiзге керек.» деп сөз шығарған. Ол оралғанша, бiр жақты болсын!

– Осы түннен қалдырмаспын! – деп қаһарланды Бұлғынов.

– Менiмше, – деп кетiп бара жатқан Ху Ли тағы бiр сөз ұшығын тастады, – Дәлелханның өзi де күдiктi... Советте бiр неше жыл болып келдi. Орыспен ауыз жаласпағанына кiм кепiл?

– Әзiрге кепiлдiкке жүрген – шешесi Хаду-уаң...

– Әке-шеше кепiл бола алмайды, – дедi Ли. – Шешесi – Үрiмжiнiң әкiмi, әкесi төре тұқымы болса да, Дәлелханның өзi де «тыңшы» болуы ғажап емес... Орыс төренi билiкке көтерсе де, қытай көтерген емес... «Төре деген төбе» демей ме қазақтар. Олар билiкке келсе, Шыңғыс тұқымы емес пе, бас бермей кетуi мүмкiн. Баяғыда Алтай аймағына әкiм болған дутын Шәрiпхан Көгедай ұрпағын әрең ауыздықтамадық па? Аяғы ажал ғана тыныштандырды... Дәлелханның да соңынан аңду қою керек. Совет оқытты, орысша айтсақ, «вербовка» жасаған болуға тиiс, – деп Ху Ли орыс тiлiнен де хабардар, жүйрiк екенiн сездiрiп қойды. – Бүлiкшiл қазақтардың аласапыраны саябырсысын. Сосын Дәлелхан да құрықтан құтылмас, оны да тергейтiн уақыт келедi... Әкiм шешесi де ара түсе алмайды, әлi!

– Әрине, мырза! – дедi Рақымжан Бұлғынов, бiрақ ар жағынан «менi де тергеуге аласың-ау, әлi!..» деген дық көңiлiне келе қалды.

– Ана Қаби қабанды да өзiң терге! Қасыпбай жарытпас... Түнде өзiм де соғам.

Темiр есiк тiстене жабылысымен, тергеу қайта басталды. Бұлғыновтың бiр өзi-ақ Ғалиды ит жұлмалаған тулақтай ту-талақайын шығарды.

Тыңшы есiнен танып қалды...

 

* * *

 

Каспий теңiзiнiң түбiндей тұңғиықтан шыға алар емес. Шым батқан нiл қаракөк тереңде тәнi зiл тартқан. Дегенмен әлде не жоғары қарай көтерiп, тұла бойы жеңiлейiп қалғандай, бiр күй кеп биледi. Ұлы денесi қауырсындай көтерiлiп келе жатқанын Ғали әлде қандай тылсым бiр түйсiкпен бағамдады. Өзiнiң айдын бетiне көтерiлгенiн барлады. Сонда да көзiн ашқысы жоқ. Жүзiн Каспийдiң толқыны шайып жатқандай, жаны бiр рахат күйге енген. Құлағына кәрi теңiздiң шуылы келген.

Жүзiн жалаған жылы, майда толқынға тәнi иiп, ептеп көзiн ашты. Жанары бiрақ түк те көрмедi. Тiптi жапсары ашылмаған да сыңайлы. Ғали ендi ғана өзiнiң саусоқыр екенiн есiне алды... Әлгiндегi көк теңiздiң түбi де, жүзiн сипаған толқын да алдамшы бiр елес екенiн, соқпа сағымды сезiм екенiн санасымен бiлдi. Әлде қандай ауыс сезiм «бұл кiм болды екен?..» дегендей, суқараңғы жанарына әсер еттi. Күп боп iсiнiп кеткен көз аламайы тағы да ашылмады. Етi қашқан бетi де көнектей боп кеткен едi.

– Ей, сорлы-ай!.. – деген мүсiркеу дауыс та құлағына анық естiлдi. Бiрдеңе дейiн деп едi, тiлi тұтқырланып қалыпты: «Ыс-с-с!» деген әлсiз ысыл шықты.

Басынан сүйеген қол ернiне әлде ненiң ернеуiн тигiздi. Езуiнен салқын су жылымшылап, Ғали ашқарақ балапанша оқыс аузын ашып, қомағайлана жұтты. Салқын су кең сарайын ашып жiбердi. Сонда ғана iш жағының тұз жалағандай шөлiркеп, ал тұла бойының қоламта қарығандай жанып бара жатқанын түсiндi. Тулақтай тәнi лапылдаулы екенiн анық ажыратты. Қызыл тiлi де икемге келдi.

– Бұл кiм? – дедi сабырсызданып, өзiн әне-мiне ғайыпқа кетiп қалатындай сезiнiп.

– Мен, – дедi әлде кiм, – кешеден бергi «көршiлесiң»... Қаби.

– Қаби... Қаби... А-а! Иә! Сен бе едiң?

– Өзiң кiмсiң? Ә-ә-әй! – деп Қаби түңiлiсiн де жысыра алмады. – Ендi бiрақ... ә-ә-әй, адам болмайсың! Сау-тамтығың қалмапты.

– Қаби! – дедi, кенет қайратын жиған Ғали әлгi бiр сөзге шамырқанғандай. – Су бершi!

Таңдайына салқын су тамды. Ғали жанын жиғандай болды. Бiрақ бұла бойын әлденемен буып тастағандай ширығып, шоқ тигендей күйiп барады. Iсiктен жұмық жанары да жабық: көзге түртсе көргiсiз қараңғылық бүркеген. Кешегi әлсiз сызат әлемi көзден бұл-бұл ұшқан. Үңiрейген үрейлi қараңғылық қана иелептi.

Қаби да үндеген жоқ. Мұны да қызыл iңiрге дейiн Рақымжан мен Қасыпбай сұраққа алған. Сұрақта: «Сен Сейiтқазы Нұртайұлының күйеу баласысың. Генерал Дәлелхан Сүгiрбайұлы мен Оспан батырды қолдаушы Сейiтқазы кезiнде Советтен келген... Совет консулы Абузаровпен қандай байланысы бар? Оспанды Абузаровпен жолықтырмақ па? Оспан мен Дәлелханға Совет қанша көмек берiп отыр? Совет Одағының қандай ойы бар? Бүлiкшiлердi неге қолдайды? Өткен 1943 жылы наурыз айында Сейiтқазы мұғалiмдi Үрiмжi түрмесiнен неге босатты? Ондағы Совет пен АҚШ консулдығының қайсысы көмектестi? Хаду-уаң шығартты ғой... Сейiтқазы түрмеден шығысымен АҚШ консулдығында iстейтiн Фрида Майердiң үйiнде жатты. Неге? Фрида Майер де Советтен қашып келген патша офицерiнiң әйелi. Үрiмжiдегi Совет консулы Евсеев пен АҚШ консулы Маккернанның қандай байланысы бар? Сейiтқазы Нұртайұлының үлкен күйеу баласы, сенiң туған бажаң – Зият Шәкерiмұлының Үрiмжi түрмесiнде атылғаны туралы не бiлесiң? Сейiтқазы не дейдi? Зияттың әйелi Мұнира мен ұлы қайда? Ал Көгедайдың Дәлелханы Сейiтқазымен, Совет консулымен байланысы қандай? Сен байланысшысың. Бәрiн бiлесiң» деп ұрып-соғып тергеген едi, бiрақ тап мына бейшарадай ұндай езiп, нандай илеп тастамаған.

– Қаби, – дедi су iшкен тұтқындасы, – сен туралы маған айтты. Бұлар екеумiздi қашырмақ екен... Сенi «байланысшы» дедi. Мен бiрақ келiспедiм. Бұларға қызмет еткiм келмедi, Советке сатқын атанғым келмедi... Сен таңдан ба? Мен Советтiң адамымын. Алтайға арнайы жiберiлген барлаушымын. Совет менi сатып кеттi... Мен бiрақ «Су iшкен құдығыңа түкiрме» деп... сата алмадым! Өз зарым өз iшiмде кетiп барам.

Қаби қаракөлеңке бөлмеде сiлейдi де қалды. Сенер-сенбесiн бiлмедi. Бұл бiр күтпеген сөз төркiнi едi.

Бiр мезгiл тiл iрiккен Ғали:

– Қаби! – дедi қатқылдау. – Маған құй сен, құй сенбе! – Дәл бiр мұның ойын оқып қойғандай, Қабиды елең еткiздi: – Менiң дәмiм таусылған. Көзiм – соқыр, көңiлiм ғана сау... Дәлелхан Көгедаевты көрсең – ескерт: мына сiлiмтiктерден сақ болсын! Ал өзiң дәм бұйырып, бұл қараңғы қапастан құтылып шықсаң, осы Алтайдағы Совет консулы Зарып Абузаровқа мен туралы жеткiз: «Қали Естаев жұмған аузын ашқан жоқ. Советтi сатқан жоқ. Бәрiн де өздерi айтқандай орындады, бiрақ Орталықтың нұсқауы қате... Соның кесiрiнен күдiктi көрiнiп, Қытай полициясы тұтқындады» де... Бұл – менiң ақтық тiлегiм. Сен туралы Рақымжан мен фукожаң Худан естiдiм, сондықтан да саған сенiп жатырмын. Әйтпегенде тiл қатпас та едiм.

Қаби қалжырап жатқан қандасына ендi шүбәсіз сендi.

– Аман-есен шықсам, айтқаныңды жеткiзуге уәде етем! Мен Сейiтқазының күйеу баласы әрi байланысшысы екенiм рас. Бұл баскесерлер бiлiп отыр. Көтерiлiсшiлер мен Совет консулы Абузаровтың арасында бiрнеше мәрте қатынағаным да анық. Хат-хабар тасығаным болмаса, көп нәрсенiң байыбына бара бермейтiнiм де шындық... Ғали, егер бұлар қашырып жатса, Сейiтқазы қайын атам арқылы Оспан батырға да, генерал Дәлелханға да, басқа да қазақтың ел тiзгiнiн ұстаған жақсыларға жетерiңе – мен кепiл!

– Жоқ! Ол ендi болмайтын iс... Мен ендi олардың iшiне кiрiп, сенiмiне енiп, Қытай полициясына да, Совет жағына да сатып, сатқындықпен айналыса алмаймын! Оған ар-ұятым жiбермейдi! Көтерiлiске шыққан қазақтарды ендiгi аз ғана уақытта қолдамасам, қорғамасам, ахиретте де жаным жай таппас... Олардың жолына жаным құрбан!

Ғали сөзi зiлдi шықты. Қаби да өзiнiң қазымырланып кеткенiн сездi.

– Ғали, толық аты-жөнiңдi тағы бiр айтшы, – деп әңгiменi бұруға тырысты.

Түн ортасы боп қалған мезгiл едi. Ай аунап, қапас iшiн қара түнек жайлаған. Түнекке баяғыда-ақ бой алдырған Ғали бұған бiрақ мән бере алмас күйде:

– Естаев, – дедi. – Ұмытпа! Естаев Ғали, Орал өңiрiнен... Есiңде болсын: Шәуешекте маған Шаяхмет Тойкеұлы13 деген қазақ көмек көрсеттi. Оған қиын күнде қапысыз сенуге болады.

– Естаев Ғали... Ғали Естаев, – деп күбiрледi Қаби да қайталап.

– Су бершi!

Қаби босаға жақта тұрған темiр шелектi сипалап жүрiп тауып, бiр күрешке су әкелдi. Ғали сiмiрiп салысымен «У-у-ух!..» деп, жер айыра күрсiндi де, тарамыс денесiн соза жатты.

Екеуi де ендi еркiн тыныс алды...

Кiрпiктерi қамасып-ақ қалған екен, салдыр-күлдiр ашылған темiр есiк даусынан оянып кеттi. Қанша уақыт өткенiн де аңдай алмасты. Қапас iшi әлi қараңғы.

Өлеусiреген май шам жарығынан қалбаң-қалбаң сұлбаны Қаби зорға айырды. Олардың «Ей, советшiлдер! Неғыл деп шалжиып жатырсыңдар?!» деген даусынан Қасыпбай мен Рақымжан екенiн бiлдi. Қабиға Қасыпбайдың советтiк құрым етiгiнiң басы да тиiп кеттi.

– Өз бұрышыңа жат! Бауырың жабыса қалыпты ғой... Асықпа! Арғы жаққа алшаңдай аттанасыңдар! – дедi Қасыпбай қыршаңқы тiлiмен тiстеп. – Мына сүмелектi сүйреп жүрiңдер! – дедi сосын соңдарынан iлесiп, босағаның ар жағында қыдиған қос қытай шерiгiне қытайша. Өздерi дереу шыға жөнелдi.

Шерiктер қараңғыда Ғалиды ыңырсыта сүйреп, есiктi салдырлата жауып, кiлттi сылдырлата салды. Мезгiл таң қараңғысы едi.

 

* * *

 

Шалқалай туған ай да аунап кеткен. Төңiрек қара түнек. Таң қараңғысы. Ауада көкектiң көк иiсi, көктемнiң ызалы сызы бар.

Саусоқыр Ғали ғана сау секiлдi. Онда да бiрақ ой жоқ. Әлгiнде абақтыдан сүйрей жөнелгендегi ине шаншып жатқандай сезiнген тәнi де түк сезер емес. Тұла бойында бiр салғырттық, сезiм-сауанында бiр салмақтылық бар. Бар дүниесi қорғасындай ұйыған. Салқын ауа да жанына жайлы.

Қатып қалған қу сойылдай сүйегiн қос шерiк қаңбақ құрлы көрмеген сыңаймен Қыранның жағасына сүйреп әкелдi. Ғалидың соққыдан қақас еститiн құлағына төмендегi тау өзенiнiң сарыны, тасыған су сарылы анық естiлдi. «Е-е, қара жартас қиясында ататын болды!» деген ой келдi. Бойында бiрақ бiр үркiнiш-қорқыныш сезiмi оянбады. Санасы да салқын күйде сыр бермедi. Жүрегi де жорғадай аяңдады.

– Фукожаң кешiктi ғой, – деген Қасыпбай даусы шығып қалды. – Таң атып кетер!

– Оны күтудiң қажетi жоқ. – Бұл Рақымжанның даусы екенiн де Ғали анық айырды.

– Шерiктерге атқызайық! – дедi Қасыпбайдың өтiнiштi үнi.

– Онда ана тай сабаны несiне алып келдiң? Әй, ақымақсың-ау! – деген Рақымжанның ренiшi естiлдi.

– Түсiнбедiм, мырза! Ол терi тұлыпты қайтемiз?

– Бұл – Ху Лидың тапқан тозағы... «Қан шығармау» дейдi, менiмше «Оқ шығармау», ұқтың ба? Ертең терi тұлып iшiнен шығып жатса, генерал Дәлелханның «бүлiкшiлерiне», Оспан «құйыршықтарына» жаба салуға да оңай... Кінәлі қазақтар болады, – деп, Рақымжан ендi шерiктерге әлде не деп қытайша бұйыра жөнелдi. Оған Қасыпбай да қытайшылап қосыла кеттi.

Тұтқын түк те түсiнген жоқ...

Сөйткенше болған жоқ, жатқан Ғалидың басын көтерiп, әлде не кигiзе бастады. Танауына көктемнiң көк аңқыған сызды ауасы орнына аршаның ысы мен ақтың базданған иiсi келдi. Өзiн тай сабаның iшiне тықпалап жатқанын бұл сонда ғана түсiндi. Тарамыс тәнi оған да тежеусiз келiстi.

Сабаға сiңген ақ иiсi аңқасын жарып-ақ жiбердi. Ғали түшкiрiп-түшкiрiп қалды. Есiне Ақ Жайықтың, Жемнiң жағасында отыратын аз ғана ауылы түстi. Ақты қотара iшушi едi... Тай сабаны тұс-тұсынан тесiп тастаса керек, бұл бiтеу сойылған тай терiсiнiң iшiнде жүрелеп жатса да, емiн-еркiн тыныстайды.

Ғали аңқасын жарған ақтың терi сабаға сiңген қымыз екенiн айырды. Осы бiр сәтте тай сабаны әлде кiмдер көтерiп, арлы-берлi ырғай бастады. Кенет өзiнiң құлап келе жатқанын сездi. Бұл қас қағым мезеттi межелеп үлгергенше, арсы-күрсi ақтарылып жатқан өзенге қойды да кеттi.

Кемiнде он құлаштай биiк жартас үстiнен құстай ұшқан тай саба Қыран өзенінің жал толқынына кеп соғылғанда, жаңқадай боп қалқи жөнелдi. Тұтқынның талыстай тәнi де ауырмады, бәлкiм ауырсынып та үлгермедi. Тай саба төңкерiле келiп, толқын астына көмiлдi.

Тағы толқынды топан су түн түнегiн пайдаланып, күллi Шығыс Түркiстанды басып келе жатқандай тай сабаны обырлана жұтты... Қара құйындай үйiрiлген құла тасқын Қыран суы ғарiп күйге түскен қара қазақты жым-жылас жұтып қойды.

Батқан күнi айдындана атпаған Алтайдай бұла өңiр қараңғылықта бұйығып қана жатыр. Майлы күйедей қараңғылық та қашан серпiлерi күмәндi.

Асқар Алтай

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар