Таныс та бейтаныс - «...Сиыр!»

/uploads/thumbnail/20170708151411214_small.jpg

  Қазақ   киносының соңғы  уақыттағы  аяқ алысы  жаман емес.  «Оскарды»  ойып ала алмаса  да,  отандық  кино  нарығына  шығуда. Көрермен тарапынан  қызу пікірталасқа  түсіп, оң не теріс бағасын алып  жатқан фильмдер  баршылық.  Ал, мерекенің алдында ғана  белгілі  продюсер  Баян  Есентаеваның «Абайлаңыз сиыр» атты комедиясы тұсауы  кесіліп, қалың  көпшілікке жол  тартқан еді.   Басты  рөлдерді  продюсер  Баян Есентаеваның өзі және  Айгуль Иманбаева, Азамат Сатыбалды  сынды белгілі  актерлерлер сомдайды.  Фильмнің ұзын-ырғасы  мынадай:  90- жылдары  Айгүл Маратқызы  атты толық  қыз  ауылдағы мазаққа  төзе алмай,  қалада білім алып,  бойын ретке келтіріп, жіптіктей азаматша, бизнес ханым болып  ауылына оралады.  Сөйтіп,  ауыл әкімінің сайлауына  түседі... Фильм   өзін «сұрықсыз» сезінетін қыздың аққудай сұлуға  айналатынын және ешкімнен кем  қалмайтынын  айтқысы келгендей.  Жарыққа  шыққанына апта  өтпесе  де, киносүйер қауым  фильмнің «жіліктеп» тастаған сыңайлы.  Бүгінде әлеуметтік желілердің  «трендіне» айналып отыр.  Қызық,   кассалы  болсын деп ойлаған фильм  жасаушылары  мақсаттарына  жете  алды ма екен?  Көпшіліктің пікіріне жүгінейік...

    Әйгерім Кеулімжай есімді қыз фильм  туралы әсерін  былай жеткізеді:   «Абайлаңыз,  сиыр»  ды көріп шықтық. Бір көруге болатын туынды. Арасында күліп қойып, көтеріңкі көңіл күймен қарадым. Көп нәрсе етене таныс болғасын (әжелердің етті қолмен жегендегі көрініс, мысалы) жақын тартпай қоймады. Актерлерден Баянның ойыны ұнады. Позитифті, көруге шақырамын»,  -деген  екен.

Ал, Фб қолданушысы Махаббат  Есен фильмге оң баға  береді:   "Фильмді көргенде менде  әртүрлі көңіл-күй болды. Бір күліп  алып, «мен бұл жерде не істеп  отырмын?»  деген түсініксіз сәттер де өтті. Ауылды жерде болған адамға фильмде нәрсе көп таныс: ауыл қалжыңы, әкім, мектеп директоры, әйелдер.  Менің ойымша, өте тамаша туынды. Қазақстан дегенде тек Астана мен  Алматы  деп  ойлайтындар  үшін, ауылды менсінбейтін  қалашылдарға ауыл адамдарының ішінде де интелленттілердің бар екенін, олардың да табысқа  жете  алатынын  дәлелдеді.  Жолы болғыш қыз – біздің заманымыздың нағыз «фантастикалық» кейіпкері. Шынайы көріністер...Кино  «Оскардың» деңгейінде  болмаса да, сіз  бен біздің  қарапайым  өміріміздің бір  көрінісі. Бұл  фильмді біз  көруіміз керек! Себебі,  отандық  кино саласын  қолдау- парызымыз!»- деп  барша  көрерменге  өзінің жақсы  әсерлерін  айта  отырып, фильді  көруге  шақырады.

     «Абайлаңыз,  сиыр!» фильмінде  эпизодтағы рөлде  ойнаған  Алтын Мақсатқызы (аты өзгертілді) фильмге кірмей,  қысқартылып кеткен  тұстардың көп  екенін айтады. Ол:  «Түсірілім  алаңында болдық. Келіндер сайысы  секілді  әдемі  көріністер  кірмей  қалыпты.  Ауыл келіндерінің Айгүл Маратқызынан үлгі алатыны, киім киінуді  үйренуі т.б. Ал,  фильмде ол келіндерді тек  күйеулеріне  қарсы  қоятыны туралы  көрсетілген. Бас  кейіпкердің батылдығына  риза  болдым. Өзін дәлелдеймін деп алға  қарай  ұмтылады.  Мотивация  басым!  Сайлаудан  ұтылып қалып,  ауылдан  қуылып,  әкім  ретінде  басқа адамды сайланғанда ол  мойымайды. Қанша мықты  болса  да,  өзінің әлсіздігін  көрсетіп,  ер адамға  басын иеді. Тәрбиеге  үйретеді. Фильмде  кадрлар  келте  алынған. Фильмнің аурасына  кіре  алмайсың.. Бір эпизодта микрофонның тоғы көрініп  қалған... Бірақ, мұндай фильм  де керек.  Ең  бастысы, фильм  Есентаеваның танымалдығы  үшін  түсірілген. Яғни оның имиджі үшін. Ол  өзін басқа  қырынан  көрсеткісі келген.

   Ал, қазақтандық фильмдерді  мүлде көрмейтін,  тіпті  көргісі келмейтін Асқар  Ұзабаев  есімді көрермен бұл  фильмде адамды кемсіту, жікке,  топқа бөлу өте  басым және  бұл  еліміздің мәдениетсіздігін көрсетеді  деп  ашынады:  «Қазақстан   қашан мәдениетті, адамды оның тек адам болғаны үшін ғана  сыйлай  алатын  деңгейге жетеді.   Фильдегідей  семіз болғаны  үшін мазақтайтын  «ортағасырлық»  санадан адамзат  әлдеқашан алыстап  кеткен.       Фильмнің 1,5 минуттық трейлерін  көріп-ақ,  толық  адамдарға деген  жеркенішті көзқарасты  қалыптастыратынын  байқадым.  Айтатын несі бар, Есентаева керемет  шеберлікпен семіздің рөлін сомдап  шыққан, тіпті ұсақ-түйек нәрселердің өзі мәдениетсіздікті көрсетіп  тұр. Олардың түсініктерінде, семіз адамдардың ішінде тәрбиелі, өзін күте алатындар  жоқ. Ал,  арықтаған бойда оған мәдениеттілік қайдан келе қалады?  Сонда, семіздер «сиыр ма?».  АҚШ-та  толық адамдарға  деген теріс  көзқарасты жою үшін түрлі шаралар жасалады. Ал, бізде осындай адамды  оның денесіне  қарап, жікке бөлетін  фильм түсіреді. Қазақстан  үшін  ұяламын! Ұят-ай!».

     Көрерменнің ойы осы.  Кез-келген фильм  өзінің айтар ойымен  құнды,  сонысымен есте  қалады.  Әрине, адамды оның дене бітіміне қарай кемсіту ұят нәрсе!  Алайда,  мұндай «Абайлаңыз, сиыр» секілді фильмдер  соңы  ауруға әкелетін  семіздіктің алдын-алуға көмектесетін  болар  деп  сенейік.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар