Гүлайымды Алмас тыныш бір кафеге шақырды, себебі әңгімесі ұзақ еді. Олар мұндай «қымбатырақ» кафеде кездеспейтін, бірақ бәрінің жоспар бойынша жақсы атмосферада өтуі үшін Алмас осы жерді таңдады. Бұл жолы Алмастың жүзінде бір салқындықпен қатар қобалжу бар.
Биік туфли киіп, кішкене ғана сөмкесін аппақ қолына қысып ұстап, өзінің сұлулығана сенімді кейіппен кафеге кіріп келген сәтте еркектердің демі ауада қалқыған күйі қалды. Алмастың бетінен сүйіп амандаспас бұрын ернін тілімен бір қайтара сулап алғаны еркектердің дымын құрытып-ақ кетті, әттең. Бәрі Алмасты бақытты жігіт санады, сірә. «Талғамы бар екен»,-деп...
Олар бір-бір бокал коктейльге ғана тапсырыс берді.
-Жаным, көңіл-күйің жоқ қой?-деп бастады Гүлайым оның солғын жүзіне жымия қарап. Алдағаны. Алмасқа оның «жаным» деп айтқаны мүлде ұнаған жоқ, себебі жасандылыққа жақын...
-Сен бақыттысың ғой,-деді Алмас. Сөйтті де, ашуланып отырғанын сездірді.
-Не болып қалды, жан?
-Кеше түнде қайда болдың?
-Айгерімдікінде?..
-Айгерімнің адресі қайда?
-Абай мен Жароков көшесінің қиылысы...
-А, сен неге Наурызбай батыр мен Щевченко көшесінде жүрдің?
Гүлайымның бетіне қан лап қойып, ботадай көздері ары-бері ойнақшып:
-Жан... Просто Айгерім...
-Жоқ, айтпа, маған...
-Жан, жоқ, біз Айгерім екеуіміз ғана тамақтандық кафеден...
-Неге мені алдайсың?
-Мен сені алдамадым... Просто сен уайымдап қалмасын дедім... Сен қызғаншақсың ғой. –Алмас бедірейген қалпы отыра берді. Үнсіздік Гүлайымның жанын жеп, тыпыршытып жіберді де, ақыры шыдамай: -Айгерім екеуіміз ғана отырдық деймін, жаным,-деді.
-Мен неге сенуім керек?
Гүлайым сабырсызданып, қолына телефонын алды дағы, Айгерімге қоңырау шалып, «қатты естілетін» режимге қойды.
-Алло, Айка, кеше түнде кафеде кім-кім болды айтшы?
-М-м-м?.. Екеуіміз ғана отырдық қой,-деген Айгерім тұтқаның ар жағынан сөйлеген сөзін бітіртпей байланысты үзе салды.
-Сен маған сенбейсің!-деді қолы дірілдей бастаған Гүлайым.
Алмас миығынан жымиды да, телефонын Гүлайымның алдына итере салды. Суретте үстел басында: Гүлайым, Айгерім тағы бір жігіт... Суретті жақындатып қарасақ, Тұрарды көрер едік.
-Жан?!-деді Гүлайым шынайы жалынышты үнмен. Алайда Алмастың жүзіндегі салқын бір леп оның бетін қайтарып тастады. –Ол менің досым. Айгерім екеуіміздің досымыз. Просто сен мені қызғанасың... Сосын айтпадым. Біздің арамызда ештеңе жоқ. –Алмастың жанарындағы өкпені көріп, жүрегі дүрсілдеп кетті. –Жан?! Онымен дос болып жүргенімізге үш жыл болды. Оның артық ойы жоқ. –Үн жоқ. –Неге маған сенбейсің?
Алмас дымын құрытып, сөйлемей отырып алды дерсің. Гүлайымды безеріп алған жігітінің мысы басып... Қараңғы бөлмеге кіріп кеткендей... Тұмшаланып... Тұншығып... Демі бітіп...
-Сен маған сенбейсің...-деді ол, дірілі бар дауыспен. –Сен мені сүймейсің!
-Сүйемін сені.
-Сүйсең сенер едің маған...
-Сүю бөлек... Сену бөлек.
-Ол менің досым ғой. Біз бірге киім сатып алуға барамыз, бізге ақылын айтып, көмектесіп жүреді... Оның сүйген қызы бар.
-Ол өзі жігіт пе, әлде...
-Тұрар жақсы жігіт, олай айтпа.
-Жігіт құсап жүрмей ме, қыздардың «подружкасы» болмай...
-Сен түсінбейсің мені,-деп, қыз да қыза түсті. –Қайдасың, кіммен жүрсің, не істеп жүрсің деп шығасың. Мен де адаммын ғой... Құдай сақтасын, мен ондай қыз емеспін. Орнымды білем. Ақыры сенбейді екенсің, осымен қояйық бәрін.
-Мен сені өзіңнен жақсы білем ғой, Гүлайым... Сенің жаның жылтырға құмар. Кино, музыка, теледидарға әбден тойып қалғансың... «Модна» киініп, «стильно» жүргің келеді... Қымбат-қымбат жерлерде отырғанды ұнатасың. Жігіт «достарың» болады, олармен жасырын кездесесің... Бірақ, сенің ойыңша осының бәрі «нормально» да. Ал маған ұнамайды. Жай ғана өмір сүру дегенді түсінбейсің сен... –Үнсіздік. –«Жаным» деп атағаныңды жек көремін, білесің бе, неге екенін? Тұрарды да «жаным» дейсің ғой. –Гүлайым селк ете қалып, көзі шарасынан шығып кете жаздады. – Менің программист досым бар. Сенің бүкіл жазған хаттарыңды оқып қойғанмын.
-Біз бірімізді сөйтіп атаймыз. Біз доспыз, арамызда ештеңе жоқ. Сенсең де, сенбесең де – сол. Егер, Тұрарды жақсы көрген болсам, сенімен мұның бәрін бастамас едім.
-Мен арамыздың таза болғанын қаладым. Артық дос, артық жүріс, өтірікті араластырып, бәрін қиындатып алған өзің... Жоқ, мен сөзімнен таймаймын, сені сүйемін. «Подружкаң» болса, «подружкаң» шығар, бірақ мен енді саған сене алмаймын, кешір...
Гүлайым орнынан атып тұрып, тәкаппар жүрісінен танбастан есікке беттеді. Кафедегі еркектер Алмасты «ақымақ» деп ойлады, сірә...
-Официант, счетті берші,-деген Алмастың сөзін естіген Гүлайым оның артынан шығатынына сенімді еді. Кеудесін тік ұстаған қалпы көше бойынан такси тосып тұрған сәтте артынан Алмас келіп құшақтап алғанын күтті... Тіпті, қалай қарсыласатынын қиялдап, «жібер, мені, сен ақыры сенбейсің маған» деген сөздерді де дайындап үлгерген. Сонда да, өзінің алысқа бармайтынын, Алмастың ырқына бағынып қалатынын сезді.
Кафеден шығып келе жатқан Алмасқа «қарап қоймайын» деп, өз-өзін әрең ұстады.
Алмас көлігінің есігін тарс жауып, зуылдай жөнелді. Гүлайым жалт бұрылып қарағанда Алмастың көлігі кері айналмайтынына көзі жетті. Кетті. Келмейді.
Гүлайым тұрып-тұрып жылап қалды.
Әлішер РАХАТ
Пікір қалдыру