Дағдарыс қыспағында қалған Қазақстан халқы қаржылық қиындықтардан арылар емес. Ақша таппай қысылғандар ке-келген шартпен, кез-келген мерзімге несие рәсімдеуге мәжбүр. Халықтың күйін жақсы білетін қаржы ұйымдары да әлеуметтің әлеуетін байқап, түрлі несиелік бағдарламалар ұсынуда. Мұны ресми мәліметтер де растап отыр.
Бүгінде Ұлттық банк тізімінде 100 шаөты шағын қаржылық ұйымдар бар екен. Екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдардың жұмысын бақылайтын «Бірінші кредиттік бюро» мәліметтері елде күн санап шағын көлемді несие алушылар саны артып отырғанын көрсетеді. Ұйым сондай-ақ, интернет желісі арқылы несиелендіру бағдарламаларының да соңғы уақытта кең қолданыс тауып жатқанын хабарлап отыр.
«Өткен жылдан бері Қазақстанда онлайн режимде несие беретін 10-нан астам жаңа алаң пайда болған. Олардың ұсынатын негізгі өнімдері – «айлыққа дейін» азаматтарға берілетін орташа құны 30-50 мың теңге шамасындағы несиелер», - дейді Бірінші кредиттік бюроның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева.
Ешкім жетсікеннен қарыз сұрамайтыны белгілі. Әлгіндей ұйымдар да соны білген соң бизнестің жаңа түрін барынша «дамытып» жатыр. Осыған дейін мыңдап саналып келген әлгіндей ұйымдар арнайы заң қабылданып, талап күшейген соң біршама қысқарып, қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам ірі шағын несиелік ұйымдар халыққа қызметін ұсынып келе жатқан көрінеді.
Мұндай ұйымдар ұсынатын өнімнің болса бір ғана «плюсы» бар. Ол – көп уақыт пен құжат жинауды талап етпейтін, ұтқырлығы. Ал, тиімсіз тұстары шаш етектен. Солардың біршамасын санамалап көрейік.
Ең бірінші тиімсіз тұсы – пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығы. Алынған несиенің пайызы күн санап артып отырады. Төлем кешіккен әр күн үшін 1 пайыз өсім қосылып тұрады. Сол үшін де ондай ұйымдар қарыз алушыны несиесін тезірек төлеуге асықтырмайды. Себебін түсініп отырсыз. Мұндай өлшеммен несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 365 пайызға бір-ақ жетеді.
Тағы бір кемшілігі, мұндай ұйымдардан несие алып, оны уақытылы қайтара алмасаңыз, оның барлығы сіздің несие тарихыңызға жазылады. Одан кейін әдеттегі банктерге маңайлаудан қаласыз.
Мұндай ұйымдар, сондай-ақ, беретін несиесі үшін (мейлі ол аса ірі мөлшерде болмаса да) кепілдік талап етеді. Ол кепілдік басқа емес – құжат. Жеке бас куәлігі немесе төлқұжаттың өзі. Елімізде жеке басты куәландыратын құжатты кепілдікке қою заңмен тыйым салынғанын және оның арты ірі алаяқтыққа апаруы мүмкін екенін ескеру керек. Бірақ, бұл талаппен таныс болса да әлгілер пысқырып отырған жоқ.
Шағын несиелік ұйымдардың қызмет көрсету сапасының төмендігін де айта кеткен жөн. Несие алушыға жеңілдік ұсыну деген дүниелер оларға мүлдем жат. Сіздің жасаған өтініш, сұраныстарыңызды елемей қою олар үшін түк емес. Сондықтан да мұндай мекемелердің арасында айқай-шу, ұрыс-керіс жиі болып жатады.
Аталған ұйымдардың бізге мәлім тағы бір кемшілігі қарыз алатыныңыз туралы жақын-туыстарыңыздың біразына мәлім болады. Өйткені, несие рәсімдемес бұрын сіз бірнеше туысыңыздың, әріптесіңіздің, тағы басқа танысыңыздың телефон нөмірлерін бересіз. Ал, қаржы ұйымы ол нөмірлердің растығына көз жеткізуі тиіс.
Мұндай мекемелер қызметінің тағы бір күмәнді тұсы қарызын қайтармаған клиенттерден несие өндіру тетіктерінде жатыр. Қарызыңызды қайтармай қойсаңыз олар сізді ешқащан тікелей сотқа бермейді. Оның орнына борышкерлермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтердің көмегіне жүгінеді. Сотқа да солар береді. Неге дейсіз бе? Шағын қаржы ұйымдарының дені қызметтерінің заң аясында және таза екеніне кепілдік бере алмайды. Сот дауы кезінде туындауы мүмкін қосымша сұрақтар мен басы артық тексерістерден қашады.
Сонымен қатар, осындай қаржылық дағдарыстар кезінде қосымша ақша табудың тағы бір тетігі қолда бар зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық техникаға дейін ломбардтарға өткізу. Тұрмыстық қиындықтар салдарынан қыз-келіншектер қолындағы алтындарын осындай орталықтарға өткізіп, ақша алатыны бүгінде ешкімге жасырын емес. Алайда, осы ломбард жүйесіндегі қаржы айналымы мен бағалы заттар саудасы туралы қазіргі уақытта ашық көздерден жүйеленген мәліметтер ала алмайсыз.
Дархан Мұқантегі
Пікір қалдыру