Әтешсіз де таң атады немесе Мәжіліссіз өте шыққан екі ай
Ата Заңға сай Мәжіліс – биліктің тұтас та тегеурінді бір тармағы! Ол органсыз кез келген өркениетті мемлекеттің күні қараң: заңдар қабылданбай қалады, үкіметке «әй, деп, қой деп» қатқыл сөйлейтін құрылым болмай, елді берекесіздік жайлайды. Басқасын айтпағанда, сайлаушылар өздері қалап, сайлап алған депутаттарын сағынып, іздей бастайды.
Ал, бізде болса, рахат! Мәжілістің өз-өзіне қол жұмсап, саяси суицид жасағанына екі айдың жүзі болды. «Қайран менің депутаттарым! Арыстай менің партияларым!» деп, қайғырып жатқан ел де жоқ. Тіпті, билік Мәжілістің жаназасын өзі шығарғанымен, оның қырқын беруді де ұмытып кетіпті!
Әтешсіз де таң атады, оның үстіне біздің әтештің сол таңды шақыратын дауысы да жоқ!
Сол сияқты, осындай бейшара, я бар, я жоқтығы сезілмейтін Мәжіліссіз де кәдімгідей өмір сүруге болады екен ғой. Мәжіліссіз де экономикамыз «қарыштап» дамып жатыр, елбасының өзі барып ашатын гипермакеттер күн санап көбейіп жатыр! Елбасының сапарларының кезінде бір де бір азамат: «Нұреке! Депутаттарсыз күніміз қараң екен! Сол игі жақсыларды мейлінше тезірек құтты орындарына қайта қондырыңызшы!» деп өтініп те жатқан жоқ!
Президент әкімшілігінің құқықтық басқармасы бар емес пе?! Депутаттарды сайлап, жүйкені тоздырып, қаржы шашып, жұртты таластырып қойғанша, сол басқармаға заңдарды рәсімдеу міндетін жүктеп қойсақ болмай ма?
Әрине, бұл ұсынысым Ата Заңға қайшы. Бірақ бізде ондай қайшылыққа кім қарап жатыр? Оның үстіне Конституциясын екі-үш минутта өзгерте салатын ел емеспіз бе?
Әміржан Қосановтың Фейсбуктегі парақшасынан алынды.
Пікір қалдыру