Германия Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқын болған қазақстандықтардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден өтемақы бермек, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Германия үкіметі төлейтін бұл қаражатты 1941-1945 жылдары фашистердің тұтқынында болған отандастарымыз ала алады. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Сыртқы істер министрлігінен осындай жағымды хабар келген.
Алайда, 2,5 мың еуро яғни 1 миллион теңгеге қол жеткізу үшін соғыс ардагерлері тұтқында болғанын растайтын құжаттар ұсынуы керек.
Қазір облыстық әкімдіктерге соғыс ардагерлеріне сауалнама толтырып өтініш жазуға көмектесу тапсырылған. Себебі, арыз бірден Германияға жіберілмек. Ардагерлерден жәрдемақы алу туралы өтініш 2017 жылдың 30 қыркүйегіне дейін қабылданады. Соғыста тұтқынға түсіп, азап шеккен ардагерлер санын жергілікті әкімдіктер анықтайды.