Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсету үшін қосымша 2,6 млрд теңге бөлінеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл қаражат мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті әлеуметтік төлемдерден бөлек қарастырылып отыр.
«Бүгін Мемлекеттік хатшының төрағалығымен жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері пысықталды. Биыл бұл мейрам тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өтеді. Демек, отан үшін от кешкендерге деген құрмет те лайықты деңгейде болуы тиіс», - деп жазады 24.kz.
Өткен жылы жеңістің 70 жылдығында бастау алған игі шаралар да жалғасын таппақ. Елімізде бүгінде 3668 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Оларға арнап акциялар ұйымдастырылады. Деректі фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылмақ. Түрлі әлеуметтік көмектер де қарастырылған. Қазіргі таңда әрбір ардагерге 110 мың теңге көлемінде зейнетақы төленеді.
Өмірзақ Озғанбаев, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы:
- Ардагерлердің кез келгені жеке емханаға барып, медициналық көмек ала алмайды. Себебі, зейнетақының мөлшері жекеменшік емханаға төлеуге жетпей жатады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
- Қазір 3 айдың көлемінде 3300-ге жуық ҰОС ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарды медициналық тексеруден өткізіп, дипансерлік көмек беруді бастадық. Мыңға жуық ҰОС ардагері мен оған теңестірілген азаматтарға 52 млн теңгеге тегін дәрі-дәрмек жеткізілді.