Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасын айналымға шығару туралы әңгімені енді айырқалпақты ағайын айта бастады. Қырғызстанның вице-премьері Аалы Қарашев Бішкекте өтіп жатқан «Еуразиялық экономикалық перспективалар» форумы кезінде одақтың ортақ валютасын енгізу мәселесін жақын күндері қарастыру керек деп мәлімдеді.

«Бізге өте шұғыл түрде валюталық реттеу мәселелерін қарастыру қажет. Атап айтқанда, ұйым ішіндегі бірлескен сауда мен кедендік реттеулерді жүзеге асыру үшін ЕАЭО-ның ортақ валютасын енгізу туралы мәселені қарауымыз керек», - дейді А. Қарашев.
Бұған дейін былтыр қараша айында РФ Мемлекеттік думасының депутаты Леонид Слуцкий Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне арналған біріңғай есеп айрысу құралын әзірлеу бойынша жұмыс белгілі-бір қиындықтарға қарамастан жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Бұл мәлімдеме қоғамда бірқатар наразылыққа тап болып, Қазақстан басшылығы тарапынан күн тәртібінде одақтың ортақ валютасына көшу мәселесі қарастырылып жатпағанын хабарлаған болатын.
Бұл мәселеде ұйымға мүше елдер әлі бір тоқтамға келмегенімен жекелеген шенеуніктер мен саясаткерлер ортақ валюта туралы ауық-ауық еске салып тұратынын ескеру керек.
Оның үстіне ғаламдық қаржы дағдарысының қыспағын АҚШ-тан көретін посткеңестік елдер долларсыздану саясатын қызу жүргізіп жатқанын қаперге алсақ, ортақ валюта енгізу туралы идеяның жүзеге асу мүмкіндігі жоқ дей алмайсыз.
Бұл бастаманың посткеңестік кеңістікте ықпалынан айрылғысы келмейтін Ресейдің тарапынан жиі көтеріліп жүргеніне ешкім таң қалмайды. Алайда, Еуразиялық экономикалық одаққа былтыр тамыз айында ғана қосылған, Дүниежүзілік сауда ұйымының 1998 жылдан бері мүше болып отырған Қырғызстанның ортақ валютаға неліктен құмарта қалғаны түсініксіз болып отыр.