СОҒЫСТАН ҚАЛҒАН ЖЕТІМЕКТЕР (Хикаят)

/uploads/thumbnail/20170708234413614_small.jpg

Олар он бір еді. Әлайдар, Әлихан, Әйтбек, Бақыт, Сағат, Жакен, Қыдырбек, Ескен, Манаш, Мәлік бұлар шешелерінің арқасында есеейгендер. Нағыз жетім, балағынан биті төгіліп тұр дейтін тұл жетім Оразбек пен Қадырды үшінші класқа көшкенде Ленгер қаласына жетім балалар үйіне алып кеткен-ді. Соғыс зардабын буыны қатпай тартқан балалар, қанша аш құрсақ болып жүрсе де, қазанда қалған сорпамен тояттап, калцилі сорпа сүйекке дарып қабырғалы, жілікті, бойшаң, атқа емін еркін мінетін болып жетілген. Суық күз түскенге дейін жалаң аяқ жүргендіктен бе, аяқтары күс-күс болып тілініп, көпке шейін  аяқ киім кие алмай, кисе ақсаңдап «аяғыңды етігің қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деген аталар сөзін еске түсіретін. Соғыстан аман есен жаралы болып оралған ағаларының 41-42 размерлі етіктерін киіп бір жырғап қалатын. Онбірінші - Бағыс әке шешесі, аға жеңгесі бар бақуатты кісінің баласы. Бағыс жеңгесін «жеңге» деп атамай әкесінің атымен «Қыстаубайдың қызы» деп атайтын. Сонысынан ба қайнысын өте жақсы көріп «төрежан» деп сыйлап, айтқанын екі етпейтін. Түнгі бейуақытта келсе де «қайным келді» деп тамағын жылытып бергенде күйеуі қанша ұрысып, бұрқылдаса да сол әдетінен таймай жетпіс жасында қимай қоштасып өз қолынан шығарып  салды. Әкесі кезінде Қаракесек-Мәдимен жолдас болып «Мәдиді қашпақ болды» деп атқан үш милицияны атып өлтіріп Мәдидің сүйегін тауға, бес алты күн жасырып Қарқаралы қорымына арулап көмген үш үзеңгілестің бірі болған жанкешті. «Жұмыс армиясынан қашты» деп қудаланып, Шаян ауылының түрмесінің  дәмін де татқан адам.

1952 жылдың басында Шаян ауылында ұзындығы 80 метрлік, ені 16 метрлік жаңа клубтың іргесі қаланып қабырғасы көтерілді. 30 мыңнан аса халқы бар елді мекенге үлкен қуаныш әкелері хақ. 1953 жылдың 7 қараша революциясының мерекесіне қарсы төбесін жауып, ішкі қара сылақтарын бітіртіп береміз деген уәдесінде аудан басшылары тұрды. Ішіне тас қаланған (контромарка) 7-8 пешті де суық түскенше салынып іске қосылды. Балалардың қызығы кешкі үш мезгіл кино көсетуді бастап кетті. Жаңа клубта кино көрсету табыстың көзіне айналғалы тұр. Бұрын 1880 жылдың басында салынған мешіт-медресенің 1000 адамдық намаз оқитын бөлмесінде кино көрсетіліп, концерт қойылатын. Акустикасын зерттеген мамандар сырын аша алмады. Азан шақыратын биіктігінен күмбірлеген әуезді қоңыр дауыс бүкіл Шаян ауылын шырт ұйқыдан оятып, алты қырдан асып естілетін. Сахнада шырқалған әнге микрофонның қажеті жоқ, кімнің дауысы екенін далада жүріп анықтауға болатын. Енді ол зал-бөлме тың, тыңайған жердің, жаңа астығын қабылдауға жөндеу жұмыстарына дайындық кіріседі.

Мамыр айынан бастап жаңа клубтың айналасы тазартылып, афишалар жаңартылып, киноның аттары суреттермен безендіріліп, көз тарта қызықтратын болды. Ол кезде киноның дені соғыс туралы, неміс фашистерін совет солдаттары қалай жеңгенін, әсіресе жаяу солдаттардың қоян-қолтық соғысы балаларды еліктіріп жіберетін. Кино тарқағанда балалар ентіктерін баса алмай «мен танкист боламын», «мен летчик боламын», «мен комондир боламын» деп даурығып, шуылдап шығатын. Өздерін ересек санаған жетінші класты бітірушілер аудандық партия комитеті артындағы ылғал топырақтан түйгіштеліп соғылған аумағы екі гектардан асатын шарбақтың ішіндегі жоңышқалық, неше түрлі жеміс ағаштары егілген алқапқа кіріп демалыс жасайды. Әңгімелері оқыған кітап, кинолары жайлы болып қыза-қыза келіп арты қызу пікір таласқа айналып, әркім өзінің геройын мақтап өзіне үлгі тұтады. Осы отырыстың ұйытқысына айналған Бағыс:

- Достарым, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықтысын», Аркадии Гайдардың «Тимур және оның командасы» деген кітабын оқыдыңдар, осы аттас киносын да көрдіңдер.

- Оқыдық, көрдік - деп қоштады достары.

- Оқысаңдар, көрсеңдер, осындай команда құрсақ қайтеді? Бірақ аты да, заты да басқа. «Тимур командасын» мектептің пионер  вожатиі мен комсомол комитетіне қалдырайық. Біздер «Жәбірленушілерді құтқару ұйымын» құрайық. Біреудің бір түйір құрты мен бір кәмпиті үшін қорасын тазалап, қиын ойып жүргеніміз жараспас. Қалай қарайсыңдар? Осыған келісесіңдер ме?

- Келістік, келістік – деп еңселерін көтеріп қызыға түсті.

- Келіссеңдер, комсомолдың жарғысындай қысқаша жарғы жазып әкелемін. Соны,  талқылап бекітеміз. Біздердің бастарымызды асық ойнаған, доп қуған балалық, тағдырдың тауқыметі, соғыстың әлегі қосты. Асық ойнау қалғалы бері өмірге басқаша қарап, қызығушылығымыз артты. Кітап пен киноның көп әсері болған болар. Комсомол өз жарғысына қалай қатал қараса, бізде солай қаруымыз керек. Уәдеге берік, тілімізге сақ болайық. Біздің «ұйым» екенімізді не істеп, не қойғанымызды ешкім білмейтін болсын, мойындамаңдар. Ішіміздегі әңгіме сыртқа шықпасын. Ортамыздағы үлкендеріміз Әлихан, Әләйдар мен Ескен соғыстың зардабынан оқуға екі жыл кешігіп келгендер. Қалғандарымыз 1937 жылдың түлектеріміз.

Күн ұзарған шақ. Кешегі уәде бойынша Әйтбектің үйінде бас қосатын болып келісілген.  Кешкі кинодан кейін үйлеріне қайтқан болып ыдырап әр тараптан бас қосып жиналғанда Әйтбектің шешесі дастархан жасап нан мен шәй беріп демдерін алдырды. Көрген киноларын әңгімелей отырып дастархан жиналып апа сыртқа шығып кеткен кезде Бағыс үш тараудан тұратын үш қағазды алып бірінші тарау - «Ұйымның міндетін» оқып шығып таныстырды. Кешегі айтып берген онбір пункт. Қосып алары жоқ болып, бір ауыздан бекітілді. Екінші тарау - «Ұйымның іс әрекеті» деп аталатын сұраққа жауапты елдің қарызға беріп өндіре алмай жүрген ақшасын өндіріп беруден бастауымыз керек. Бұл Темурдың жұмысы емес,  милициның, қала берді, өзіміз оқып жүрген кітаптағы Шерлох Холмстың атқарған жұмысы. Қарыз алу оңай, қайтарып беруге көз қимай, сүйретпелеп жүре береді. Біздің әрекетіміз «қан шығармай бауыздап» ақшаны қайтарту. Басын жармай, көзін шығармай, мұрнын бұзбай, тісін сындырмай алған қарызын иесіне бергізу. Бірінші «жорықты» жақын күндерде бастап сынақтан өтейік. Үшінші тарау – Ұйымның мүшелері жинақталған қордан көмек алуға хұқы бар. Басқа пункт жоқ болғандықтан:

- Біздерге, енді қандай хұқық керек, қағазға түсірейік - деді Бағыс күліп

- Пәле іздеген біреулер елден ақша жинап жүр деп милицияға арызданбай ма?

- Қарыз берген адамнан да, алған адамнан да тілхат алып отырамыз. Аудандық милицияның орынбасры Әбілахат Қыпшақбаев көмектесіп ақыл кеңес беріп отырады. Бүл әңгімені ешкім білмеу керек.

 Базарком, шолақ қол Ешмұхамбеттің елде 10 мыңға таяу қарыз ақшасы бар екенін естіген Бағыс сенер сенбесін білмей «бұл неғылған шашылып жатқан көп ақша» деп баласымен таныстығын пайдаланып, үйіне кітап сұрай барып, Ешекеңмен амандсып сөз арасында бәрін білетін адамдай «Сізге көп адамдар базар ақысын уақтылы бермей жүр» деп еетіп едік деді Бағыс. Ешекең:

- Сендерге кім айтып жүр? - деп баласынып сенімсіздікпен бетіне қарап алып әкесін жақсы танып, сыйласқандығы себеп болды ма, бір жөткірініп алып:

- Ол қызыл шұнақ Қарасарт ұры, «ұры» демеске амалым жоқ базар сайын 10-15 ірі қараны сойғанын сойып, соймағанын тірідей сатады.  Әлімжеттік көрсеткісі келе ме, базар ақысын бермей жұлқынып, өтпеген малын айдап шығып кетеді. Милицияға да айттым, «мал өтпей жатыр, өтсе бәрін қосып бір-ақ төлеймін» деп құтылып кетеді. Базар сайын орындайтын жоспарым бар, оны керек қылмайды.

- Ешеке, бізде «Жәбірленушіні құтқару ұйымы» деген ұйым бар. Жәбірленген адмдарға көмектесумен айналысады. Ертең командамызбен келіп, сізбен ақылдасайық. Жарайма - деді Бағыс.

- Жарайды.

Келесі күні бесін намазын оқып болды-ау деген кешкі мезгілде «Күлтөбе» ауылында тұратын Ешекеңнің үйіне кірмей биік дуалды қорасына кіріп екі-үш орындыққа Манаш, Бағыс, Ешекең отырды да қалғаны қоршалап сөз тыңдап тұрды. Ешекеңнің көрсеткен тізімінен Қарасартқа байланысты қарыздарды айы, күні, жылымен ақ қағазға көшіріп, жазып алған Манаш астына Ешекеңнің қолын қойдырып алды да?

- Қарасартыңыз келіп «ақшаны қайтарды» деген тілхат сұраса бермейсіз, шын қайтарса дауымыз жоқ - деп сөзін нығыздап қойды.

- Бермеген ақшаға қағаз беріп, жынды болдым ба - деп кеңкілдеп бір күліп алды. Жігіттер де қосыла күлді.

Көп ұзатпай Мәлік, Манап, Бақыт, Әләйдар  Қарасарттың үйінде екенін анықтап алып үйге кірерде бет перделерін киів ішке кірді. Әләйдар есік алдында бақылауда қалды. Шошып кеткен Қарасарт:

- Сендер кімсіңдер милиция шақырамын - деп еді жуан дауысты Мәлік.

- Біз «Жәбірленушілерді құтқару ұйымынанбыз» базарком Ешмұханбетке қанша қарызсыз, соны қайтарыңыз!

- Оттамасын, қарыз емеспін - деп баж ете қалды. Манап Ешмұхамбеттің қағазын көрсетіп еді:

- Ол қағазбен көтімді сүрттім деп шіренгенде Мәліктің ауыр жұдырығы қолтықтың астынан тиіп бүк түсіргенде, Манаптың жұдырығы көкжелкеден қонжиды. «Өлтіремісіңдер» деп әйелі шыр ете қалғанда «қарызды қайтарса өлмейді» деп Мәлік «ертең қайта айналып соғамыз, жауабын дайындап қойыңыз» деп Қарасартты тұрғызып кереуетке отырғызды. Қош айтысып шығып кеткенде қараңғылық түсіп біреуді біреу көрмейтіндей болған. Әләйдар үй иесінің әйеліне «біздің келгенімізді милициядан басқа ешкім білмейтін болсын» деп ескертіп кетті.   

«Жалмауызға да жан керек екен» дегендей түнімен аһлап-укілеп күрссініп шығып таң атпай Ешмұхамбеттің үйіне келіп:

- Бұның қалай, басына қапшық киген бұзықтарды жіберіп ұрып соққызып қарызыңды қайтарайын деп пе едің «қарыздан құтылды» деген қағаз бер. Бар малымды сатсамда келесі базарда беремін.

- Ондай қағаз бере алмаймын. Берсем өзім таяқ жеймін - деп Ешмұхамбет азар да безер болды.

Сөз қысқа қайырылып пәтуаға келмей ренжісіп тарқасқан Қарасарт таңғы шәйін пайыз тауып іше алмай, жиған терген ақшасын қимай дөңбекшіп жатып-жатып көшенің бұзықтарынан таяқ жеп жатқанша «беріп құтылайынға» тоқтады.  Түс ауа Ешмұхамбетті тауып қарызынан құтылып қолынан тілхатта алмай кетті.

- Бұзықтарың енді келсе мен сені бауыздап өлтіремін деп кіжініп кетті.  

Ешмұхамбет ақшаны санап алып, брезент плашын асығыс жамыла киіп Манашты ұйықтап жатқан жерінен үйінен тапты. Ол да ақшаны санап алып:

- Ешеке, мынауыңыз көп қой.

- Көп болмайды. Ұрып соғып, алдыма келтіріп кешірім сұратып ақшаны қайтартқандарыңның бағасы бұдан да қымбат. Сендерге Алла разы болсын деп тез бұрылып шығып кетті.

Бұндай көп ақшаны бұрын ұстап көрмеген Манаш кешкі бас қосуды күтіп ақшаны мамасына беріп қойды. «Бұл неғылған ақша» деп қызыққан мамасына да «ешкімге ештеңе айтылмасын» деген уәде есіне түсіп «кейін түсіндіремін» деп құтылды. Кешкісін бір жеті бұрын афишаланып теңіздегі толқынмен қағысып, үстінен асып түсіп келе жатқан жеңіл кеменің алдыңғы басында қара сақалды капитан-комондирі дүрбімен алысқа қарап тұр. «САДКО» деп үлкен жазумен жазылған жазуға көзі түспеген бала жоқ. Қатты қызықтырған суреттің көрермендері шынынла да көп жиналды. Ашық мұхитта үлкен сауда кемелеріне шабуыл жасайтын қарақшы-пираттар осы кеменің комондирінің есімі-Садко. Кино теңізшілердің өмірінен, тіршілігінен жағалаудағы елдермен таныстырады. Қарақшылардың батылдығын қызықты сюжеттермен көрсетіледі. Балаларды еліктіріп «мен сондай болсам» деп желіктіреді. Балалық емес пе «сен Садкосың» деп аралрынан батырлар іздейді.

ЖҚҰ-ның кешкі кездесуі Жорабай шалдың жоңышқалығында өтіп киноның әсерін бөлісіп біраз демалғаннан кейін Манаш бес мың ақшаны Ешмұхамбеттің қалай әкеп бергенін, не айтқанын тәптіштеп қйталады.

- Ал енді оны не істейміз - дегенде Бағыс:

- Біз өз ризалығымен берілген ақша қорға түсетінін өткенде келіскенбіз. Ақша тиыннан құралатынын білесіңдер. Түскен ақшаның иесі (жауапкер) Манаш, Алихан, Ескен болған. Ақша Манаштың атында Жинақ кассада сақталады. Тұңғыш «жорығымыз» олжалы болғандықтан бір ұсыныс айтайын

- Ертең Әләйдар мен Әйтбекке бір-бір костюм, ботинка, төсек орындарын жаңғыртып берейік. Қалғанын салып қойяық.

          Ертеңіне үш «Қаржыгер» екі костюм, көйлек, ботинка төсектеріне ақжайма алып беріп екі достың ризалықтарын алды.

          Оқу жылы жақсы аяқталып 7«А» класынан Манаш, Бағыс, Бағила екі жағында Ленин мен Сталиннің суреті бар қызыл грамотамен марапатталды. Аудан көлеміне белгілі футбол шеберлері жетінші «А» класының атағын дүрілдетіп тұрған Әлихан мен Сағатты бірін Пеле, бірін Стрельцов деп мақтан тұтатындарын «спорттағы шеберлігі үшін» грмотасы тапсырылды. Демалысқа шығысымен Сағат, Бағыс, Әләйдар жалданып Шаянның саз балшығынан кесек құюмен айналысты. Бір кесек 1,00 сом күніне 500-600 кесек құйылады. Бағысқа әкесі көмектесіп, топырағын қопсытып, су құйып бөктіріп кетеді. Бағыс таңалакөбеңнен келіп 1000 кесекті кешкі 5-6 дейін емін еркін шығарса әкесі мал аяғына бастырмай қорып жүріп, күрекпен босатылған топыраққа су құйып дайындайды. Күніне 1000 сом табыс тапқан баласының қасынан шыққысы келмей түскі тамағын әкеліп жұмысқа деген ынтасын арттырып дағдыланған.

          «Ұйым» мүшелерінің кешкі табысатын жерлері клуб маңы. Киноға белет алып жоңышқалыққа кірген «Ұйым» мүшелері сырт көзге түсіп ел ауызында, оқушылар арасында ұзын сонар әңгімеге айналып «бұларға басқалар неге қосылмайды», «бір кісіден таяқ жемейтін адамды кім ұрып соққан» деген жұмбақтың шешуі табылмай гулеп жүрген-ді. Ешмұхамбет те, Қарасарт та жарытып ештеңе айтпайды. «Өтті, кетті қойыңдардан» басқа сөз жармайды. Милиция басшылығы «бізге ондай арыз түскен жоқ» деп құтылады. Әйтбек, Бекет, Жакен үшеуі айналдырған екі айдың ішінде төрт «жорықтан» күш жұмсамай, тілге көндіріп 10-15 адам алатын зейнетақыны (ол кезде зейнетақы 45 сом) қорға түсіргенін Манаш жария етіп хабарладды. Бұны жақсылыққа жорып үн-түнсіз беделіміздің артып келе жатқаны деп бағалады. «Ұйым» мүшелерінің ләжі болса қол жұмсамай сөзбен табыстыруды басты қару етіп жүрді. Оқу кезінде «Ұйым» мүшелерін ешкім іздеп, мазаламас үшін бөгде адамды «мал тапқыш» Көпбай шалды ішке тартып тыңшы ретінде пайдалануға келісті. Ол кімнің кімде есесі кетіп жүргендерді жақсы білетін. Сенім артқан соң ширай түсері анық. Бірақ оны ұйымның бас қосуына қатыстырмай Бағыспен жеке кездесіп тұратын болды.

«Садко» деген киноны көргелі Әйтбектен маза кетіп «біздің Бағыс-нағыз Садко ғой» деп Манаш, Әлихан, Ескен де, басқалармен де ой бөлісіп жүрді. Бүгін ойын сыртқа шығарып тосыннан:

- Мен бір ұсыныс айтайын. Ел басшысыз болмайды дегендей «Ұйым» да басшысыз болмайды. Басшы қосшысыз болмайды. Біз қосшы болсақ Бағыс басшымыз болсын. Аты Садко болсын. Ұйымдасқанымызға бір жылдан асты. «Ұйымның» жұмысы Садко командасының жұмысына пара пар. Олар байлардың дүниесін барымталаса, біздер озбырлардың жәбірленушісін құтқарудамыз. Ұқсастық бар. Аты Садко болсын деп оң қолын жоғары көтерді. Отырғандар қолдарын қалай көтергендерін де білмей қалды. Еріксіз басын шайқап жымиған Бағыс достарының ұсынысына не дерін білмей «бізге Садко болудай қайда» деп достарының сөзін тыңдап күтіп отырды да:

- Менің атым Бағыс. Барыс десеңдер бір жөн. Екеуі ұқсас. Садко деген ұқсаспайды да, ұқсамайды да. Сөзге араласқан «Ұйымның» ең үлкені Әлихан:

- Жарайды. Ұқсасын, ұқсамасын қол көтеріп қойдық. Садко боласың, құтты болсын - деп еріксіз келісімін алып көңілдері мол күлкіге бөленіп, құлаққа сіңіссін дегендей «Садко, Садко» деп бірнеше рет қайталап барып тоқтады.

- Ақыры өзгерткен екенсіңдер бәріңде өзгертіңдер. Жеңіл айтылатын қысқа есім болғаны дұрыс. Қысылтаяң жерде болмаса, менің атымды «Садко» деудің қажеті жоқ. Жігіттерге ат қойю Манашқа тапсырылды.

Көпбай тыңшы бірінің артынан бірі үш «жорық» тауып қойыпты. Алық беріктің азы көбіне қарамай «қайтарып берем» деген уәдесінен 1-2 ай асса қатал ескертумен алдынан өтсе бастарындағы тазкепеш-ақ (шлем) жүректерін ойнатып шыға келетін көрінеді. Тазкепеш кигендердің кім екенін білмекке әрекет жасағандар таяқ жеп тынышталып үндерін шығармаса да «пәленше ала алмай жүрген ақшасын алыпты», «ақшамды бермей жүр» Сәлима да қарызға берген ақшасы көктен түскендей байып шыға келгенін көршілері ауызының суы құрып айтады. «Қалай алдың» деп сұраса жұмған ауызын ашпайды. «Өзі әкелді» деп жөнін айтпайды. Гуілдеген өсектер осылайша отыз тістен шыға алмай тұншығып қалып жүрді. Шаян ауылының Жүзімдік жақ шетінде тұраты Байғабыл шалдың бес жылқысы бірдей қолды болғанына бір жылдан асқан екен. Айдап кеткен «ұрыны» да көрген адамдар бар, бірақ мойындамады. Ізіне түсіп індетіп іздесе «Қызыларық» ауылынынан  бес жылқының Созаққа аттандырылайын деп түрған жерінен хабары шықты. Байғабыл шал атпен іздеп барып жылқылары Байғабылды танып шұрқырап кісінеп қоя береді. Көзінен жас шығып жылап жіберген  Байғабыл жергілікті ауылсоветке барып сөзін сөйлер адам таппады. Жылқыға иелік жасап жүрген кісі де табылмайды. Қамауда тұрған жылқыларын күзетіп қалғып мүлгіп отырғанда түн ортасы ауа екі-үш адам келіп қораның есігін ашып кірді. Қалтасындағы бәкісін ашып, неде болса пышақтасып өлмек болып алдарынан қарсы кездеседі. Адам бар деп ойламаған Қыздарбек өзінің көршісі Байғабыл шалды танымай қалады. Не айтып, не қоярын білмей қатты сасқан Қыздарбек: «Созаққа апаратын мал еді, таң атпай шығып кетейін» - деп келгендерін айтып салды.

Мал ашуы жан ашуы деген Байғаыл шал Қыздарбектің жағасынан ала түсіп бауыздап жібергісі-ақ келді. Үшеудің аты үшеу емес пе, Байғабыл шалдың өзінің қол аяғын байлап тастадыы. Екі жігіт басын шүберекпен орап машинаға мінгізіп, алдыңғы бұрышқа жүресінен отырғызып қойды. Малды салып алып қыр асып, күн көзі найза бойы көтерілгенде машианы тоқтатып Байғабыл шалды түсіріп:

- Малыңды танисың ба? Қандай ені, белгілері бар?

- Қыздарбек қайда?

- Ол кім? Ондай адам жоқ - деп зекіріп малыңды танымайтын болсаң осы жерде қалырамыз. Біз Арқаның ұрыларымыз.

Айқай шумен екі жігітке әлі келмейтінін білген Байғабыл Қыздарбектің ауылда қалғанын місе тұтып «ісім сенімен түссін» деп ұры жігіттерге:

- Малды сойып жібермеңдер, айналайын деп жалынып, тірі жүрсем Қыздарбектің бұтын бұт, қолын қол қылып бауыздаймын. Бауыздалмса сендерді іздеп табады.

Шалдың сөзінен секем алған ұрылар жылқыларды өздерінің сенімді адамдарына тапсырып әліптің артын бағып Шаян ауылынан тың тыңдап жүрді. Байғабыл шад елден естіген әңгімесімен Ешмұхамбетті іздеп тауып үйінен шықпай «Қарасарттан ақшаңды алып берген адамдармен таныстыр» мына Қыздарбектің қорлығы өтті. Сұрағандарын берейін деп жалынып етін жеп, шәйін ішіп жұмысынан қалдырып мазасын алған соң кешкі қараңғылықта Манаштың үйіне алып барды. Байғабыл шал бәрін түсіндіріп болып:

- Шырағым, көмектесіңдер. Әбден қанымды қарайтты.

- Бізде оқу басталып кетті. Милицияға арызданыңыз.

 - Милиция құрсын, шырағым. Олар 2-3 күн қамап шығарып жібереді, Сот соттаса  3-4 жыл берер, одан менің жылқым өнбейді. Ал маған жылқы қымбат.

- Қазір оқу кезі ғой. Жігіттермен ақылдасып көрейін, сенбі күні келіңіз.

Тағатсыз күткен сенбі күні Ешмұхамбетті ертіп тағы келді. Болған істі баяндап жаздырып алған  соң

- Ұрымен сіз сөйлесесіз, дәлелдеп мойынына қойып бере алсаңыз, әрі қарай біз сөйлесеміз, келістік пе?

- Келіскенде қандай! Әнеукүні «Қызыларықта» мойындататын едім, екі сыбайласы құтқарып қашырып жіберді. Содан бері қолыма түспей жүр, шырағым.

Өзара келіскен «Ұйым» мүшелері соғыс киноларынан естіген жаргонмен бұл «оперцияны» октябрь мерекесіндегі каникулда өткізуге келісті. «Бір сыбыс шығармай» өткізуге Әйтбекті бас етіп Жакен, Бақыт, Манш пен Сағатты қосты. Алдын ала іс қимылды бағдарлау Әйтбекке тапсырылып, үйді бос ұстап, апасын «Тұрмыс» колхозындағы жекжаттарына 3-4 күнге қонаққа жіберу ескерілді. Өздеріміз қыздармен бас қосып «бастаңғы» өткіземіз деген сылтау айтылатын болды. Оқушылар арасында, ел ортсында «Ұйым» туралы өсек аяңның болмауы, милиция тарапынан да әңгіменің шықпауы Әбілахат Қыпшақбевтың арқасы екенін түсінікті еді. Аңда саңда кездесіп қалған жағдайда «Қалдарың қалай, балалар» деуден артыққа бармайды, қазымырланып ештеңе сұрамайды.  

        Шаян өңірінің ызғырық желі биыл ерте басталып әйгілі «арыстанды-қарабас» қарашаның басынан соққаннан үздіге соғып, кейде қара суыққа ұласып желтоқсанның қысын қарлы борандатып жеткізді. Қыстың ерте түсетінін күтпеген ел бес жыл соғыстың зардабынан шығынға ұшырап, тұяқсыз қалғандар енді малданып келе жатқанда ерте түскен суық қатты састырды. Жаздың ыстық аптабы, жаңбырсыз құрғақшылығынан қырдың шөбі сартап болып, ерте қурап, жем шөп дайындай алмағандар алашапқнға түсті. Малсақ шал-шауқандар жиған терген шөптерін үнемдеп, қораларын қымтап әлде қалай қыстың аяғы 1951-52 жылғы қатты қыс естерінен кетпегендер Арқа қысындай созылып кетсе күніміз не болады деп белдерін қатаң буған-ды. Балаларының қысқы киімінің өзі жоқшылықтың зардабынан  арыла қоймаған ата аналарды әуре сарсаңға салып кіші баласы үлкенінің ескісін жамап жасқап бүтіндеп кисе, көрші қолаң, ағайын туыстан ауысқан киімдермен бой жылытып оқуларын жалғастырды.

         1951 жылы комсомолға қабылданғандардың  ішінен комсомолдың жалпы жиналысында әдебиет пәнінің мұғалімі, мектептің оқу ісінің меңгерушісі Әмзе Сариевтің ұсынуымен Бағыс Жамбин  комсомол комитетінің органы «Коммунизм ұрпақтары» газетінің редакторы болып сайланды. Бағысты таныстыруда мақала, өлеңдері аудандық газетте жиі басылып тұратындығын тілге тиек етіп, әдебиеттен шығарма жаздырғанда тек еркін тақырыпқа  жазып дағдыланғандығын, дарыны ашылып, таланты ұшталып келе жатқан жас жазушы деп мақтаған-ды. Сол Бағыс 1953-ші жылы  7-ші ноябрде «Оқушылар мен мұғалімдердің арасындағы алтын көпір» деген тұңғыш очеркінің басты кейіпкері етіп Әмзе Сариевті жазып айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұғалімдер ұжымынан әділетті бағасын алып, сыпайы сынды көтерген жас мұғалімдерден де жақсы тілектер естіп, марқайып қалған Бағыстың беделі арта түсті.

         Әйтбек өз жұмысын тындырып, каникул кезінде қаннен  қаперсіз жүрген Қыздарбекті аңдып жүріп, есігінің алдынан дайындап әкелген кенеп қапты басына кигізіп жетектеп алып кетті. Қорыққанан дыбыс шығруға да мұршасы келмеді. Сезгені сүйрелеп келе жатқан адамдардың көп екені, дауысы естілмесе де Байғабыл шалдың жұмысы екенін пайымдап келеді. Бір сағатқа таяу жүріп келіп үш жерінен ұстап көтеріп әкетіп тағы  10 мүйнеттей жүріп үйге кіргендей болғанын байқады. Бір адамнан дыбыс шықпай шам жағылып  Байғабыл шалдың дауысы шығып: 

           - Әй, Қыздарбек! Өлер жеріңе келдің. Бес жылқы үшін әуелі сен өлесің. Сенің құныңды арқалап мен кетемін.

        - Сенің жылқыңды мен алғаным жоқ. Алған адамдарды   көрдің. Өзің тауып ал. Менде не әкеңнің құны қалды – деп әрі бері бұлқынып қаптан босана алмай тынышталды.

       - Жүзімдіктң жолында жүрген жылқыны «Қызыларыққа» айдап апарып берген сенсің. Мал ашуымен бауыздап жіберетін жерден құтқарған сенің алымсақтарың. Енді құтыла алмайсың - деп кіжініп отырған Байғабыл шалды тұрғызып далаға шығарып үйіне қайтарды. Жауап алуға кіріскен Әйтбек, Жакеннің сөздері қысқа болып «жылқыны қайтарасыз ба, жоқ әлде осылай жатасыз ба?» болды. «Сендер кімсіңдер?» деген сұрағына «екі үш күн осылай жатасыз, сонан кейін мидицияға тапсырамыз» олар аяғыңа қақпан салады, шыныңызды жылап отырып айтасыз деген жауап алып әрі сәрі ойға қалған Қыздарбек көп уақыт үнсіз қалды. Далаға шығып кеткен Әйтбектер өзара ақылдасып серіктерін үйіне қайтрып Жакен екеуі күзетте қалды. Ұйқыларын қандырып Бақыт пен Сағат келді.

       - Бастық қақпан беріп  жіберді - деп жатқан адамға естіртіп дауысын шығара айтты. Аяқ киімін шеш бір аяғына салып көрейік, не айтар екен, естиік деп Әйтбек бақайларын кесіп кетпесін деп шүберек орап салған қақпанның  дауысымен бірге Қыздарбектің жан дуысы шықты. Екінші аяғын шеш дегенде «ойбай, шешпе. Байғабылды шақырыңдар. Жылқысын қайтарамын. Қақпандарыңды алыңдар. Милицяға барғыңыз келмей, оңай құтылғыңыз келген екен деп қақпанды алды.

       - Қолымды шешіп, басымды босатыңдар.

       - Ол әлі ерте - деді Әйтбек.               

       Екінші күні түсте Байғабылдың үйіне келген Қыздарбектің әйелі:

       - Шалымды қайда құрттың - деп бажылдады.

       - Менің атымды мініп «Қызыларыққа» кетті. Жылқыңды айдап келемін - деді.

       - Байқұс, баяғыдан бері сөйтпей ме - деп бұрылып шығып кетті. Байғабыл апыл-ғұпыл шәйін ішіп бұл жаңалықты Әйтбекке жеткізуге асықты.

       Қыздарбектің қолын босатып бір кесе су беріп, бос қолын ішінде қалдырып қолтығынан төмен қаптың ауызын қатты тартып байлап тастады. Байғабыл шалдың келуімен  екеуін тілдестіріп жылқыны қалай жеткізіп беретініне уәделестірді.

         - Айналайын Байғабыл ағатай, басымдағыны шештірт. Жасаған ұят ісім үшін соғымыңа бір семіз ту бие берейін.

        - Шештіру менің қолымнан келмейді. Жігіттер бастықтарына кетті білем. Сені қарауылдауды маған тапсырды.

        - Мені милицияға өткізіп жібермесін. Мына жерден шықсақ екеуміз екі атқа мініп, алты жылқыны бірақ айдап келеміз. Кешір ағатай, менің ұят ісімді? Екінші қайтып алдыңды кесіп өтпейін.

        Әйтбектер кешкі қараңғылықта бір-ақ оралды. Байғабылмен далада оңаша сөйлесіп болған соң Қыздарбекті екі жағынан сүйемелдеп тұрғызыпғ үш жігіт тағы да, үш жерінен ұстап көтеріп, жарты сағатта үйіне бұрылатын жолдан тоқтап аяғымен жүргізді. Бұл қайдан шығып, қайда келгенін білдірмейтін әдіс еді. Қорасының ішіне кіргізіп, басындағы кенеп қапты алып жиырма мүйнеттен кейін шығасың деп ескертті. Қараңғыда басы айналып құлап екі сағаттай жатып, әйеліне не айтарын ойланып, басын қайта-қайта соққылап орынынан әрең тұрды. Сипалап жүріп есікті тауып сыртқа шықса дала тастай қараңғы. Терезеден жарық көрінбей тоқылдатып жүріп есікті аштырды.

       Өмір көрген, өмірде өз жолы бар кешегі Бағыстың әкесі, бүгінгі Садконың көкесі алпыс жастан асқан Жамбының ой толғамы көбейіп, күрсінуі жиілей бастаған. Желтоқсан айының соңына қарай қарлы борасын үдеп, даладағы қимыл азайған. Пештің түбінен шықпай қиялдың қызығына батып өзімен өзі болып жатқанда кемпірі есіктен сампылдай кіріп «әй, отағасы жаңадан совхоз ашылатын болыпты, соған орыстар көшіп келіп жатқан көрінеді» деп көршінің үйінен естіген жаңалығын шалына айтқанда «әй, татымай жүрші, сен-ақ бірдеңені естіп жүреді екенсің, осы боранда есі дұрыс ел көшеме» деп жастығын түзеп екінші жағына қисайғанда кемпірі:

         - Сенбесең, далаға шығып жолға қарашы - деп бөксесінен тартып, тұрғызғысы келіп еді оған ырық бермеді. Қызық қиялдарын бұзып жіберді ме, ренжіген кейіп танытып:

         - Татисың да жүресің. Бар, сен де көшіп бар. Маза берші өзің - деп кейіп тастағанына қарамай:

       - Несі бар көшсек, көшіп барамыз - деп қитығына тиіп сыртқа шығып кетті.

       Жамбы ақсақал Николай заманының дәмін татып, Сталин заманының бейнетін тартып «Маленков берген байталды, Құрекең (Хрущев) келіп қайта алғанын көріп қартайды. Құрекең «уақытша» деген уәдемен ет пен май, сүтті қымбаттатып, далаңды астыққа, тоғайыңды жүгеріге толтырамын. - деп дырдулатты. Нұрекеңнің жердің астын саттырып, үстін үптетіп әнді арзандатып, нанды үстемелете қымбататқанын көре алмай кетті. Оқасы жоқ, ұрпақтары көріп жатыр.  

       Кешкі мал жайлауға шыққан Жамбы ақсақалдың көзі Жүзімдіктің жолына еріксіз  түсті. Кемпірі айтқалы бері қанша машина өткенін кім білсін, мына ағаш артқан, вагон сүйреткен машиналарды санап болмайды. 1954-ші жыл «тың көтеру-дүрбелең жылы» боларына көзі жетіп, жарық барда малдарын жылы қораға қамап, күні бойы азын аулақ шашқан шөптің кәшегін жинап үйге кіргені сол еді баласының жолдасы Манаш келіп сәлемдесті. Түрегеп тұрып шаруасын айтып:

       - Байғабыл құрдасыңызға ақша жинап беріп  соғым сатып алдырдық. Соны осында сойдырсақ ұрыспайсыз ба?

      - Ыстық сорпа ішкенге қуанбаймыз ба - деп күлдірді.

      - Базар күні ертелеп барып түскен жылқының семізін таңдап саудалсып алды да Жамбы ақсақалдың жел соқпайтын жылы қорасында сойып он екі жілікке бөліп қойды. Алдын ала келген Әлихан ақ қағазға достарының атын жазып онекінші адамды «Шал» деп белгілеп, жереби тастады. Еттің сәнін кіргізіп тұрған алақаннан жалпақ қазыдан жанарын аудара алмай тұрған Әлихан:

       - Мына қазы біздің түсімізге кірмеген қазы ғой - деп таңданғанда Байғабыл ақсақал:

        - Несібелерің жоғары болады екен, балалар. Бұйыртып жегізсін, Әумин - деп екі шал бетін сипады. Онекінші жіліктегі «Шал» деген қағазды оқып «қай шал алады» дегенде Байғабыл ақсақал:

- Жамбы ақсақал алады. Бұ кісідей мал сойғыш, еттің салмағын көзбен өлшеп, жіліктегіш адамды көргенім жоқ. Мен, мал иесімін, қуырдағынан ауыз тиемін, жетеді - деп бас тартты. Түс ауа келген қайнысының достарына «Қыстаубайдың қызы» мойын еттен мол турап, атасы берген сүйекті еттерді қосып бір қазан «су қуырдақты» бөктіріп қойған. Үлкен кісілерге бөлек табаққа салып дәу шара қуырдақты жастардың дастарханына қойып, көмбеш нан турап, бір-бір тарелка, қасық берді. Семіз қуырдаққа тойған жастар екі шалдың батасын алып тарқады.

Ауылдың іргесінде құрылған совхозға жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімін беріп, аудан басшылары жаңа клубта салтанатты жиналыс өткізді. Совхоз директоры әскери киім киген полковник, төсі толған орден, кеуделі де нардай жігіт ағасы екен. Ауданның бірінші басшысы қысқаша сөз сөйлеп, жиналысты ашты да жаңа құрылған совхоздың деректірі - Альберт Денисович Живков деп таныстырып өмірбаянын, соғыстағы ерлігін айтып, қанша орденмен марапатталғанын тізбектеп шықты. Совхоз үй құрлыстарынан басқа алпыс мың гектар жерге, жоғары сортты ақ егіс егіп,  өнімін Отан қамбасына құяды деп тоқтады да Альберт Денисовичтің өзіне сөз берді.

- Асалаумағаләкүм, қазақ ағайындар! - деп сөзін бастағанда залдағы қазақтар ду қол шапалақтады. Қолын көтеріп басу айтқан полковник сөзін орысша жалғастырып:

- Мен Курск түбіндегі соғыста двизия басқарған адаммын. Бізде бір рота қазақтар болды. Батыр халық. Қонақжай халық. Мен өзім Болгарияда туып өстім. Ұлтым болгар. Мен үшін қазақша үйрену жеңіл, орыстар үшін де оңай - деп өзін таныстырып совхоздың алдында тұрған міндеттерге тоқталып жұмысшы күшінің жетіспейтіндігін, қазақтар жұмысқа келсе жеңілдікпен қабылдайтындығын түсіндірді. Қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп ризашылықтарын алды. Салтанатты жиналыстан соң көркем өнерпаздардың шағын концертін берді. «Жамбыл» совхозынан келгендердің арасынан жақсы әнші орыс қызлар табылып, клубтың деректірі, әрі режиссоры Көпжасар Момышовтың баянды құйқылжыта ойнатқан сүйемелдеуімен бірнеше әндер орындалды. Орыстың жастары орыстығын жасап танцы-би ұйымдастырып кино жайына қалды.

Демалыс сайын екі машинамен, кейде үш машинамен келіп танцы-би ұйымдастыруды әдетке айналдырып он жасар балаларды «киш-киш» деп қуалап ішке кіргізбей клубтың айналасына топырлатып, үлкендерін «черно жопа» деп артынан теуіп жылатып жіберіп намысқа тиді. Аудан басшылры ата аналардың арызын тыңдамады. «Тың көтеріп астық өндіруге келген жастар ғой, өздеріне клуб салып алған соң келмейді, шыдаңдар» деп жұбатып шығарып салады.

Ауыл адамдарының, оқушылардың реніш ызасын байқаған «Ұйым» мүшелері Әйтбектің үйінде бас қосып бұл «Жамбылдықтардан» қалай құтылудың жолын іздеді. Көпжасар ағаны тыңдайтын түрлері жоқ екенін байқады. Біздер түрмеден келгендерміз деп, күш көрсетіп, қорқытатынын біліп жүрді. Наурыз айы кіріп, күн ұзарып көктемнің жайма шуағы көбейіп көңіл сергіп елдің серуендеуі жиіледі.  

- Жігіттер - деді Садко - жасырын «Ұйым» құрдық, жаман атымыз шыққан жоқ. Енді Манаш қойған есімдермен ашық айқасқа шығып танылудың реті келіп тұр. Ол Жамбылдықтармен жан аяспас төбелес. Ол үшін елді құлақтандырып, мектептің жоғары класстарынан жігіттер қатыстыру керек, мұғалімдер де білсін. Төбелесті Әйтбек ұйымдастырып «киш-киш», «черно жопа» деп жүрген орысқа бір баланы айдап салады. Ол баланы ұрған кезде Әйтбек да қарап тұрмай арашаға түседі. Бәріміз бірден кіріспей біртіндеп араласқанымыз дұрыс. Олар көп болғанмен бізді қолдаушылр да аз болмас. Баласы таяқ жеп, жылап жатқан кезде кім шыдап тұрар. Төбелес қызған кезде өз заңын өзі табады - деп тоқтады.

Ауыл адамдары не төбелес, не үшін төбелес, кіммен кім төбелеседі деп түсіне алмай бірінен бірі сұрағанмен ештеңенің ұшығына жете алмады. Бесінші наурыз күні кешкі киноның қарсаңында үш «Судовекр» машинасының ұзын қорабы толған «Жамбылдықтар»  әкесінің үйіне келгендей клубтың артына келіп тоқтап үстінен бір-бір қыз, бір-бір жігіт дегендей 40-50 адам түсті. Оркестр аспаптарын арқалап, ішке кіргендер орындықтарды қабырғаға жайғастырса, тәртіпке жауап беретіндері киноға келген балалаларды «киш-киштап» қуып ішке кіргізбей әлекке түсті. Киноға келдік деп, сыртта көп жастар жиналып «орыстан басқалар би билемейме», ішке кіріп «тым боласа билегендерін көрейік» дегендерге де ұлықсат болмады. Осы кезде қатты жылаған баланың дауысы шықты. «Неге ұрасың» деген Батконың да дауысы қосарлана шыққанда Манаптың шоқпардай жұдырығы баланы ұрған орыстың құлақ шекесіне тиді. Қашып құтылуға жер таппай аяқ астына құлағанда тепкілемеген бала қалмды. Іштегі танцы-би тоқтап, бәрі  сыртқа қарай ытырылды. Бұл кезде ымырт түсіп қараңғылық қойюлана бастаған. Есіктің маңдайшасындағы жалғыз лампочка да көмескіленіп жарығы ұзамайды, соданда ма, төбелес қыза түсіп шегарсы кеңіді. Есіктің тақ ауызында бақылаушы болып келген Қасымбек пен Асхат мұғалім орыстарды тыныштандырамыз деп жүргенде есіктің арғы жағынан қолын созып ұрғыштап жатқандар көрінді. Ұрған олай емес былай» деп екеу үшеуін есіктің алдындағылардың алдына құлатып берді. Ортаға енді кірген орыс тілі мұғалімі Тұрсынбектің жағасына жармасып, түйгіштей бастаған орыстың жон арқасына Садко қайыс белдіктің қорғасын құйлыған бляхасын отырғызғанда орыстың басы салбырап Тұрсынбектің аяғына құлады. Іщтегі орыстар төбелеске араласқан кезде Сағат пен Бақыт, Жакен мен Мәлік жас балаларды шетке шығарып қоянқолтық айқасқа кіріскен. Қаша төбелескен орыстардың құлағаны бірі аяғын құшақтап, бірі іскен көз, жарылған басын сипап жиырмашақты орыс істен шыққан кезде бір топ милиция келді. Жігіттер тым тырақай қашып қуыс-қуысқа ұзап кетті. Бағыс беліндегі белдікті бір танысына беріп мектептің белсендісі ретінде Қасымбек, Тұрсынбектің қасында төбелестің неден шыққанын тексерісіп, орыстардың балаларды «киш-киш», «черно жопа» деп айтқанын растап протоколға қол қойды. Келген 7-8 милиция «Жабайлықтарды» түгелдеп машиналарын мінгізіп ауылдарына қайтарды.  

Садық Смағұлов

Жалғасы мына сілтемеде.

Қатысты Мақалалар