Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «500 заманауи білімді имамдар» жобасын бастап, соңғы жылдары қызметкерлерінің діни біліммен қатар заманға сай зайырлы білім алуына назар аударуда. Заманауи білімді имам бейнесі мен оның қоғамдағы тиісті ролін айқындау үшін «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының» директорының орынбасары, теолог Аташев Айбек Асқарбекұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Айбек Асқарбекұлы, имам дегеніміз кім?
- Көпшілігіміз күнделікті санада имамды тек қана діни рәсімдерді өткізуші адам деп қабылдап қалғанбыз. Ал ислам мәдениетіндегі имамның орны және қазіргі замандағы оның алдына қойылатын әлеуметтік талаптар туралы ойланатын болсақ, оның бейнесінде міндетті түрде болуы тиіс заманауи құзыреттілікті байқауымыз керек екенін түсінеміз.
Имамдық – жауапкершілігі мол, парызы мен міндеті көп қызмет. Өйткені, имам қол астындағыларға жауапты әрі олар үшін сұралады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Имам – басшы, әрі қоластындағыларға жауапты»–деген. Бұл дегеніміз – пайғамбарымыз (c.ғ.с) Алла тарапынан жеткізген аманатын келер ұрпаққа жалғастыратын, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан бойын аулақ ұстау жолын нұсқайтын маңызды қызметтің бірі.
- Осы тұрғыдан ислам тарихындағы алғашқы имамдардың басты өнегесі қандай?
- Ислам тарихындағы алғашқы имам – Алла тарапынан адамдарға түскен игі істерді жеткізуші, екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с). Алғашқы имам мұсылмандық рәсімдер мен парыздарды орындаумен қатар, ең бастысы әлеуметке ислам дініндегі рухани құндылықтардың мән-мағынасын анық жеткізе білген ізгі жан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жазу,сызу білмесе де ауызынан шыққан әрбір сөзі мен іс әрекеттері ілім мен даналыққа толы болды.
Қазақтар – дінін ардақтаған, дін насихатшысы – молдасын қадірлеген халық. Ел арасында «бұған молдекең не дейді екен?» деген сөз бен таным-түсінік кеңінен тараған. Яғни, сол молдалар өмірдін кез келген сұрағына жауап бере алған. Сондықтан, имамдардың қарапайым халықтың осы түсінігіне әрқашан сай болуы, жамағат алдында діндарлығымен ғана емес білімдарлығымен де танылуы міндетті. Бұл тек заман талабы ғана емес, бұл ең басты алғашқы имамның жолы.
- Зайырлы қоғам мен имамдардың ара қатынасы қандай болуы керек?
- Жалпы, Ислам дініміз бейбітшілік пен жасампаздықтың символына айналған, адамдар арасындағы татулық пен тұрақтылықты ту еткен дін екені баршаға мәлім. Енді осы ізгі діннің қызметшісі, яғни бүгінгі зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан имамдарымыздың рөлі өте мықты болуы тиіс. Себебі зайырлы қоғам дегеніміз – мемлекет пен дін өзінше бөлек, автономды өмір сүреді, мемлекеттік мекемелер мен ғибадат үйлері өз кеңістіктерінде қызметтерін жүзеге асырады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің өмірі азаматтық заң нормаларымен басқарылады, алайда мемлекет діннің ішкі ғибадат ету істеріне араласпайды. Өз кезегінде діннің тіршілігі діни нормалармен реттеледі, мемлекеттік органдардың жұмысына бас сұқпайды. Адам, азамат қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптары адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тиым салынады. Яғни, дін заңмен қорғалады. Имамдарымыз ең алдымен зайырлылықты дұрыс түсініп және жамағатқа дұрыс түсіндіруі керек.
- Жоғарыда имамның заманауи қырларын тілге тиек еттіңіз. Сонымен, зайырлы қоғамға қажетті имамның заманауи келбетін қысқаша сипаттап берсеңіз?
- Дін қызметкерлері кез-келген жағдайда халықтың қуанышына да қайғысына да ортақ болып, әрқашан Хаққа қызмет пен халыққа қызметті қатар жүргізе білгендігі бесенеден белгілі. Имам шариғаттан үкім айтса, жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бойұсынатындай оның бойында әрдайым парасаттылық байқалу керек.
Қазір технология мен білімнің дамыған заманы, яғни жаһандақ саясат жылдам қарыштаған XXI ғасыр, сол себепті халық арасында имамға жүктелер міндет өте зор болып отыр. Бүгінгі күндегі заман талабының барлығына толыққанды жауап беретін жан-жақты азамат қана болып қоймай, білімі мен біліктілігі қатар жүретін ұстаз, адам жанын түсіне алатын психолог, тәрбиеші, он саусағынан өнер, тілінен бал тамызып сөйлегенде сөздің майын тамызатын шешен, көңілдердің кілтін табушы рухани көсем, отбасында аяулы әке, бір сөзбен айтқанда отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, сонымен қатар әмбебап адам болуы тиіс. Міне, зайырлы қоғамдағы имамның заманауи келбеті осылай болса керек-ті.
- Имам болу үшін тек қана діни білім аздық етеді дегенініз ғой?
- Бұл сұраққа былай жауап беріп көрейін. Заманына сай адамы болу қашан да заңдылық. Уақыттың үнін тап басып, ағымына сай бейімделе білуді бірінші кезекте талап ететіндігіміз түсінікті. Дегенмен бүгінгі әлемдік жаһандану үрдісі құлашын кеңге сермеген заманда қандай да болмасын жағдайдың байыбына барумыз да өмір талабы. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «ОҚЫ» деп келгені белгілі. Олай болса алғашқы аятта оқу бұйырылып тұр. Бірақ аятта қай ілім саласын оқу айтылмаған. Сол үшін де адам өмірінде діни ілімнің және дүниеуи ілімнің де алатын орны ерекше. Олай болса адамзат үшін барлық білім саласын үйрену қамтылып тұр. Ал, енді адамдарға үлгі болатын имамдардың тек діни біліммен шектелмей жан-жақты білімді болуы айтпаса да түсінікті. Имам – Исламның айнасы болуға міндетті.
- Осыған орай, ҚМДБ-ның «500 заманауи білімді имамдар» атты бастамасы осы бағыттағы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған сияқты. Сіздің осы жоба туралы пікірініз?
- Жоғарыда айтқанымдай Исламды егжей-тегжейлі түсіндіруде имамдардың атқарар жүгі жеңіл емес. ҚМДБ да өз кезегінде имамдардың біліктілігі мешіт төңірегінде қалмауы тиіс екендігін ескеріп «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырып, өткен жылы тұңғыш рет «имамдар форумын» өткізді. Бұның барлығы – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру үшін жасалынып жатыр деп білемін. Бұл жоба да Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы болып тұрған мүфтият қолға алған игі істердің бірі және жемісті болады деп сенемін.
- Имамдарды даярлауда шет елдердің тәжірибелері қандай?
- Бұл ретте біздің елімізде кешегі келмеске кеткен, қылышынан қан тамған қызыл империяның боданындағы жылдарында дін мамандарын дайындауда кенжелеп тіпті мүлдем дайындалмады десек те болады. Жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, сол қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді дайындау кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Бұл ретте шет елдердің атап айтқанда, араб, түрік елдерінің тәжірибесі өте мол. Дін қызметкерлерін дайындау жүйелі түрде күн тәртібіне қойылған десек те болады. Өйткені оларда дайындайтын мамандар да базасы да жабдықталған. Тіпті жас жеткіншектердің арасынан арнайы бейім балаларды бастауыш мектептен бастап кезең кезеңімен әбден шыңдап даярлайды. Қызметке қоятын кезде де маман көп болғандықтан арнайы емтихандардан өткізіп ең төменгі дәрежелі қызметтен бастап ережеге сәйкес жоғарылатады. Маман көп болғандықтан бәсеке болады, ал бәсеке болған жерде сапа мен нәтиженің болуы айдан анық мәселе. Аузымызды құр шөппен сүртуге болмас, бізде де тәуелсіздік алған бастапқы жылдармен салыстырғанда еліміздегі жоғары оқу орындарынан дінтану, исламтану мамандықтары ашылды, және ҚМДБ-ның жанынан медреселер жұмыс жасауда.
- Айбек мырза, Ислам тарихында діни біліммен заманауи зайырлы білімді ұштастыра білген тұлғалардан кімдерді атап айтар едіңіз?
- Ислам өркениетінің Еуропаға қалай ықпал еткендігін, заманауи қоғамдар арасында да қаншалықты жоғары дәрежеге ие екендігін байыптап қарайтын болсақ ибн Сина, әл-Фараби, Ибн-Рушд және имам Ғазали сынды философтар мен ғалымдар еуропалықтар тарапынан танылғандығы белгілі. Алгебра, геометрия, астрономия, медицина ғылымдарындағы алғашқы дамулар да дін ғұламаларының тарапынан жасалғандығы мәлім. Төл мәзхабымыздың құрушысы Әбу Ханифаны, имам Шафиді, имам Фахруддин әр-Разиді т.с.с көптеген ғұламалар тек қана діни білім емес дүние ілімдерін де қатар алып жүргендігі бізге тарихтан белгілі. Қазақ қоғамындағы Сәдуаққас Ғылмани атамызды алсақ та, ақын, ағартушы, кемеңгер деп танитын Құнанбайдың ұлы хакім Абайды алсақ та екі білімді құстың қос қанатындай қатар алып жүргендігін көре аламыз. Болашақта біздің де балаларымыздың арасынан дін ілімінің ғалымдары болуымен қатар заманауи зайырлы білімнің жүйріктері Жаратқанның қалауымен болатынына кәміл сенемін.
Сұхбаттасқан: Сабыр Сансызбай
Пікір қалдыру