СЫҒАН ҚҰДАҒИ

/uploads/thumbnail/20170708235717199_small.jpg

(Бәйбішемнің құдағиы Гүлмираға)

Бәйбішемнің зейнетке шыққанына бес жыл болған.  Мені пайғамбар жасынан асқан соң итермелеп  шығарды. Зейнетақы алып дастархан жайып, жуып шайғанша шыдатпай жүген ноқтамды қолыма беріп, «құрғақ қасық...» рахметін айтып «құрметті демалыстасыз» деді. Бар болғаны осы. Кім құрметтейді? Білмеймін. Зымырап өткен он үш жылда РСУ-дың бастығы болдым.  Шеге, топса, тұтқа сұрағыш достарым көп болатын. «Зейнетке шыққаның құтты болсын» деп келіп жатқан біреуі жоқ. Енді олар кімнен алады, білмеймін. Столдың басында бәйбішеміз екеуміз шоқиып отырмыз. Столымызда бір тауықтың екі борбайы, бір шәйнек шәй. Арақ ішуді қойғызған. «Бетіңді құбылаға бұрып, түзу отыр» дейді. «Намаз оқы, құдайға жалбарын, жалғыз ұлың – Жантағың тезірек үйленсін деп тіле» дейді. Мен тілемей жүрмін бе. Күнде тілеймін. Қу бас өткің келмесе үйлен деймін. Мен құсап жалғыз бала құшақтап қалма деймін. Бәйбішем бұл сөзімнің бәрін жоққа шығарып, енді бір-екі жылда шәйда қайнатып беретін жағдайым бола бермес деп күңкілдейді. Сары уайымға салынып, қыңқыл-сыңқылым көбейіп барады дегенді көп айтатын болды.

Қорасанға қой айтып, әулие-әмбилердің молаларын жағалайтын заман емес. Жарықтықтардың әруақтары қазір көкбазардың маңындағы бас мешіттің бұрыш-бұрыштарына топтасқан білем. Білгіштер солай дейді. Жазған құлда шаршау бар ма? Ертерек үйлендіріп немере сүйгім келетіні де рас. Бас мешіттің ішіне бас сұқбасамда бес айналып келіп Пушкин көшесінің тал-дарақтарының көлеңкесін көлеңкелеп талға сүйкеніп отыра кетем. Әруақтар аян бере ме деп дәметіп көзімді де жұмып қиялдаймын, кейде қалғып та кетем. Осы әдетіме көзі үйренген иненің көзінен өткендей, күн сүйіп тотыққан сұлу келіншек талшыбықтай иіліп,  мойнындағы алтын алқасы жарқырап көзі сүзіліп ішімдегіні оқып тұрғандай тесіле қарап тұрғанынан селк ете қалдым. Қатты ұйқыдан оянғандай талтайып кеткен аяқ қолымды жылдам жинап ала қойдым. Мен іздеген әруақ, әулие-әмби, періште осы шығар деп танып алайын дегендей бетіне шұқшия қарадым. Жоқ, менімен кәдімгідей адамша тілге келіп:

-Сізді бір қуаныш күтіп тұр. Соны айтқалы келдім. Менің алақаныма екі жүз теңге салыңыз – деді. Өзімнің де іздеп жүргенім сол қуаныш еді, екі жүз теңгені әмиянымнан алдым да, қолым қалтырап алақанына салып «ал айт» дедім.

-Үйіңіздегі қисық айнаны кіреберіс босағаға іліп қойыңыз. Қуанышы көп ұзатпайды – деді.

-Айтқаның келсін, айналайын – дегенше екі жүз теңге қос анарының ортасына сүңгіп кетті. Қолымның шығымы жоқ адам едім. Жылдам ұстата салғаным қуаныштың белгісі болар үйде қисық айнаның бары рас еді. Қалай білді деп таң қалып, ес жинағанымша сұлу келіншек аларын алған соң, келесі біреуді тоқтатып сәуегейлігін айтып тұрды. Маған көңіл аудармады. Әңгімелерін бұзбайын, «ертең де тауып алармын» деп орнымнан тұрдым да үйге жетуге асықтым. Ойымда бұл келіншек «біздің үйдегі қисық айнаны қайдан біледі» деп ойым ойран асыр болды. Оның үстіне бәйбішемнің менің әр сөзіме күмәнмен қарайтын әдеті бар.

Ертеңіне ай-шәй жоқ айнаны алдым да, кіре беріске есіктің оң жағынан бетон қабырғаны айнаның қалыңдығындай етіп ойып, цементпен тас қылып бекіттім. «Айна жаңа орнын тапты» деп бәйбішем де қуанып қалды. Мен бәйбішемнің қуанышын пайдаланып:

-Осылай етсек Жантағымыз жылдам үйлентін көрінеді.

-Оны кім айтты?

-Бір келіншекке пал аштырдым.

-Ол қандай келіншек? Зейнетке шығып келіншек іздей бастадың ба? Мені «бәйбіше» деп әспеттегенде тоқал алмақ ойың бар екен ғой. Мені баламен қалдырып өзің сол келіншекпен кеткің бар ғой. Елдің өсегіне сенбей жүруші едім. «Қартайғанда кәрі боз жорға шығайын» дедің бе? – деп жүрегі алып ұшып дірілдеп, аузы басы көгеріп шыға келді.

Сатып алған аурудың емі табылуы қиын. Әңгіменің осылай өрбитінін білгем. Бірақ сыған келіншектің «үйіңізде бір қуанаш болады» дегені, баланың үйленгенінен басқа қуаныш күтіп отырмағаным өзіме мәлім еді, оның үстіне үйде қисық айнаның бар екенін білгені мені алды артыма қаратпады.

Ертеңіне сыған келіншектің айтқанын орындап Пушкин көшесіне тағы келдім. Құдай қас қылғанда сыған келіншектің бәрі ұқсас. «Сені кеше көріп едім» дейтін біреуі жоқ. «Пал ашып берейін» деп ешқайсысы жүгірмейді де. Бет ауыздарына сұқтана қарап үш күн жүрдім. «Сығандарға алданып қалған жалғыз мен емес қой» деп өзімді өзім жұбаттым да Пушкин көшесіне келгенді қойдым.

Айдың күннің аманында Жантағым аяқ қолы балғадай, көйлегінің етегімен баламды екі орап алатындай қызды үйге ертіп әкелді. Кешегі өзім көрген сыған келіншектен аумайтын, мойнына алтын алқа, моншақ тағып қойса тап соның өзі дерсің. Ішім жылып сала берді. Бәйбішем де миығынан күліп «осы бізге келін болатын бала ғой» деп айналып толғанып жүрді. Таңертең жұмысқа кетерде, кешке жұмыстан келгенде бетімізден сүйіп езуінен күлкі арылмайды. Асханада ыдыс-аяқтың сыбдырын шығармай дәмді тамақтарды келістіріп жасайды. Бәйбішемнің қолы босап, арқа басы кеңіп қалды. Екеумізде «келіннен» ұят болады деп сыбырлап сөйлескенге көштік.

Үш ай өте шықты. Балам, менің Жантағым «Үйленеміз, той жаса» деген талап қойды. «Келіннің» әке шешесін сұрап, туған туысқандарынан кімдер барын білгіміз келіп «барып танысайық» дегенде, шешемнің атын білмей-ақ қойыңыздар ол орысша, жәй қазақшалап «құдағи» деңіздер деп бізді иемденіп алды да:

-Менің атым Қаймақ, балаңыздың аты Жантақ қандай жарасымды. Қандай жақсы ат тауып қойғансыздар, айтыңызшы? – деп бәйбішеме қарады. Бәйбішем ерінбей жалықпай тәптіштеп ала жөнелді.

-Жантаққа аяғым ауыр кезінде аяғым ісіп, сыздап, көк тамырлары білеуленіп көрінген кезде жантақ деген тікенек шөппен емделіп құлан таза айығып кеттім. Сол тікенек шөптің құрметіне баланың атын Жантақ қойдық деп маған растатып қойды.

-Жантақ деген жақсы шөп екен ғой. Вазаға салып гүл орнына қояйық – деп Жантаққа қоштатып қойды да:

- Менің шешем мені жарық дүниеге әкелерде қаймаққа жерік болыпты. Қанша жесе де тоймайды екен. Біз монғол меркіттерінің астанасы болған Меркіт аулының, «Жалғыз тал» қыстағында тұрдық. Қыстақтағы сиыры бар үйлердің қаймағын жинаттырып алдырады екен. Ол да аз көрініп орталықтағы Меркіт аулынан әкем Құдуарды жұмсап қайыр сұратқандай, ақшаға болса да саттырып алдырып нан қоспай толғап жұтып отыратынын әкем айтып отыратын. Содан аман есен босанғанда менің атымды Қаймақ қойыпты.

Мынау әңгімеден кейін «шешесін көріп қызын ал» деген мақал жадымда жүретін. Бірақ бәрі кеш еді. Үш ай Жантағымның қасында жатып, қолынан дәм татып, ертелі кеш бетімізден сүйгізіп «енді шешеңді көріп, той жасауға сонан соң қамданайық» деп қайтіп айтам. Есіме Қаздауысты Қазыбек бидің әкесі Келдібек бидің көзі қыли, аяғы қисық қызды алардағы сөзін медеу тұттым. «Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып» демеп пе еді. Сол шешемізден Қаздауысты Қазыбек би туғанын тарихтан оқығанмын. Осыны медеу тұттым да іле шала құдалыққа баруға асықтым. Меркіт ауылы дегенің қырғызбенен іргелес тау бөктеріндегі жер екен. «Жалғыз тал» қыстағына жол көрсетушілер сығандардың арбасы ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жолға түссеңіз жылдам барасыз деп қол сілтеп жіберді. Үш-төрт арбадан озып, бес-алты арбаны қарсы кездестіріп қыстаққа да келдік. Құжынаған күймелі арбалар, арқа жоны жарқыраған жарау аттар қаңтарулы, арбаға байланған. Сығандардың ақ ордасы сияқты. Еркек кіндіктен басқа ұзын көйлекті от жағып, қазан көтеріп жатқан әйел көрінбейді. Құдасын құдайындай күтетін абыр-сабыр болып жатқан ел жоқ. Баратынымыз бір апта бұрын хабарланған. Бұл қалай деген көңілге кірбің түсіп, қарнымыз ашыңқырап машинадан түстік. Сәлемдескен божбандай қара дәуді қаптап жүрген сығанның біруі екен деп:

-Әй, «Жалғыз тал» деген қыстақ осы жер ме?» деп сұрадық.

-Осы – деді дәу қара.

 -Құдуардың үйі қайсы? – дедік.

 -Осы – деді сабазым. Онда Құдуарды шақыр, құда келді деп айт.

-Мен Құдуармын – деп есікті көрсетті. Біз үш адам ішке кірдік. Стол жасалған, неше түрлі тағамға толтырып қойған. Жағалай қойылған үстелге жайғастық. Атын айтпаған құдағи жағалай отырған бес келіншекті таныстырды. Бәрінің аты орысша болып шықты. Мен шыдай алмай «орыспен құда болғалы келгенім жоқ, жаңағы  Құдуар құда қайда?» деп басып қалдым. Қасымдағылар да «құда қайда» деп мені қоштап жатты.

-Құда сіздерге дайындық жұмысымен сыртта жүр – деген құдағидың сөзіне қарамай маған таяу отырған құдаша Құдуар құданы шақырып келді. Қасыма шақырып едім, құдағи қолынан тартып жанына отырғызып алды. Үй иесі болған соң төрге шыққысы келмеген болар деп әрі қарай үндемей қалдық.

Шәй ішіліп, шыны-аяқ жиналып, мен диванға жайғастым. Менімен рюмка қағыстырған құдашаға жақындап, шүйіркелесіп сөз тарттым.

-Атыңыз кім болады? – дедім сыпайылап.                   

 - Таня. Қазақша – Тыржима. Құлағым қағыс естігендей болып, қайта сұрауға ұялдым да, арғы жағында отырған құдашаның атын сұрадым. Беті бүлк етпей:

-Сықсима деді. Шаншардың қуларындай мені мазақ қылайын деп отыр ма деп қуыстансамда үшіншісінің атын сұрадым.

- Қыржима – деді. Күлуге ұялып, сіз анекдот айтып отырсыз ба? – дедім.

-Үйбай! Мына кісі маған сенбей отыр – деп шиқ-шиқ күлді. Менімен еріп келген кісілер де қыздың күлкісіне таңданып құлақтары түрік отыр екен «Бәке, қайтесіз қазбалап, мүмкін рас шығар. Қазақтар қоя береді ғой «Итбай, Түлкібай, Қасқырбай» деп мені сабама түсірді. Құда, құдағидың сыртқа шығып кеткенін пайдаланып, қызы үйде де айтпай қойғанын еске алып:

-Құдағидың аты кім? – дедім.

- Кристина. Сыған подружка-қатарлары қазір де Ксюша деп атайды деді. Қазақшасын өзінен сұраңыз. Кіші сіңліміздің аты Бұртима деп орнынан тұрып кетті.

Қазақы дәстүрмен «өлі-тірісіне» деп өзіміз әкелген қойдың басын мен ертіп әкелген молданың алдына қойды. Тісі қағылмай, шала үйітілгені көрініп тұр еді езуінен бір кертіп ауызына салған болып дастархандағы тарелканың ернеуіне жасырды да Құдуар құдаға ұсынып:

-Ертең көршілеріңе ауыз тигіз – деп қол жалғап жіберді. Құдағи:

-Жақсылап мүжімедіңіз бе? – деп сыпайылап, басты Құдуарға ұстатпай бізде көрші жоқ. Сығандар бас жемейді, олар тауық жейді – деді . Молданың қалған тамаққа тәбеті шаппай селқос қалды да, дастархан қайыруға асығып:

-Жол соғып шаршап келдік, демалғанымыз дұрыс болар – деді.

Құдамыз деп келген үш қонаққа бір бөлмеге төсек салып берді. Көпке дейін ұйықтай алмай сыбырласып сөйлесіп жаттық.

-Құдаңа болайын, құдағиың аузын қақпайлап сөйлетпейді екен. Момын ба, әлде мәңгүрт пе, руы кім екен білесің бе? – деді молда Баят. 

-Қыпшақтың «қырықпышағы» көрінеді – дедім.

-«Қырықпышақ» дегенді естігенім жоқ. «Қырықмылтық» дегенді естігенмін. Ертең өзінен қайта сұрашы – деді молда Баят.

Таңертең ерте тұрдық. Құда самаурынға ағаш жарып шәй қайнатып жүрген сияқты. Жақындап келіп қай ел боласың дедім. Қыпшақ «қырықпышақ» боламыз деді. Сол кезде құдағидың даусы ашщылау шығып құдамды шақырып алды. 

Сығандар арбаларын жегіп жол жүргелі жатыр екен, аттарына қызыға қарап көп тұрдық. Жарау аттар күймелі арбаларды салдыр-гүлдір еткізіп жым-жылас көзден ғайып болды. Бұрқыраған шаңдары ғана қалды.

Түнде шапан жаулығымызды, кит-митімізді тапсырып молда батасын берген. Түскі астан кейін жолға шықтық. Арақпен қыштағандай болса «сен қайрат көрсетесің» деп алып шыққан досым кенезесі кеуіп қалғандай «қоржынға не салыпты» деген соң қоржынның ішіне қол жүгіртсем қолыма ештеңе ілікпеді. Қазір Меркіттің орталығына жетейік, сол жерден қоржынды толтырамыз деп бос шығып, ұялған қолымды өз қалтама салдым. 

Той да өтті.  Келінді болып масайрап қалдым. Көп ұзамай құдағиым келді. Балаңызды бөлек шығарыңыз, болмаса қызды алып кетем деп қиғылық салды. «Атасы мен келіні бір туалетке барғаны, ұят емес пе» деп соқты. «Құдағи қоя тұр, шыда, немерелі болайық, жақын қалды» дегеніме көнбей келінді қарсы айдап салды. Бетімізден сүйіп жүрген келініміз, бетімзден тырнап шыға келді. Сыған құдағиды сен таптың деп буынсыз жерден пышақ ұрып бәйбішем шыға келді. «Екі оттың ортасында қалдым» деген осы екен. Қасарысып көп жүрдім. Ауруханаға да жатып қалдым. Көңіл сұраған болып құдағиым келеді. Қасында сіңлісі бар, қайсысы Тыржима, қайсысы Қыржима ажыратып үлгермеген кезім, балаңды бөлек шығардан басқа әңгімесі жоқ. Шынымды айтайын деді құдағиым:

-Біздер, ата-ене сыйлап көрмеген адамдармыз. Өзім көшеден қосылып, көсеу ұстап көрген жоқпын. Құдуар үйінен қуылып, қолтығыма келіп паналады. Менен басқа барар жер, жүрер жол, шығар шыңы жоқ. Отымызбен кіріп, күлімізбен шығады.  Сіңлілерім де сол бір-бір күйеуге тиіп шыққан. Қаймақтың маңдайына жазылған да сол шығар. Бөлек шығармасаңыз алып кетем.

Қабағы қарсы айырылып, тоң мінез көрсеткен балам да келді. «Үйде тыныштық жоқ, Қаймақ түнімен жылап шығады, бөлек шығар» деп қисайып мұрны салбырап кетіпті. Амал жоқ бөлек шығардым. Көп ұзамай немерелі болдым. Құлағымның тынышталғанына да он жыл, бес немерелі болдым. Екі жылда бір немере – қандай бақыт. Осы бақытты құдағиым көп көріп қызына келіп: «балаңды асырайсың ба, бізді асырайсың ба? Бес баланың алименті де бізге жетеді» деп доң айбат көрсетеді екен. Хат тасушылық қызметін тастап үйде отырған Қаймақ келінім қайта бұзылды. Беттен алып, төске шапты. Құдағидың отырған үйлері байдан шыққан бес қызбен, шалы мен жетеуіне тарлық жасапты.  Көшіп жатқан немістердің үйінен үлкен үй керек болыпты. Отырған үйін сығандарға қалдырып қоныс жаңғыртпақ. Бұл іске Жантақтың әкесі кедергі болып тұр екен. Қалайда содан құтылу керек деп мақсат қойыпты.

 Жантақтың үйіне құдағи қонаққа келіп, бәйбішемді шәйға шақырып кеткен. Қайтарында пакетке қойдың пісірілген жалғыз сирағын «құдаға ауыз тигізіңіз» деп беріп жіберіпті. Қасиеттеп берген сирағын шәй үстінде маған беріп:

-Құдағидың бұнысы несі жалғыз сираққа екі-үш түйір ет қоспағаны қалай? – деп таңданғанынан маған қарады. Мен:

-Шәйдің алдында ет асылып па еді?

-Жоқ. Аулынан алып келіпті.

-Онда дастарханға қойма. Сығандар бас сирақ жемейді. Солардың қалдығын алып келіп біздерді асырамақ болғаны ғой, өзіне қайтарып бер.

- Әдірем қалсын. Итке тастаймын – деді бұрқан талқаны шыққан бәйбішем. Құдағиыңды әбден басыңа секірттің. Бұл не мазағы. Менде де ақыл жоқ. Жалғыз сирақты неге алдым екен? Өзіне өзі ашуланып аяқ астынан ұрыс керіс шығып, ішкен шәйіміздің берекесі кетті.

Бір апта өтпей жақсы көретін құдашам Таня (Тыржима) қалта телофоныма ызбандап:

-Сізге піскен қойдың басын апарып береді. Жемеңіздер – деді де телефонын өшіре салды. Кімнің әкеліп беретінін түсіндіріп айтпады. Аң-таң болып қалдым да, бәйбішеме «кімде-кім қойдың басын әкеліп берсе алма»  деп ескерттім. Біз аузымызды жауып  үлгергенімізше келінім-Қаймақ пакетке салынып оралған затты «құдағиларыңыз беріп жіберіпті» деп әкеп берді. Ішіміз қылп ете қалса да «рахметімізді» айтып алып қалдық. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей мұздатқышқа қоймай тамақтардың қалдығын салатын жәшіктің қасына қойды. Келін кеткен соң ізін суытпай далаға алып шығып пакетін ашпастан қоқыс контейнеріне апарып тастады. Тыржима құдашама өзім телефон соғып «бастың» мән жайын сұрадым.

-Құдағиыңызға айтпаңыз. Ол «бас» сығандарға дуалаттырылған, қарғысқа ұшырататын «бас». Көңлім босап, тура келген ажалдан аман қалғандай құдашама деген ризашылықпен, адамдық ниетін бұрынғыданда жақсы көре бастадым да:

-Орауын ашпастан қоқысқа тастаттым – дедім жаным жадырап.

-Қаңғыбастар алып жеп қоятын болды ғой. Жерге көміп тастау керек еді – деп ренжіп қалды. Қайтіп, қайта барып қоқыстың ішін аралап жүреді. Обалы құдағиға деп бәйбішем сіріңке жағып ас үйдің ішін өзінше дизенфекциялап «қарғыс дуаларды» аластатып білгішсініп жүр.

Ата-бабаларымыз «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп қалай тауып айтқан. Менің құдағиым «Жалғыз тал» қыстағында туып өскен. Шешесі асқан сұлу адам болыпты. Атақты үлкен кісілер – ақын, жазушы, әртістер ат ізін салып, көркіне қызығып, келіп кетіп бір тілдесіп қалуға құмартып тұрады екен. Өлең арнап, жазған көркем шығармаларына прототип етіп алып сұлулығын дәріптеп «Қамар сұлу» деп есімін де өзгертіпті. Газет қиындыларын көрсетіп Таняның (Тыржима) мақтанғаны бар. Сол Қамар сұлу қыздарым менен де сұлу болар деп есімдерін Қыртима, Тыржима, Қыржима, Сықсима, Бұртима атапты. Заманның орыстанып бара жатқанын, екі қазақтың бірімен-бірі орысша сөйлесетінін сезген болар. Әзірше тіл көзден аман болғанын құдайдан тілеп, өскенде жақсы есімдерді өздері тауып алар деп үміт артыпты. Алты қыздың алтындай анасы толысқан шағында елуге жетпей, әрі таймай, еркек біткенді тамсандырып, үздіктіріп жүріп кенеттен қайтыс болыпты.  Жастай қалған алты қыз сығандардың ортасында өсіп бой жетіпті. Құданың құдыретімен алты қыздың үлкені менің құдағиым болды. Жүріс тұрысы, мінез құлқы, қолыңдағыны тартып алатын әбжілдігі, алдыңды болжап ақыл айтқыштығы сығанның келіншектерінен асып түседі. Менің келінім Қаймаққа ондай мінез дарымаған. Бірақ құдағиымның айтқанын жерге тастамайды. Қалада нағашысының қолында оқып, қанына сыған мінезін сіңіріп үлгермеген екен. Соған да тәубә!

Ақ түйенің қарыны жарлып алтыншы немерем дүниеге келді. Құдағиымның жатқанына жеті-сегіз ай болған. Құдуар құдама бір қап кортопия, бір қап ұн қалдырса, содан жеті-сегіз түрлі тамақ жасап ішеді екен. От жағып күл шығарғаннан басқа ермегі жоқ, үйден ұзап шықпай сыған достарының тапқанынан азын-аулақ қол үздік табысы бар. Тәуелділік заманында қатындар: «өлім Құдайдан, тамақ байдан» дейді екен. Егемендіктің еркектері: «ажал Алладан, тамақ базардағы қатыннан» деп әндетіп үлгеріпті. «Әр ауылдың иті әртүрлі үреді» деген осы.

Немерем қырқынан шыққаннан соң құдағи кетіп қалған шығар, немеремді көрейін деп Жантағымның үйіне бардым. Сау басыма сақина іздеп мезгілсіз келіппін. Бұрынғы айқай-ұйқайлары жеңіл артерелиядан атылған дайындық оқтары екен. Бүгін катюшадан оқ жаудырылды. Құдағиымның жыртиған көзі шатынап:

-Баланың атын сен (сіз емес) неге қоясың? Немере керек болса тоқал алып бала туғызып ал, жеті-сегіз айдан бері босқа жатырмын ба? Шыдамның да шегі бар, если правду говорить Жантақ не твой сын. От кого родила мы знаем деп орысшалап ала жөнелді. Сығырайған көзі ызақорлықтан жасқа толып бажбаңдап жұлқынғанда кең көйлегінің етегі желп-желп етеді. Ентігін баса алмай, аузының көбігін сүртуге де дәрмені келмей бұрқыраған былапытын әрі қарай жалғастырды.

-Біз сенің ойдағы-қырдағы қылмысыңның бәрінде білеміз.

- Оны қайдан білдің – дедім іштей кіжініп, орысша сөзіне жауап таба алмай қаным басыма шапшып.

- Ауысқаннан.

- Ол пәле тірі ме еді? Айтатыны баяғы шеге, топса, есіктің тұтқасы шығар. Кісі өлтіріп, ұрлық жасағаным жоқ. Білгеніңнен қалма – дедім бойымды тіктеп, шығуға ыңғайланып. Ас үй бөлмесінен келінімнің дауысы шықты.

- Сенің әкең бізді таяқпен ұрды,  полицайға тапсырамыз, жындықанаға өткіземіз, тез қайыт – деп ызбандап жатқанын естідім. Сірә Жантақпен сөйлесіп жатқан болар деп топшыладым. Құдағиымның сөзін естігеннен кейін әрі-сәрі болып үйге әзер жеттім. Үйге жеткенімше бәйбішемді  телефонмен сыбап-сипап жарылуға дайындап қойыпты. Жаңағы естігендерім аз болғандай қатты қайнаған қазандай бұрқ-сарқ етіп «ол үйде нең бар еді, құдағиыңның емшегін емейін деп бардың ба?» «Неғып, немерешіл болып қалдың? Жантақ келгенен соң-ақ, баратын едік қой. Сенің де, менің де естімегеніміз қалмады, өзімізге де сол керек. Жантақ айтып еді ғой, «мен жоқта үйге бармаңдар» деп, неге бардың? Диванда басымды жастықпен қымтап жатып қара терге түсіп ұйықтап кетіппін.

Жақсы түс көріппін. Алты немеремнің ортасында жатырмын, өзім өсірген бау-бақшаның, алма, өріктің көлеңкесі. Бәйбішемнің күтіміндегі бүлдірген мен қарақат та жақында өз жемісін беріпті. Теріп жеп бет ауыздары қып-қызыл болып жүр. Не деген бақыт!  Қартайған шағымда асыр салып, айналамда ата-аталап үстіме шығып секіріп еркелейді. Осылардың қызығын көріп құдағиым тату тәтті араласып жүрсе қандай қызық. Менің сыған құдағиыма не жетпейді екен? Келінім-Қаймаққа «Батыр» Ана деген атақ берген, төсінде алтын алқасы жарқырайды. Қиялым қияға ұшып зейнетақымды жинап бау-бақшаның ортасына келініме ескерткіш қойғым келіп кетті. Өз бау-бақшам ғой, кімнің қандай шаруасы бар. Немерелерім үшін келінім Қаймақтың бұрын соңды бажылдап бақылдағанын кешіремін. Құдағи қанша сығаншалап Жантақтың жанын жараласада өз балам ғой, өз қолымды өзім кесем бе? Сыған құдағи қызына келуді тоқтатқанына біраз болып қалған еді іш құсадан беті бір жолата әрі қарап кетіпті деген хабар келді. «Құдуары құл да болса, құдай қосқан құдам еді» еңсесін баса берген айқай шудан құтылғанына мен де жеңілдеп қалдым.  Тойдан кейін көрмегеніме ырду-дырдумен көп жылдар өткен екен. Енді шақырсам келетін шығар деп ойладым. Төрде құс жастықты құшақтатып жатқызып бәйбішемнің шала қайнаған сары шәйін ішкізер сәті түскен секілді.

Сол Құдуар құдамның аты жөні құрдымға кететін болды деп құдағиым уайымдаушы еді, бөрік киген еркек емеспіз бе, шуылдап жүрген балдыздарына жолатпай қорасының есігін басқа жағынан шығартып үйлендірсек деген ой сап ете қалды. «Немере сүйгің келсе тоқал ал» деген сыған құдағидың сөзі маған емес, Құдуардың еншісіне тигелі тұр. Менен әлде қайда жас қой. Мүмкін ұлды болар деген қуаныштан оянып кетіппін.                                                                 

Садық  СМАҒҰЛОВ

Қатысты Мақалалар