Шәмшіге «Тамды аруы» деп ән шығартқан Ақсұлу Ерманова туралы не білеміз? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708235719089_small.jpg

Өткен жылы Теміртауға жол түсіп, сонда ерекше бір кейіпкермен танысқанбыз. «Шәмші ғашық болған ару Теміртауда тұрады» дегенді естігенімізбен кездесіп, әңгімелесу мүмкіндігі кештеу бұйырған еді. Белгілі композитор, вальс королі Шәмші Қалдаяқовты өзіне ғашық еткен Тамдының аруы кім? Ол неге өзін ұзақ жылдар жасырып келді деген сауалдардың жауабын іздеп, кейіпкердің өзімен кездестік.

Жолдасының көзі тірісінде Шәмшінің бірде бір әнін орындамаған Ақсұлу Ерманова бүгінде Теміртаудағы «Әжелер ансамбілінің» мүшесі.

«Қамшы» порталы оқырмандарының назарына әйгілі «Тамды аруы» әнінің тууына себеп болған Ақсұлу Ерманова апамыздың әңгімесін ұсынамыз.

-Ақсұлу апа, Шәмшімен қалай кездесіп едіңіз?

-Ол уақытта 1975 жылдары осы Шәмші Қалдаяқов Өзбекстандағы Мыңбұлақ деген жерге барған. Шахарбаев деген кісі бар еді, ол кісі қайтыс болып кетті. Соның үйінде бір апта жатып, клубта концерт берді. Сол концертке бардым мен де. Бір-екі балам бар ол уақытта. Жаспын. Жүгіріп барып өлең де айттым сол жерде. Сол жерде Шәмшіні көрдім. Көргеннен кейін, күн батқан соң Атамұрат ағайдың үйіне шақырды мені.

-Шәмші шақыртқан ғой сонда?

-Иә, бағанағы кісілер шақырып жатыр. Көреміз деп жатыр. Келсін деп жатыр деді.

-Содан? Атақты композитордың өзі шақырып тұр ғой. Бардыңыз ба?

-Бармадым. Күйеуім шопыр еді. Рейстен келген соң, «барайық» деп ем, «Жоқ, бармаймыз ешқайда. Біз әртіспен жұмысымыз жоқ, нең бар әртісте» деп, барғанымыз жоқ. 

-Ал «Тамды аруы» әні туралы қалай естідіңіз? Қандай күйде болдыңыз?

-Сол концерт қойып кеткен соң, көп ұзамай арада 2-3 жыл өткеннен кейін ән шыққанын ести бастадық. Ауылдың адамдары «саған шығарған, саған шығарған» деп айтып жүрді. Мен «жоқ, маған өлең шығармаса да өзіме лайық атағым, даңқым бар» деп ол әңгімені басып қойдым. Жасырдым, сөздің шыны керек, осы уақытқа дейін.

-Әннің тарихын, Сіз туралы қазір біраз жұрт біледі. Басыңыздан өткен бұл оқиға туралы қашаннан бері жариялай бастадыңыз?

-Мұны Мыңбұлақта Құлдасбаев Сағи деген біледі. Ол кісілер сол уақыта бәрі бір табақтан тамақ жеген кісілер. Шахарбаев деген кісі толық білетін еді, ол кісі қайтыс болып кетті. Алматыдан бір кісілер Тамдыға барса, сонда Сағи Құлдасбаев «Тамдының аруы Теміртауда, сол кісіге шығарған. Мен толық білемін, тауып алыңыздар. Ол кісі осы уақытқа дейін жасырып, ешкімге айтпайды» депті. Біз Өзбекстаннан 2005 жылы көшіп келдік. Естіген журналистер хабарласқанда жолдасым «қойшы, не керегі бар? Үстіңде үйің жоқ, панаң жоқ, журналистің не керегі бар сендерге» деген соң тілшілерге «келмеңіздер» дедім. Әбден жасырындым, ақыр аяғы үйімде жоқпын деп жасырдым. Содан кейін 2013-те ме, 2014-те ма, бәрібір тауып алып, сұхбаттасып телеарнаға шығарды. Ол кезде Шәмші ғашық болған қос бұрырымды тарқатып шешіп көрсеткем камераға (күлді). Қазір ол шаштың ұзындығы болғанымен, жұқарды ғой.

-Сонда «Тамдыаруы» өзіңізге арналғанын 2013 жылдан бері қарай ғана «мойындадыңыз» ба?

-Мен ешқашан сол өлеңді «маған арнады» деп өзім айтпаймын, халық айтты. «Саған шығарылған өлең» деді. «Осы келіншекке өлең шығарамыз. Шашы бар, Мыңбұлақ деген жердің ботасы бар екен, малы, киіз үйлері бар екен. Бұл қазақы ауыл ғой, таңырқап отырмын. Мұның келіншектері қандай тамаша» деп қызығып айтып кетіпті сол уақытта композитордың өзі.

-Жолдасыңыз, яғни, атамыз бар ма қазір?

-Атаң қайтыс болып кетті. Сол кісі қайтыс болғаннан кейін ғана «иә» деп мойындадым, оған дейін мойындамадым ғой.

-Атамыз қызғанған болды ғой?

-Атаң қызғанды. Ер адам қызғанады ғой қанша айтқанымен. Сенбестік қылады, анау-мынау деген әңгіме көп қой елде.

-Не дегенмен, Шәмшідей азаматтың жүрегін дір еткізген сіз де осал емессіз ғой.

-Иә, осал емеспіз ғой. Мақтанамыз ғой. (күлді) Өзімнің балаларым бар. Келіндерім бар. 6 балам, 20-дай немерем бар.

-Айтпақшы, балаларыңызды, немерелеріңіздің ішінде Шәмші деген есім жоқ па?

-Есім жоқ, қойғанымыз жоқ. Ақжол деп қойғаным бар, өзім сияқты өлең айтатын бала бола ма деп. Шәмшіні қоймадық (күлді).

Әңгімеңізге рахмет! Қуатты болыңыз!

Сұхбаттасқан: Ақбота Мұсабекқызы

Қатысты Мақалалар