Былтыр 24 қазан күні Тараз қаласындағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында өзін-өзі өртеп жіберген 20 жастағы Ерлан Бектібаевтің қылмысқа қатысы жоқтығы дәлелденді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы nur.kz – ке сілтеме жасап.
Бұған дейін тергеу органдары Е. Бектібаев Данияр Раимбаев есімді азаматтың өліміне қатысы бар деп күдіктенген болатын.
Жан түршіктірерлік қайғылы оқиғадан соң жалғасқан іздестіру, тергеу жұмыстары Д. Раимбаевтың өліміне қатысы бар шын қылмыскерді анықтады. Оның қылмысқа қатысын дәлелдеу үшін полицейлер тіпті Талас өзенінің суын ағызып жіберіп, астынан айғақ заттарды іздеуге дейін барған.
Адам өлтірген Руслан Исраиловтың қылмысы дәлелденіп, ол қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша кінәлі деп танылған. Сот оған 18,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Енді құқыққорғау органдары кінәсіз жігітті айыптап, өзін-өзі өлтіруге итермелеген полиция қызметкерімен айналысатын болады.