Сайтымызда «Бақты» бекетінен өту кезінде Қытайдан келе жатқан қазақ азаматының 10 мың доллар әкеле жатқан қазақ қариясының ақшасын алып қою оқиғасы туралы жазған болатынбыз.
Осыған байланысты редакциямызға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен жауап хат келді. Комитеттен келген хатта мақалада айтылған оқиғаның 2016 жылғы 26 наурыз күні болғаны, шекарадан өткен 1948 жылы туған ҚХР азаматының қалтасынан 10 мың АҚШ доллары, 40 мың теңге және 1535 юань табылғаны жазылған. Алайда, ол ақшаны кеденшілер емес шекара бекетінің қызметшілері, яғни шекара қызметінің әскери қызметшілері тәркілегені айтылады. Кіріс комитетінен келген хатта сондай-ақ, шетел азаматының ақшасын тәркілеу белгіленген нұсқаулықтарды бұза отырып, жолаушылар терминалында кедендік бақылау аяқталғаннан соң жүргізілгені жазылған. Шекарашылар тарапынан белгіленген ережені бұзу оқиғасы туралы арнайы жазба тіркеліп, тиісті органдар құлақтандырылған көрінеді.
Аталған іс бойынша материалдар процессуалдық шешім шығару үшін ҚР ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Аягөз бөлімшесіне жіберілген. «Қамшы» порталы осы оқиғаның бұдан әрі қалай өрбитінін назарында ұстайтынын ескертеміз.