Орал қаласында күні бүгін 17144 бүлдіршін балабақша кезегінде тұрса, соның 1500-і - 3-6 жастағылар, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектепке дейінді білім беру жүйесіне инвестиция тарту мәселелеріне арналған кеңесте айтылған.
Шаһар басшысының атап өткеніндей, балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету - 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен Орал қаласы даму бағдарламасының басты индикаторларының бірі. Оралда Елбасы тапсырмасына сәйкес «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанымен, демографиялық жағдайдың жақсаруына байланысты балабақшаға деген қажеттілік те өсіп келеді. Мысалы, қалалық білім беру бөлімінің мәліметіне сәйкес шаһарда 2-5 жас аралығындағы 11400 балдырған кезекте тұрса, үлгі жобадағы 1 балабақша 280 орындық деп алғанда, облыс орталығына әлі қырыққа жуық мектепке дейінгі ұйым керек. Әсіресе, кезектің көптігі Зашаған кенті мен қаланың орталығында, 5, 6, 7, 9-шағынаудандар мен «Жұлдызда» байқалады. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті пайдалана отырып, жекеменшік балабақшалар ашуға да баса назар аудару қажет.
Жиында «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ стратегиялық даму және инвестициялық жобалар департаментінің директоры Артур Досқалиев, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Кеңес қорытындысына сәйкес қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жекеменшік балабақшалар ашу үшін қажетті жер телімдерін айқындау тапсырылды.
Айта кетейік, Оралда 92 мектепке дейінгі ұйым болса, соның ішінде 50-і мемлекеттік, 26-сы мектеп жанындағы шағын орталық, біреуі мектеп-балабақша кешені, 15-і - жеке балабақша. Бұларда 13232 бүлдіршін тәрбиеленсе, соның 743-і немесе 6 пайызы ғана жеке балабақшаларда.