Дін ұстану - Аллаға құлшылық па, әлде басқаларға мұсылман болып көріну ме?

/uploads/thumbnail/20170709010335522_small.jpg

Иә әййуһән нәс!
(Ей адамзат баласы)
Әуелден мұсылман қазақтарым!
Жүзбе жүз кездеспесем де, әлеуметтік желіде бес жылдан бері білетін қарасақал Садық Sherimbek бауырым дін литературасын көп жазып жүр. Осы бір нәзік тақырыпты дөрекілеу қозғаса да, талайдың діни түсінігінің тым таяз екенін ортаға шығарды. Оның діни сарказмдары біреудің діндегі дүмше мүриттерге деген мазақ күлкісін туғызса, балағы да қысқа, ойы да қысқа бауырларымыздың ашуын кернетіп, жазғыш жігіттің тозақ отына жанатынына үкім бергізді. Ал, менің жаным ауырды. Жүрегім жылады. Неге? 
Сан ғасырлардан бері бабаларымыз ұстанып келе жатқан, ішінде бөле жарылып, алаланбаған осынау дініміз туралы тым саяз білетінімізге; Мұсылмандықты өзімізбен Алланың арасындағы жеке қатынасымыз ретінде емес, басқаларға мұсылман болып көріну үшін ғана қолданатынымызға; Дінді еш білмейтінімізге, тіпті білгіміз келмейтініне... Дін білімін қайдан үйрену туралы ойламайтынымызға; Бүгінге дейін санамызға сіңірілген діни ақиқаттардың шынымен де ақиқат әлде жалған екеніне бас ауыртпайтынымызға, иманымызды жетілдіру үшін ізденбейтінімізге, көңілде тыныштық таппаған сұрақтарды жауабын білетіндерімізден сұрамайтынымызға жаным ауыра қайран қалдым.
Біз дінді қайдан үйренеміз? – Құраннан. Құран кәрімнің практикалық көрінісі пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с)ден және кітабымыз баян еткен барша пайғамбарлар өмірінен. Ислам дінінің барлық сұрақтарына жауап табылатын Құранның 2/5 бөлігі қиссалармен толтырылған. Пайғамбарлардың, соңғы пайғамбар келгенге дейінгі қауымдардың тарихтарынан бөлек-бөлек оқиғалар әңгімелейтін 2000-нан астам аятты қисса дейміз. Қисса – кесіп алып түсіндірілген өмір бөліктері деген сөз, түбірі – микас, арабша мағынасы қайшы. Құранда аталған қиссалар түгелдей жүзеге асқан оқиғалар. Бірінші, Құранда барлық пайғамбардың қиссасы жоқ, екіншіден, өмірлерінен дерек берілген пайғамбарлардың да тұтас ғұмыры айтылмайды. Сондай-ақ қиссалар тарихты сөйлемейді, тарихтың координаттарын, датасын бермейді. Баяндаған оқиғаларынан ғибрат алуды міндеттейді. Құран көбінде бір оқиғаның кейіпкерлерінің есімін бермейді, кісі аттары мен жер аттары зікір етілмеуі үшін сирек берілген. Мысалы аты аталған Перғауын, Әбу-лақап кісі аттары емес, бірақ перғауындық әлі жалғасып келеді.
Пенде бірдеңе сену үшін көңілінде күмән болмауы керек. Дін де солай, өзінің ақиқатты сөйлеуші екенін иналушыларының күмәнсіз қабылдауын міндеттейді. Күмән болмауы үшін бізге сенуге міндеттелген дүние ақылға сыйымды, күмәнсіз, біздің сана шегіміздің шектері арасында болуы керек. Мәселе осы жерден басталады. Бізге дінді түсіндірушілер ылғи да дерексіз, дәйексіз, қиялға сыймайтын әңгімемен жеткізеді. Үркітіп, қорқытады.
Мысалы Құран аяттарының 6236(Бісміллә сөздерін қосқанда 6348 аят.) екенін біле тұра неге 6666 дейміз? Құранда Аллаға 120-ға жуық есім, сипат берілсе де, 99 деп киелі сан жасап аламыз. Жер бетіне жіберілген пайғамбарлар саны да 124 мың екені туралы нақты дерек жоқ, Құранда тек Мұхаммед(с.ғ.с) мен 24 пайғамбар есімі аталады. Адамзат баласына алғаш Адам ғалайсалам(Әлейһи уә салам) пайғамбар ретінде жіберілген. 
Әрине, біз Құранды өзімізге бейімдеуге тиіс емеспіз, Құранға бейімделуге міндеттіміз. 
Мен қапыз-қари емеспін. Бірақ, өзімнің көкейімдегі бала кезден келе жатқан сұрақтарға бірнеше аптадан бері жауап іздедім. Бұл жазбаны оқыған адамның менің діни көзқарасымды тергеп, Жаннатты мекендейтінімді немесе Тозақта шытыр-шытыр жанатынымды талқыламай, бір сәт діни ұстанымы, білімі туралы ойлануын өтіне сұраймын. Көптеген ғалымдардың Құран тәпсірлерін тыңдадым. Бүгінге дейін дұрыс деп келген, дұрысы қате түсініп келген, Құранда жазылған төмендегі үлкен тақырыптарға назарларыңызды тартайын:

1. АДАМЗАТ ҚАЙДА ЖАРАТЫЛДЫ, ҚАЛАЙ ЖАРАТЫЛДЫ?
Адам баласы(Инсан) алғаш қалай жаратылды? Адам ғалайссаламның(Адам ата) балалары бір-біріне үйленді ме? Бұл сұрақтарға біз ойландық па?
Әлемдер раббысы тұтас ғаламды алты күнде жаратқаны Сәжде сүресінде айтылады. Адам баласының жаратылысы туралы айтқанда бәріміздің ақылымызға алғаш келетіні адам мен Ібілістің арасындағы оқиға. Әр түрлі замандағы өзгерген санаға сай Құран түрліше тәпсірленген. Оның себебі Құранда сөздер мен түсініктердің көп мағыналылығы технигі (Әл ужух)бар. Оның бір мысалы Әл-Жәннат сөзі. Құранда аты кездесетін Жәннат сөзінің бәрі бақи дүниедегі Жәннат мағынасын бермейді. Адам баласының жаратылған алғашқы мекені көбіміздің жаңылыс біліп жүргеніміздей мұсылмандарға ақыретте сүйіншілеген ЖӘННАТ емес. Араб тілінің морфологиясында жалғау мен жұрнақ сөздің түбірін де өзгертіп жібереді. Жәннат түбірі Жәнене. Жәнне – жоғалу, бүркену, жасырыну, көмкерілу деген сөз. Мәжнүн ақылы жасырынған кісі мағынасында. Әжинне қалқан, қорған мағынасында. Жин жасырын тіршілік деген сөз. Жәннат болса, үсті гүлмен, жапырақпен көмкеріліп, жері көрінбей тұрған бақша мағынасын береді. Сәжде сүресінде және Фатыр сүресінде адам баласының топырақтан(балшықтан емес) жаратылғанын айтылады. Адам баласы адамға қажетті барлық қажеттіліктерді қанағаттандыратын жер бетінің бір бақшасында жаратылған. 
Адам баласы Жаннаттан түсірілген деген қате түсінік бар. Керісінше жаннаттан шығарылған. Адамның жаннаттан шығарылғанын баян еткен аяттағы «уахабата» етістігі Мұса пайғамбар қауымының бір жерден басқа жерге көшуінде де, Нұх пайғамбардың кемесіндегілердің кемеден түскенінде де қолданылады. 
Құранда адам баласының алғаш жаратылғаны туралы аят Адам атаны тілге тиек етпейді. Дәл осы мәселені түсіндірген Ниса сүресінің алғашқы аяты бізге дұрыс тәпсірленбей келеді. Бұл аяттың араб тіліндегі түпнұсқасында ешқандай есім берілмейді.
«(1) Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла (Т.) сендерді бақылаушы.» 
Осы аяттағы бір кісіден сөзі Адам ата түсінігіне сай бұрмаланып кісі деп аударылған. Арабша мағынада оны жан немесе бір тіршілік көзі деп аудару керек. Асылында, «Әй адам баласы» деп ең баста жаратылғаннан қияметке дейін адамзат баласын түгелдей қамтып, құлақ салуға шақырады. Содан, «сендерді бір жаннан жараттық» дейді. Және «одан жұбай жараттық» дейді. Осы жолдар «әйел еркектің қабырғасынан жаратылған» деген дәстүрлі қате түсінікті де жоққа шығарады. Әйел еркектің қандай да бір сүйегінен жаратылмаған, еркек неден жаратылса әйел де содан жаратылған. Құран тыныс белгілері жоқ мәтіндер болғандықтан, жалаң оқудан біз қате түсініктерге ие боламыз. Сондай-ақ бір еркек пен бір әйел ғана жаратылып, барша адамның олардың ұрпағы екені туралы да мағына бұл аяттан шықпайды. «Көптеген ер әйелді таратқан раббыңнан қорқыңдар» деп, алғаш адам баласының бір мезетте көптеген еркек пен көптеген әйел жаратқанын айтады. Бұны Құран тағы бір аяты дәлелдей түседі. Хужурат сүресінің 13 аятында: 
«(13) Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.» - дейді. 
Яғни, бір еркек, бір әйелден жараттық дейді. Бұл аятта да есім бермейді, тек жыныс беріледі. Құранды аударушы Адам ата, Хауа ана түсінігіне сай оларды жақшалап, бұл мағынаға сыйғызған. Алла осы аятта: Бір әйел, бір еркектен деп жұп-жұптан, ер мен әйелдің санының тең жаратылғанын айтады.
Зүмәр сүресінің 6-аятында да: 
«(6) Алла (Т.) сендерді бір кісіден жаратты. Сосын одан жұбайын жаратты. Тағы сендер үшін малдардан сегіз түр пайда қылды. Және сендерді аналарыңның ішіндегі үш қараңғылықта бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен жаратты. Міне осы Раббыларың Алла (Т.), Патшалық Оған тән. Одан басқа еш тәңір жоқ. Қайтып бұрылып барасыңдар?»
Мұнда да кісіден деп сол қате түсініктің сарынымен аударма берілген. «Бір жаннан, бір тіршілік көзінен жараттық» дейді. «Сендер үшін жанды тіршіліктен сегіз жұп жаратылды» дейді келесі сөйлемде(мал емес жанды тіршілік).
Біздің дұрыс түсінікке ие болуымыз үшін Фатыр сүресіндегі мына аят көмекке келеді:
«(11) Алла (Т.) сендерді топырақтан сосын мәниден жаратып, кейін сендерді жұп-жұп қылды. Ешбір ұрғашы Алланың білімінен тыс жүкті болмайды да, тумайды. Алланың Кітабында жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды. Әрине бұл Аллаға оңай.»
Осы аятта «Алла сендерді топырақтан жаратты» дейді. Сәжде сүресіндегі қате аудармадағыдай балшықтан демейді. Және, осы сүреді жұп-жұп қылды дейді. Яғни, жұптан жаратты дейді. Бұл алғаш жаратылған мезетте жұп-жұптан көп адам жаратылғанын нақтылай түседі.
Нұх сүресінің мына аятында, біздің топырақтан жаратылғанымызды, жерде өсіп өнгенімізді тәптіштеп түсіндіреді.
«(17) "Алла, сендерді жерден өсіріп өндірді."»
Адам баласы топырақтан жаратылды деген – кірпіш қалап үй салғандай, Алла Тағала адамды топырақты балшық илеп, мүсіндеп, долбарлап жасай салды деген сөз емес. Топырақ текті етіп жаратты деген сөз. Киген киімімізге қолданған мақта жерде өседі, немесе, хайуан жүні жерде өсетін шөппен қоректенген жануар жүні екенін, жеген етіміз, астығымыз, құрал – сайманымыз, құрылыс материалдарымыз түгелдей топыраққа тиесілі екенін ойласақ, сұрағымызға ақылға сиымды жауап аламыз.
Ағраф сүресінің 10-аяты да:
«(10) Расында сендерді жер жүзіне орналастырып өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер.» - дей келіп, 
Адам баласының жер бетінде жаратылғанын айтады. Осыдан кейінгі 11-аятта барып, 
«(11) Расында сендерді жаратып сонан кейін бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ Ібіліс сәжде етпеді де сәжде етушілерден де болмады.»
Адам баласына періштелердің сәжде еткенін, Ібілістің сәжде етпегенін жазады. Осы аят, адам баласы жаратылған жәннат бақшаның жер бетінде болғанын күмәнсіз дәлелдей түседі. Сондай-ақ, «сендерді жаратып» деген көптік мағынасындағы сөз қолданылып тұр, ол да бір мезетте көп адамның жаратылғанына дәлел.
Әли Имран сүресінің 33-аяты болса, 
«(33) Негізінен Алла (Т.) Адам мен Нұх (Ғ.С.) ты және Ыбырайым (Ғ.С.) мен Ғымранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылды.»
Алла тағаланың Адам ғалайсаламды, Нұх ғалайсаламды, Ыбырайым ғалайсалам мен Имран ғалайсаламды да өз қауымынан пайғамбар етіп таңдап, әлемге ардақты қылғанын айтады. Бір адам пайғамбар ретінде таңдалуы үшін міндетті түрде көп адам, қауым керек. Адам пайғамбар да пайғамбар болып таңдалуы үшін, демек ол саны көп адам арасынан таңдалған.
Жоғарыдағы аяттардың бәрі АДАМ БАЛАСЫНЫҢ ЖЕРДЕ ЖАРАТЫЛҒАНЫН, БІР МЕЗЕТТЕ ЕР-ӘЙЕЛІНІҢ САНЫ БІРДЕЙ КӨП БОЛЫП жаратылғанын түсіндіреді. Бұл дәлелді алғаш болып келтірген Имам әл-Матуриди екені айтылады.
Инсан сүресінің алғашқы
«(1)Адамзат еске аларлық бір нәрсе болғанға дейін дәуірден бірталай мерзім өтпеді ме?» аяты болса, Адам баласының жер жаратыла салып, бірден жаратылмағанын айтады, яғни эволюцияны түсіндіреді. Осы сүреден кейін барып, адамның неден жаратылғанын айтады. Жер жаратылысынан кейін көптеген уақыттан соң барып, адам жаратылғанын баяндайды. Бұл ғылыммен қабысады. 
Жоғарыда көргеніміздей, Ислам дінінде бір мәселенің шешімін табу үшін тек аятпен үкім кесуге болмайды. Бір сұраққа Құранның іргелес емес сүрелерінің түрлі аяттарынан жауап табылып тұр. Діни тартыстарды жақсы көретін кейбір ойы мен балағы қысқа жандардың бір аятқа қана жабысып алып, шеке тамырлары адырайып шыға келетіні бар. Жастарымыздың көбі де бұл тұрғыдан ізденбейді. 
Біз сөз еткен аяттарды оқи келе, Адам атаның өзінен жаратылған әйелмен үйленбегенін де кесіп айтуға болады. Адам атаның өз қабырғасынан жаратылған әйелмен үйленгенін қабыл ету, оның өз баласымен үйленгенін қабылдау деген сөз. Бұл кітаби мұқадеске де, адам ақылағына да сай емес. Оның балалары да бір бірімен үйленген жоқ, себебі ол кезде көп адам болды. Бір емшектен сүт емгендердің бір-бірімен үйленуін кітабымыз арам дейді. Сүт бауыр ғана емес, бір ана емізген, бірнеше ананың балалары болса да.

2. НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КЕМЕСІ ТОПАН СУДАН ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРЫЛДЫ? НҰХ ҚАУЫМЫН ЖАЛМАҒАН ТОПАН СУ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Құранда ең көп аты аталған пайғамбардың бірі Нұх. Құранның бір сүресі(71-сүре) де осы пайғамбар атымен аталған. 
Қамар сүресінің 9-10 аяттарында Нұх ғалайссаламның өз қауымын дінге шақыру жолында жәбірленіп, шарасыздығының ең соңында Алладан жәрдем тілегені баяндалады. 
«(9) Олардан бұрын Нұх (Ғ.С.) тың қауымы да өтірік деген. Құлымызды жасынға шығарып: "Жынды" деген, әрі жәбірленген еді.
(10) Сонда ол, Раббына: "Күдіксіз мен жеңілдім, маған нұсрат бер" деп, жалбарынған.»
Оқиғаның жалғасы Һуд сүресінің 37 аятында:
«(37) Көз алдымызда нұсқауымыз бойынша кеме жаса. Залымдар турасында маған айтпа! Өйткені, олар суға батырылады.»
Бұнда Алланың Нұх пайғамбарға кеме жасауды әмір еткені, алайда, қауымыңды, ондағы адасушыларды құтқаршы деп мүлде жалбарынба дегені, топан су жіберетіні баяндалады. 
Келесі 38-аятта, кеме жасап жатқан Нұх ғалайсаламды қауымның басшыларының тәлкек қылғаны айтылады. Нұх ғалайсалам оларға "Егер бізді сықақ қылсаңдар, біз де сендерді, бізді сықақ қылғандарыңдай сықақ етеміз" дейді. Мұны әр түрлі тәпсірлейтіндер бар, бір ғалымдар «топан судан осы кемемен құтылам дейсің бе?» деп мүшіріктердің пайғамбарды келемеждегенін айтса, бір тәпсірлер «бұл жақта теңіз жоқ қой, бұл кеме құрлықта неге керек?» деп таңғалды дейді. Соңғысы көкейге қонымды. Себебі Алланың апатынан пайғамбар ғана хабардар еді. 39-аят азаптардың кімге келетінін тұспалдайды. Келесі аятта:
«(40) Ақыр әміріміз келген заманда, тандырдан су қайнады. Нұх (Ғ.С.) қа: "Ол кемеге әр нәрседен бір жұп және бұрын үкім етілгеннен басқа семьяңды орналастыр. Әрі иман келтіргендерді де ал" дедік. Негізінде онымен бірге иман келтірген өте аз ғана еді.»
Құранда «әміріміз келгенде» сөзі азабымыз келгенде мағынасын береді. 
«(40) хәттә из̃ә жәә әмрунә уәфәрәт тәннууру» арабшасынан да, «(40) Ақыр әміріміз келген заманда, тандырдан су қайнады.» қазақшасынан да көргендей, тандырдың тұтанып, бұқар атып, су қайнағанын, бұл кеменің жүруге дайындығы екенін байқаймыз. Осы жерден будың потенциалдық энергиясын кинетикалық энергияға, одан кейін оны айналушы біліктің механикалық энергиясына түрлендіретін қозғалтқыш машина Нұх заманында болғанын анық байқаймыз. 
Осы аятта, Нұх ғалайсаламға кемесіне «әр нәрседен бір жұп, бұрын үкім етілген, дінге келмеген ұлы және әйелінен басқа отбасын(Құранның аудармасына семья сөзі қалай кіріп кеткенін түсіне алмадым), иман еткендерді» орналастыруы әмір етіледі. Аяттың соңғы сөйлеміндегідей иман еткендер саны көп те емес болған. 
41-аят Нұх ғалайссаламның Алланың атымен кемеге шақырғанын, 42-аят, кеменің таулардай толқындар арасында болғанын айтады. Сонда Нұх ғалайсалам: «айрылуда болған ұлына: "Әй балақайым! Бізбен бірге кемеге отыр, қарсы болушылардан болма!",- деп дыбыстады.»
Білетініміздей, Нұх ұлы дінсіз еді, сондай болса да, ол өзі пайғамбар болса да, әке болса да, алапат дауыл келіп тұрса да дінсіз ұлын, (йә бунәййә) «балақайым» деп шақырады. Қошақаным деп, құлыным деп жұмсақ жүрекпен, ілтипатпен тәубеге келіп, кемеге мінуін шақырады. Бұл, дінге шақырушылар үшін өте үлкен үлгі, дінді түсіндіру үшін қарсыдағы кім болса да оған ізет, ілтипат көрсетуге нұсқайды. Мұндай ілтифат Саффат сүресінде де, Ибраһим пайғамбардың бұтқа табынатын әкесімен диалогында да кезігеді. Көшеде көріп жүргеніміздей, ұзын сақал, ақ дамбал киіп, «тіліңді кәлимаға келтір, әйтпесе тозақта жанасың» деп қорқытып, зекитіндер өрнек алуы керек. Әрине, 43-аят Нұх ұлы Кенған тәубе етпегенін, тауға тырбанып шығып құтылам деп суға кеткенін баяндайды. 44-аятта су тоқталып, залымдардың жоқ болғаны айтылады. Келесі аяттар диалогты өрбітеді:
«(45) Нұх (Ғ.С.) Раббына дабыстап: "Раббым! Күдіксіз ұлым семьямнан ғой. Шәксіз уәдең хақ. Сондай-ақ Сен ең тура үкім етушісің" деді.»
(46) (Алла): "Әй Нұх! Ол, семьяңнан емес. Өйткені, оның ісі дұрыс емес. Сондықтан білмеген бір нәрсені Менен тілеме. Сені надандардан болмауыңды насихаттаймын" деді.
(47) (Нұх Ғ.С.): "Раббым! Расында білмегенімді Сенен тілеуден өзіңе сиынамын. Егер мені жарылқамасаң, маған мәрхамет етпесең зиянға ұшыраушылардан болармын" деді.
(48) "Әй Нұх! Саған, сенімен бірге болған топтарға бізден сәлеметтік, молшылықпен кемеден түс! Бір талай топты дүниеде пайдаландырамыз да сонан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды" делінді.
Нұх баласы дегенде ол 7-8 жастағы бала емес, үлкен кісі болған. Нұх ұзын өмір сүрген адам. Пайғамбарлығы да өмірінің соңында болған. Біз бұдан бір әкенің де, дінсіз ұлына Алланың азабы алдында араша бола алмайтынын түсінеміз. Ең бастысы, бұндағы кеме бір символ еді. Ол Ислам. Бұл кемеге мін демек, исламға, құранға кел деген сөз. Кім ислам дінін ұстанса ол Алланың мархаметінде болмақ. 
Ал, осы қиссаны аңызға айналдырып жібергендердің кесірінен берекесіз сұрақтар бұрын миымды мазалайтын. Бізге Нұх кемесіне барша тіршілік иесінен бір жұп қойылатыны айтылғанда біз бұл мәселені ақылымызға сыйдыра алмай қаламыз. Ойлап қарасаңыз, жердің 79 пайызын алатын су әлемінде жасайтын тіршілік иелерінің ол кемеге алынуының не қажеті бар? Екінші бір шетінен, топан су хайуандарға емес, қауымға келді. Нұх пен кемеге мінген мұсылмандар тек өз аймағындағы жануарларды ғана кемеге алған. Шындығында бұл оқиға хайуандарды топан судан құтқару операциясы емес еді. Тіпті, топан су жер бетін алақандай құрғақ жер қалмайтындай қылып баспаған. Өйтуіне қажет те емес, ол кезде адам саны аз еді, адам аяқ баспаған жерге топан су жіберудің де керегі жоқ. Тек, сол қауым жасаған өңірді ғана топан су алды. Дін ғалымдары ол аумақты қос өзеннің арасындағы Месопотамия деп болжайды. Ал, ол кеменің қуаттылығы өз заманының ең озық технологиясы еді. Бүгінгідей цифрлық технологиямен жасалмаса да бу турбиналы, таудай толқындардың арасында жүзген орасан үлкен кеме болғаны анық.
Кезекті бір мәселе 'Анкәбут сүресінің 14-аятында:
«(14) Рас Нұх (Ғ.С.) ты еліне жібердік. Сонда олардың ішінде тоғыз жүз елу жыл тұрды. Сол уақытта оларды топан басып алды, олар; залым еді.»
Аяттың тұпнұсқа мағынасында: «(14) уәләқад әрсәлнә нуухән илә қаумиһи(Алла Тағала дейді: Нұх(Ғ.С)-ды қауымына біз жібердік). фәләбис̃ә фииһим(Нұх олардың арасында жасады) әлфә сәнәтин(Мың жыл) иллә(Бірақ) хамсиинә ъамән(Елу жылсыз) фәәхаз̃әһумут тууфәну уәһум залимуун»
Бұл жерде үлкен тілдік шеберлік қолданылған. Құран 950 деп тіке жазбаған. Әлфә(мың) сөзі Құранда бірнеше жерде кездеседі, көптік мағынасын береді. Бұл аятты Нұх өз қауымы арасында ұзақ жыл өмір сүрді, бірақ оның елу жылы ғана нәтижелі болды дейтін тәпсір бар. Екінші бір тәпсір болса, сәнә(жыл) сөзін ай ретінде тарататындар бар. Мың ай адам өмірінде шамамен 83 жыл. Яғни, Нұх өз қауымы арасында 4-5 жыл ғана нәтижелі ғұмыр кешті мағынасында. Бұны адам ақылы қабылдайды. «Қадір түнінің мың айдан да қайырлы» сипаты да, ғұмыры босқа өтпеуді түсіндіреді. Яғни, Құранды аңыздар арқылы емес, өзінің шынайы болмысымен, нұсқаған жолы арқылы түсінуіміз керек.

3. ИБРАҺИМ ПАЙҒАМБАРҒА ҰЛЫН ҚҰРБАНҒА ШАЛУ ӘМІР ЕТІЛДІ МЕ? ҚҰСТАРДЫ ӨЛТІРІП, ТІРІЛТТІ МЕ?

Ибраһим барша діндердің атасы ретінде саналатын пайғамбар. Әрине, барша дін дейтін дін жоқ, тек дін Ислам. Ислам діні Алланың бізге әмір еткен дінінің бүгінгі аты, ұстанған дініміздің соңғы тізбегі. Ислам тек Мұхаммед(с.ғ.с)ден басталған жоқ. Ол Адам ғалайсаламнан бері жалғасып келеді. 
«(260) Сонау заманда Ыбырайым (Ғ.С.): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді. (Алла): «Маған сенбейсің бе?»,- деді. (Ыбырайым Ғ.С.): «Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын» деді. (Алла Т.): «Құстардан төртеу ұста да өзіңе үйірлестіріп, (сойып араластыр.) Сонсоң әр таудың басына бір бөлшегін қой да сонан кейін оларды шақыр; дереу саған жетіп келеді. Күдіксіз Алланың өте үстем хикмет иесі екенін біл» деді. (Ыбырайым Ғ.С.) Бұйырылғанды орындады. Алланың әмірі бойынша құстар тіріліп келді.»
Осы аятты бала кезімізде үлкендер аңыз етіп айтатын. Мүмкін талайыңыз естіген шығарсыз, кейбір кісілер тіпті 4 құсты езіп, паршалап деп әсірелеп жіберетін. Мен, олай тәні бөлінген тіршілік иесінің бұл дүниеде қайта тірілетініне күмән келтіретін едім. Әрине, Алланың құдіреті шексіз, алайда ол бірде бір пайғамбарына өзге адамдардан үстін сиқыр немесе қандай да бір өнер бермеген. Қорыққанына ғана табынатын адам баласы олай болса пайғамбарлардың өзіне табынып кетер еді. Жоғарыдағы аятта «сойып» деген сөз жақшада алынған. Түпнұсқада жазылмаған сөз. Ибраһим пайғамбар жүрегім орнықсын деп жоғарыдағыдай сұрақ қояды жаратушыға. Алла да оған періштелер арқылы жауап береді. Қараңыз, бұл жерден не түсінеміз? Егер, Пайғамбар болған кісі пайғамбар болып та, Аллаға «өлікті қайтып тірілтетініңді көрсет» десе, біз қарапайым пенде ретінде одан да бетер сұрақты қоя аламыз. Адамдар сұрақ қойғаннан діннен шықпайды, сұраусыз, көзсіз сенімінің арқасында ақиқаттан адасып діннен шығуы мүмкін. Ақиқат жолындағы сұрақ мұсылманды дінінен шығармайды. Сұрақтар иманды әлсіретпейді, иманды бекіте түседі. Сондықтан әр қашан сұрауға, талпынысы болуға тиіс.
Біз сөз қозғаған аятта, Алла Ибраһим ғалайсаламға ұшқан тіршілік иесінен 4-еуін алуды, асырап, өзіне үйретуді әмір етеді. Мүмкін, бұл адам баласының алғаш рет құсты қолға үйретуі. Құстар қолға үйретілген соң оны дауыс жетерлік төрт төбеге бөлек-бөлек орналастырады. Ибраһим ғалайсалам оларды шақырғанда құстар ұшып келді. Яғни, олар өлтірілмеді, тірілмеді. Бұдан не аңғарамыз? 7-8 күн қолда жем жеген құстарың, асыраушы иесі шақырғанда құстар қайтып келеді де, барлық жаратылысы бойынша Аллаға қарыздар адам баласы Ақыретте жаратушысы шақырғанда қайтып бармай ма? Әрине барады. Адамдар адам баласының түсінігі бойынша ғана өледі, Алланың құзырында өлмейді. 
Ибраһим пайғамбар туралы Әнғам сүресінің төмендегі аяттары да үлкен мағынаға толы:
(76) Оны түн қаптаған сәтте, бір жұлдыз көрді де: «осы менің Раббым» деді. Жұлдыз батқан кезде; «Бататындарды жақсы көрмеймін» деді.
(77) Туған айды көргенде: «Осы менің Раббым» деді. Ол батқанда: «Егер Раббым тура жолға салмаған болса еді, әрине мен де адасқан елден болар едім» деді.
(78) Және шыққан күнді көргенде: «осы менің Раббым, мынау үлкенірек» деді. Ол батқан сәтте: «Әй қауымым! Расында, сендер Аллаға ортақ қосқан нәрселерден бездім» деді.
Әрине, Ибраһим аты бұл аяттардың алдында аталады. 74-75 аяттарда ол әкесінің пұтқа табынғанын сынайды. Бұл мысалдар арқылы Ибраһим ғалайсалам жұлдызға, айға, күнге, пұтқа табынбауға шақырды.
Ибраһим пайғамбарымызға періштелердің келетіні туралы аяттар бар. Оның нәрестелі болатынын жолай сүйіншілеген періштелерге әйелінің күлетіні әр түрлі талқыланып жатады. Зарият сүресінің 25-30 аятында, Хижр сүресінің 52-55 аятында, Һуд сүресінің 69-74 аятында Сараның нәрестемен сүйіншіленген кезде күледі. Шындығында ол қартаң тартқан әйел болғандықтан, зарыға күткен баласын өмірге әкелетін хабарға ризашылықтан күледі. Аяттарда, періштелердің кісі бейнесінде келгені айтылады. Оларға семіз бұзаудан дастархан жайылады, олар жемегенде ғана періште екенін біледі. Яғни, бұл аяттар әйел адамның еркектер арасында отыруына, күлуіне болатынын түсіндіреді. Бүгінгі таңда кейбір діншіл қазекем қатынын жасырып, қонағына еркек басымен шай құйып жүреді. Соларға үлгі көрсетеді. Екінші бір шетінен Закария пайғамбар мен жарының Яхияны күтетіні сияқты нәрестеге зарыққандардың үміт үзбесе, тіпті қартаң жастағылардың да бала сүйе алатынын түсіндіреді. 
Ибраһим пайғамбар үлкен талантқа, күш-жігерге ие болып жаратылған. Ол туралы Әнбия сүресінің 51-аяты баян етеді. Солай бола тұра, сөз еткен пайғамбарымызға өз ұлын құрбандыққа шалмақшы бола ма? 
Алла Құранда, Мәида сүресінде:
«(32) Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды.»
Аяты арқылы бір кісіні өлтірудің үкімі бүкіл адамды өлтірумен бірдей екенін анық жазады.
Алла, кітабында осылай жазады да, пайғамбарына балаңды құрбан ет деп әмір ете ме?
Шындығында, осы Мәида сүресінде Құрбан рәсімінің Адам ғалайсаламнан бері бар екені айтылады. 
Саффат сүресінің 99-113 аяттарында Ибраһим ғалайсаламның құрбан мәселесі айтылады. 
«(102) Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: "Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?",- деді. Ол: "Әй әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың" деді.
(103) Сөйтіп екеуі де ұнап, әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады.
(104) Біз, оған: "Әй Ыбырайым!",- деп, дыбыстадық.
(105) "Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз" (дедік).
(106) Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді.
(107) Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық.»
Яғни, Ибраһим ғалайсаламға баласын құрбандыққа шалу әмірі Алладан уахи етілмейді. Тек түсінде көріп жүреді. Енді ғана жүретін жақса келген баласынан тек түсін сұрайды. Біздің санамызға сіңгендей құрбанға шалам демейді. Ибраһим ғалайсалам иман етпеген әкесінен иманға келмеген соң уаз кешкен едім. Бұл түсін де уахи ма деп алаңдайды. Сол кезде Алла оны ол түсінен құтқарып, құрбандық мал сыйлық етеді. Басым санды ғалымдардың пікірінше ол баланың Исмайыл болуы мүмкін. Әйтпесе, ол баланың түпнұсқада аты аталмайды. Яғни, бұл аяттарда біз білетін көк қошқар да, тасты шауып, баланың тамағында өтпей қалатын пышақ та жоқ. Осы мәселелер құранда ашық жазылса да, жыл сайын рамазанда қалай құрбан шалуы түсіндіріліп жатады, теледидардағы хабарларда, сайттарда бірнеше сұрақ жыл сайын жауап берілсе де қайта сұрала береді. Бұдан біздің еш ізденбейтініміздің қорытындысын шығаруға болады.
***
Қай бір жылдары Қазақстанда жастар, мектеп оқушылары жаппай намаз оқып, мешітке барып жүрді(7-8 жыл бұрын, қазір деп көп шығар әрине, адасып кетпей тура жолмен жүретіндер көбейе берсін!). Сол кездерде мешіттерде қабір азабы туралы кітаптар болатын. Ішін ашып оқысаң ақылыңа кіріп болмайтын құбыжықтардың қабірде адамды қалай қинайтыны туралы баяндайды. Азаптаудың 90 түрі бар дерсің. Оларды оқығанда менің жүрегіме үрей ұялайтын. Адамдарды ізгілікке, жақсылыққа шақырып жазылса бір сәрі, мына амалды істемедің, бітті ақыретке дейін жатасың азаптанып. 
Ислам мейірімнің, шапағаттың діні. Тәубеге келсең әр заман кешірім бар. Үрейдің діні емес. Сол кітаптарда жазылатын бәрзақ әлемі дегеніміз асылында өлім пердесі мағынасын беретінін жақында ғана білдім. Бәрзақ – перде, бөгет мағынасын береді. Құран қабірде азап барын бірде бір аятында айтпайды екен. Тек өлім сәтін баян етеді. Бұл дүниедегі жүрген жолына қарай әркімге өлім әртүрлі келеді. Әзірейіл дейтін де періштенің аты Құранда жоқ, Мүңкір, Нәнкір дейтін де сұрақшы періштенің аты кездеспейді. Тек Мелеки мәутүн – өлім періштелері есімі кездеседі. Құранда қиямет туралы, жәннат пен жаһаннам туралы өте көп жазылған. Алланың азабы туралы тек жаһаннам баяндалады. Қабірдегі азаптан сөз етілмейді. Қабір азабы арқылы адамдарды қорқыту кімге керек есеп екенін түсіне алмадым. Жәннат пен жаһаннамның қияметте ғана жасалатынын, қазір жоқ екенін де құран өзінің аяттарымен дәлелдейді. Бұл да, адам баласының жер бетінде жаралғанына дәлел. Мен бұл тақырыптарды 40 жыл қапыз болған ондаған профессорлардың тәпсірінен тыңдадым, салыстырдым. Алты ай медресе оқып, имам боп кеткендерден емес. 
Өлім, Жәннат пен Жаһаннам ғайыптың мәселесі болғандықтан ойша соғатын, жорамал жасайтын, сырттай сипат беретін тақырып емес. Бұл тақырыптарды талқылау үшін Құранды толық мағынасында жатқа білу шарт. Тілің де, жүрегің де, ақылың да оқи білуі керек. Ол деңгейге жетпейінше, үш сүре жаттап алып, тартыса беретін әсіре мұсылмандармен диалог құру да қиын. Құранның шынайы мағынасын түсінбейінше көкке мұнараларының бойы таласқан мешіттер салу да пайда бермес-ау.
Біз, «мына қыз оранды, оранбады, мына жігіт дұрыс дәрет алмады, ананың мәзһабы» деп жүргенде басқа елдер айға ұшып, технологиясын дамытып жатыр. Дін – әркімнің жеке көзқарасы. Жеке ұстанымы. Сондықтан жеке күресі, ішкі күресі, одан жеңілсе де әр кім өзі мойнымен көтеруі керек. Созып көп жазуға болар еді, бірақ мен дінтанушы емеспін. Жазғаным жолынан ауытқыған болса, Дінтанушы Akhan MerkitAzat OnaibekovWulan ZamkenErik KozbakovAyserik Seitmurat,Тулеген Умирзакович Талдыбаев сияқты достарым анағұрлым ашық түрде сын-пікірін айта жатар. Dosay ағамыз не дейді екен?
P.S: 
«Қалам, 68:1 Нун. Қалам әрі оның жазған нәрселеріне серт.
Духа, 93:2 Тым-тырыс түнге ант.
Тәкуир, 81 Cолғындаған жұлдыздарға серт, (15)
Жүріп барып батқан жұлдыздарға ант. (16)
Қараңғылана бастаған түнге серт, (17)
Ағара бастаған таңға серт; (18)» сияқты қасиетті аяттармен тарауларының басын бастаған Мұхтар Мағауин «Мен» ғұмырнамалық хамсасында Халифа Алтай аударған Құран Кәрім қазақша мағынасының оқырманға тілі ауыр екенін айтады. Жаңылмасам 1999 жылғы шыққан бірінші кітабында ол кісі алдағы уақытта мағынасын жоғалтпай Құранды әдеби аудармамен аударатынын жазып еді, аударды ма екен?

Нұрғали Нұртай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар