Кәсіпқой бокста «Қазақ» деген атпен танымал Қанат Ислам кәсіби алаңдағы кезекті жиырма бірінші кездесуін 28 жастағы боксшы Хуан де Анxелмен өткізіп, 6-раундта қарсыласын теxникалық нокаутқа жіберді.
Колумбиялық боксшы Қанаттың оң жұдырығының ауыр соққысын алғашқы раундта-ақ алып үлгерді. Екінші раундта аз-маз белсенділік танытқан Де Анxелдің күші одан әріге жетпеді. Үшінші раундта Қанаттың сол қолымен бүйірден соққан соққысы да оңайға соқпады. Бесінші раундта бір есеңгіреп ес жиған Хуанның қуанышы көпке созылмады. Алтыншы раундта Қанаттың нокаутымен аяқталды.
Естеріңізге салсақ, жекпе-жек алдында қос боксшы салмақ өлшетіп, онда Қанаттың салмағы 152,8 фут, Хуан де Анxельдікі 154,2 футты құраған болатын. Осы ретте колумбиялық кәсіпқой боксшы Хуанның да құр жүрген жан еместігін айта кету керек. Кәсіпқой бокста 22 кездесу өткізген ол оның 18-ін жеңіспен аяқтаған. 17 нокаунд авторы.
Алайда, Спорт сарапшылары бағалаған бұл артықшылары Хуанды Қанатпен кездесуде қуанта қоймады. Жекпе-жек алдында да жерлесіміздің бұл кездесуді де жеңіспен аяқтайтынына ешкімнің күмәні болмағанын айта кету керек.
Қанаттың кәсіпқой бокстағы қазіргі бапкері әрі менеджері Нельсон Лопес кездесу алдында боксшы туралы: «Қазақстанда дәл қазір GGG бірінші болса, ал Қанат Ислам оның артынан еріп келеді»,-деген болатын. «Қазақстанда Қанат Ислам өте танымалдылыққа ие және мыңдаған жанкүйерлері жетерлік. Қанат Қазақстанда тұрып жатқанына 6 жылдай болды, бірақ бізбен бірге жаттығуда», - дейді Н. Лопес. «Қанат Исламды әлем чемпионы Генадий Головкин(160), бұрын әлем чемпионы болған Василий Жиров (200), Бейбіт Шүменов(175) және жеңіліс көрмеген Сергей Липинец (147) секілді қазақ сарбаздарымен салыстыруға болады. Олар барлығы бауыр секілді. Қанат шындығында оларды бақылап отырады. Дәл қазір Қазақстанда GGG бірінші болса, Қанат оның артынан еріп келеді.Бізге шындығында жеңіс керек және осы жексенбі жеңісті күнде жолығамыз деген ойдамыз" - дейді ол. «Қанат 147 және 154 фунтқа оңай түседі.Ол Головкинмен шығу керек болса 160 фунтқа дейін барады. Бірақ, бұл жекпе-жек болатын болса соңғы жекпе-жектері болуы мүмкін.Ол үшін танылып, супержұлдыз деңгейіне дейін жету керек деп ойлаймын. Әрине, бәрі уақыттың еншісінде».
Қанатты қанатының астына алған - Қазақстанға танымал меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспанов. Спортқа, оның шінде боксқа жанашыр жігіт ағасы Қанатты Қытайда жүрген кезінде елге алдырып, үй-жайын реттеп, бокспен айналысуына барынша жағдайын жасады. Дараланып, даңқын шығару үшін емес, қазақ елінен қазақ боксшысын, қазақ чемпионын шығару үшін. Талай байрақты бәсекеде қаржылай демеу көрсетіп, Қанаттың спорттағы карьерасында биіктерді бағындыруына сеп болды.
Бауыржан Оспанов, кәсіпкер: Қанат мүмкіндік болса Қазақстанның атынан барса деген ой болған. Егер оған бара алмай жатса, кәсіпқой боксқа жарап тұрған жігіт. Сол жерде қолдаймын дегенмін. Олимпиадаға өздеріңіз білесіздер өте алмай қалды. Қытай еліне қайта шақырып еді барған жоқ. Өйткені ол сөзін ұстайтын жігіт. Елге келдім, елдің атынан ғана шығамын деді.
Қанатты қанаттандырған бапкердің бірі – Нұрлан Ақұрпеков. Оның айтуынша, Қанат Исламның бойындағы қажыр-қайрат екінің бірінде жоқ. Әсіресі оның техникасы шапшаң. Екі қолымен де жақсы бокстасады. Бапкердің айтуынша Қанаттың бойында қайнаған намыс пен қажырлы қайрат оны тек чемпион болуға жетелейді.
Нұрлан Ақүрпеков, «Astana Arlans» клубының бас бапкері: Оның соққылары өте ауыр және өзіне соққы жібермей, шапшаң қимылдайды. Оның тәжірибесі жеткілікті. Ол қазір нағыз бабында. Енді Қанат Ислам бізді тек қана жеңісімен қуантады деп сенемін. Бокс майталмандары Қанаттың күш-қуатын жақсы біледі. Оның осы жолғы қарысыласы да қолына енді қолғап киген боксшы емес. 28 жастағы Хуан Де Анхель де қазір дайындық үстінде. Қазір екі мықтының сайысы туралы болжам көп. Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы: Қанаттың соққылары Генадий Голвкиннің соққылары сияқты өте ауыр. Әр соққысына жеке көңіл бөледі. Алдыңғы джебімен ол өзінің қарсыласын әбден шаршаттырады. 6-шы немесе 7-ші раундта Қанат Хуан де Анхельді нокаутпен жеңеді деген сеніміміз бар. Сондықтан, алға Қазақстан, алға Қанат Ислам!
Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы: Қанатқа бүкіл Қазақстан жанкүйер болады. Біз оған сенеміз. Енді нокаутпен жеңеді деп ойлаймын. Қанатты білемін. Ол әбден дайындалды. Оның соққысы өте мықты. Қанаттың үзеңгілестері мен жанкүйерлері одан тек жеңіс күтті. Үлкен спортта жеңіске бергісіз жеңілістер мен баяны жоқ жеңістер болады. Бағы мен бабы келіспесе шашасына шаң жұқпаған шын жүйрік те шарасыздыққа шалынады. Бұл кездесуде Қанаттың бабы мен бағы қатар шапты. Жеңіс құтты болсын, ағайын!
Айта кетейік, Қанат Ислам мен Хуан Де Анхель арасындағы жекпе-жек болып табылатын рейтингтік бокс кеші АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында өтті.
Пікір қалдыру