Әнші Қайрат Нұртас 2013 жылы ұсынған «Өкініш» атты өмірбаяндық туындысының жалғасын көкрерменге ұсынбақ. Сценарийі жазылып жатқан киноның түсірілім жұмыстары шілде айына жоспарланған.

Филь туралы айтуға әншінің әзірге қолы бос емес. Жаңа бейнебаян түсіріп жүрген Қайрат Нұртас бұл туралы хабар жеткізуді әдеттегідей анасы әрі продюсссері Гүлзира Айдарбековаға қалдырды.
“Киноға кірісудеміз. Қазір сценарийі жазылып жатыр. Оны екі ай бойы жазамыз деп жоспарлаған болатынбыз. Көзді ашып-жұмғанша бір айы өтіп кетті. Шілде айында түсірсек, қараша-желтоқсан айларында көрермен назарына ұсынамыз. Бұл туындыда Қайрат Нұртас басқа қырынан танылады. Ал басқа құпияларды әзірге айтпай қоя тұрайын”, – дейді Гүлзира Айдарбекова. Продюсер жасырғанымен, бұл құпияны өнер жұлдыздары жақсы білетін болып шықты.

Қайрат Нұртастың отбасымен етене жақын араласатын Сиви Махмұди әншінің кезекті туындысының құпияларымен бөлісті. Ол фильмде Қайрат Нұртастың әйелі мен төрт баласының ойнайтынын айтты.
“Көп жылдан бері жасырып келген соң өзгеше етіп ашқысы келеді. Гүлзира апамыз халықпен таныссын деген оймен кино түсіріп жатыр. Мұнымен қатар, ақша жинасақ деген де ойлары бар. Сонша жасырған соң еңбектері еш кетпеуі керек қой. Құдай қаласа, кинода жұбайы мен төрт баласы ойнайды. Басты рөлді Қайраттың әйелі мен төрт бала-шағасы сомдайды”, – дейді Сиви Махмұди.
Сонымен, біраз жыл жеке өмірі құпия болып келген Қайрат Нұртастың көрерменге дайындаған тосын сыйы алдағы күз айларының бірінде көрсетілетін болады.