Өздерін елдегі жалғыз оппозициялық партия санайтын бұл партияның төрағасы Жармахан Тұяқбайдың жоқ болып кеткеніне біраз уақыт болды.
Оған жақын жүретін адамдардың айтуына қарағанда, Жармахан Тұяқбай шетелде демалып жатыр-мыс. Егер шынында да ол кісі шетелде демалып жатса, бұл неғылған бітпейтін демалыс?
Егер де, оның бетін ары қылсын, Жармахан Тұяқбай сырқаттанып қалса, ол адамның тез сауығып кетуіне тілектестігімізді білдіреміз...
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай «жоғалғалы» бері елде небір саяси жағдайлар, дүрбелеңдер орын алды. Бүкіл ел қазақ жерін сатуға және жалға беруге ашық қарсы шықты. 21 мамырда бүкіл Қазақстан бойынша бейбіт шеру басталмай тұрып, қанша адам ұсталды, қаншасы жазықсыз сотталды, міне, осындай дүрбелең кезінде де Жармахан Тұяқбай, «әу» деп жақ ашқан жоқ...
21 мамырдағы оқиғаларға қатысты мерзімді басылым беттерінде жарық көріп жатқан ЖСДП атынан жазылған саяси мәлімдемелерді төралқа мүшелері: Балташ Тұрсымбаев, Серікбай Әлібаев, ӘмірбекТоғысев және т.б. азаматтар дайындайтын көрінеді. «Осындай саяси мәлімдемелер жасаңдар! Сендерге уақытша өкілеттігімді беремін» деп айтқан немесе төраға ретінде бұйрық берген Жармахан Тұяқбай жоқ сияқты.
Әңгіменің турасын айтқанда, жарық көріп жатқан партиялық бұл саяси мәлімдемелерге ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбайдың еш қатысы жоқ болып шықты. Бұл саяси мәлімдемелерге ол кісі не «иә», не «жоқ» деп жауап бермеген. Жармахан Тұяқбаймен бір сапта жүрген оның мұраттас достары да бұл «үнсіздіктің» сырын білмейді...
Жармахан Тұяқбаймен байланыстың барлық түрі жақбық екен. Ол кісі өзі жақсы білетін мұраттастары телефон шалғанда да, телефон тұтқасын алмайтын сияқты. Қасақана байланысқа шықпай отырған ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай ма, жоқ, әлде жағдайды ушықтыра түскісі келген бір «үшінші күш пе?» Ол «үшінші» күштің көздеген мақсаты не? Әлде Жармахан Тұяқбайды ел басына күн туғандай, мына қиын кезеңде оны біреулер ұстап алып, халықпен байланысқа шығармай отыр ма?..
Осыған жауап беретін бір жан бар ма екен?
Сонымен, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай қайда?
Жұмаш Кенебай