Біз жер мәселесін талқылағанда болашақты, елімізді, халқымызды ойлауымыз керек. сырттан келген кісі Қазақстанды көтертемін, көркейтемін деп келмейді. Бұл – Көкшетауда өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның алғашқы көшпелi отырысына қатысқан ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Болат Жанәділовтің сөзі. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
«Елдің тағдыры, халықтың тағдыры біздің еліміздің болашағы –жер мәселесі. ...Тәуелсіздігіміздің болашағы, біздің қоғамымыздың тұрақтылығы мен бірліктің мәселесі. Біз комиссия отырысының жұмыстарын телеарналардан да, «Егемен Қазақстан» беттерінен де оқып отырамыз. Комиссия мүшелерінің сөйлегеніне кейде сүйсінесің, кейде күйінесің. Мәселен, 23 мамырда «Серпіліс» бағдарламасында Мұрат Әбенов мырзаның айтқан сөзі бар: «Жер мәселесіне жерге қатысты шаруасы жоқ кісілер араласып жатыр», - деп. Сонда бұл қалай? Жер, мен ойлаймын, әр азаматтың бұл туралы құқыға бар, хақысы бар айтуға», - деді Болат Жанәділов.
Көкшетаулық азамат пікірін ортаға сала отырып, жерді жалға беруге, оның ішінде шетелдіктерге жалға беруге үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген ұсақ шаруаларды біріктіріп, үлкен ұйым құру арқылы оларға көмек көрсету керектігін алға тартты.
«Менің ойымша, сырттан келген кісі Қазақстанды көтертемін, көркейтемін деп келмейді. Ол өз пайдасымен келетінін біз бәріміз де білеміз. Елде ең негізгі инвестор – Үкімет. Үкімет қаржы бөлді. Бірнеше жылдан бері бізде жоспарлар бар. Ауылды көркейтеміз деп қыруар ақша бөлінді. Сол ақшалар қайда кетті? Сол ақшалар неге ауылға жетпеді.? Неге ауыл бізде құрып жатыр? Неге ауылдан жастар кетіп жатыр? Сол млрд ақашалар өзінің тиісті жеріне баратын болса, сол ауылдарға жететін болса, ауыл мұндай жағдайға келмес еді. Сондықтан бізде осыны тікелей нақтылайтын қоғамда өкімет болу керек», - деді Болат Жанәділов.
Келесі кезекте Ақмола облысының тұрғыны жердің картасын жасау мәселесіне тоқталды.
«Қанша жер шабынды, жайылымды, егін салатын жер... Солардың иелері кім? Неге біз ол жерлерді құнарлы емес, құнарсыз деп айтамыз. Оның иелері не бітірді? Ол бүгін ғана алып отыр ма пайдасын? Болашақты неге ойламайды. Егер олар жұмыс істемесе, ол жерді алып қою керек. Ол бүгінгі күнін ғана ойлап отыр. Ал біз жер мәселесі жөнінде болашақты ойлауымыз керек, елімізді ойлауымыз керек, халқымызды ойлауымыз керек», - деп қорытты өз ойын Болат Жанәділов.