КЕШЕГІ ҚАНТӨГІС ҮШІН АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ НЕГЕ ТАҢДАП АЛЫНДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709022842940_small.jpg

Күні кеше Ақтөбеде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қазалы отбасылар мен барша қазақ еліне қайғырып көңілімді айтқым келеді. «Қызыл», «сары» деп жүргенде біреулер әкесінен, енді біреу ұлынан айырылып жатыр. Қасиетті Рамазан айында шахид болған бауырларымыздың жандары жәннәттық болсын! Бұл қалың қазақ қара жамылған күн. Бұл балақтағымыз басымызға шығып, жасырған аурумыздан әрбіріміздің өлген күніміз. Шындықты етекке басып емес, ердің тілінен алып хақты құдай деген, исі қазақтың намысына сызат түскен күн.  Жалпы осы оқиғаға байланысты Ескендірдің мүйізіндей көрінген бірлі-жарым жанайқайыммен бөліссем.

Уахаббизм – ислам емес!

Ең біріншіден хақ дініміз исламды жала мен жаман ойдан арашалап алу, яғни исламофобияға жол бермеу. Алайда, бұл жағдайды соңғы күндердегі ақпараттық кеңістіктегі ағыстардан байқағанымыздай әркім өз әлінше, ал енді біреулер өз көрпесіне қарай тартуда. Яғни, кей қоғамның белсенділері мен атақтары айлық жерден естілер абыз сарапшылар «Ақтөбе» оқиғасына берген бағаларында «тәкфирист», «радикал», «жиһадист» деген анықтамалықтарды айтып, «уахаббит», «салафит» басқа ит деп қоғамда исламофобияның дамуына жол бермейік деген өзіндік, ерекше ойлар айтып жатыр. Бұл енді мен үшін «секс –жиһад» деген секілді оксюморон ғана, конформистік көңіл-күйдің бар екендігі айқын, дегенменде ешкімді ешкім қазаншы қылып сайлаған жоқ. 2011-2012 жылдары олар «радикал», сіздер «байсалды» енді міне соңғы жылдары олар «радикал» ғана емес «тәкфірші» болып шықты. Иә мүмкін біз тоталды эксперименталды мемлекет пен қоғамда өмір сүріп жатырған шығармыз, алайда ақты ақ қараны қара дей алатындар бар. Исламофобияға ешқандай да жол жоқ, бірақ «уахаббизм» ислам емес!

Мүмкіндік

Тағы бір назар аударарлық мәселе - «кінәсіздік презумпциясы», яғни орын алған террорлық акті бойынша құқықтық нормалар мен заңдық қағидаттар орын алмайынша ешкімді айыптауға құқығымыз жоқ.  Алайда, «құдайға шүкір» ресми билік оқиғаны «Террористік акті» деп мойындады. Яғни, арнайы сот шешімі бойынша қандай «ит» болса да, террористік ұйым ретінде танып, заңдық құралдар арқылы тыйым салуға толық мүмкіндік бар. Белсенді қоғам мүшелері осы жағдаятты да назардан тыс қалдырмаса екен. Бірақ, ертең «Қазақстанды Азат ету Әскері» деген лаңкестік ұйымның аңыз емес ақиқат екені расталса да таң қалуға болмайды. Алайда, ышқырдың «битін» сығып алуға жақсы мүмкіндік болып отырғандығы шындық.

Неге Ақтөбе? Неге біз?

Жалпы соңғы жылдары әлемдік исламдық кеңістікте геосаяси күштердің  бағыт- бағдарларын өзгертуіне байланысты және де нео-салафиттік (тәкфірші, радикал т.б)  доктринаның жаңа эволюциялық кезеңдеріне өтуіне сәйкес әлемдік мұсылмандықтың құлдырауы байқалады. Яғни, ішкі атрибутсыз сыртқы формалық, шаблондық құндылықтарға ие болған «механикалық мұсылмандық» дамуда.  Бұл бүкіл ислам мемлекеттерінде орын алып отырған жағдай. Демек жаһандану мен әлемдік үдерістердің белсенді мүшесі ретіндегі Қазақстан да бұл қалыптасқан жағдайдан тысқары емес. Мінекей, осындай дін дағдарысынан бүгінде «ДАИШ» , «Джебхат- ан Нұсра» секілді «хариджиттік» мінездегі фундаменталды радикал ұйымдар пайда болуда. Және де біздің қандастарымызда осындай әсіре діншіл бүлікшілер қатарына «жиһад» іздеп қосылып, мұсылман «робот» болып оралып жатыр. Әсіресе еліміздің батыс өңірінің азаматтары арасында «нео-салафиттік» қамыт асынғандар көптеп кездеседі. Бұл ерекше құбылыстың себебі ретінде бірнеше факторларды атауға болады.

Мысалы, локалды ерекшеліктерге байланысты еліміздің батыс өңірі халқының менталді белгісі ретінде қызуқандылық, батырлық пен тәтті тілмен айтқанда тентектік секілді мінез-құлықтарды көрсетуге болады. Ал, енді неосалафиттік гибридтің соңғы фазасы ретіндегі тәкфірші – террористтің белсенді бейнесі бруталды, қатал, есерсоқ болып келеді. Психологиялық деңгейде алғышарттар дайын десе де болады. Постколониалды кезеңнен «қылмыстық менталитетті» санасына сіңіріп, «рэкеттік» еліктеушіліктер арқылы өскен білімсіз, жұмыссыз азаматтардан адам сүйгіштік құндылықтарды алып тастап, террорист жасау қиын емес деп ойлаймын.

Жалпы лаңкестік пен террористік құндылықтардың қандай да болмасын ортада қанат жаюына, дамуына алғышарт ретінде мынадай себептерді атар едім:

  1. Тоталитарлық, авторитарлық, колониалдық немесе атеистік кезеңдер себебінен пайда болатын қоғамдағы рухани және интеллектуалды дағдарыстар, надандық пен ұлттық ерекшеліктердің құлдырауы.
  2. Діни көшбасшылардың, үлгі тұтар азаматтардың болмауы,  бағыттаушы құрал ретіндегі, рухани өлшем болатын ұлттық деңгейдегі айқын кейіпкердің жоқтығы.
  3. Әлеуметтік–саяси жағдайлардан туындайтын қоғам ішіндегі маргиналдық пен люмпенизация үдерісі, таптар арасындағы алшақтықтың ұлғаюы мен азаматтардың қалыптасқан құндылықтарға қарсы мінездерінің пайда болуы мен нигилистік көңіл-күйлер.
  4. Билік пен басқарушы режимдердің шынайылықты жоғалтып алуы, жаппай жемқорлық пен заңның селсоқтығы, адам құқықтарының бұзылуы мен «екілік стандарттардың» дамуы.

Осы жерде тағы бір атап кетер жағдай, еліміздегі бірқатар сарапшылар көрсетіп жатырғандай биліктің альтернативті идеялар мен өзіне қарсы қандай да бір формада боламасын туындайтын оппозициялық күштерді жою арқылы, діни сипаттағы оппозицияға ие болып қалуы. Иә, бұл өте абсурдты статус –кво, біз табиғат танудан білетініміздей энергия ешқашан жоғалмайды, тек бір күйден екінші күйге өтеді.  Яғни, қоғамның әртүрлі қабаттарындағы оппозициялық көңіл-күйлердің соңғы он жылдықтағы транформациялануларына өзіміз жағдай жасап бердік деген сөз. Ньютонның динамикасына сай әрбір күш, өзіне сәйкес қарсы күшке ие болғанда ғана тепе-теңдік пен үйлесімде болады. Биліктің түрі мен келбетін толықтай көрсете алатын айнаның бар болуы мен өміршеңдігі, бүгінде барлық дамыған қоғамдар мен жоғарғы өркениетті елдердің қалыпты күйі. Оппозиция мен митинг деген сөздер құбыжықтардың аты емес, саяси көзқарастардың плюрализмі болуы шарт, мұны барлығымыз мойындауымыз керек. Әл-Фараби мен Кампанелла аңсаған идеалды қоғам құра алмайтындығымыз шындық, дегенмен бізді өркениеттердің қатарына жатқызбаған батысқа дәлелдейтін тұстарымыз көп, алайда бір-бірімізді алдап, арбап, тонап, өлтіріп ол жағдайға жетпесіміз анық.

АҚҰДАЙ

Қатысты Мақалалар