Қош, сонымен не болды? ҰҚК баспасөз қызметiнiң өкiлi Руслан Қарасаевтың айтқанына сенсек: “Тоқтар Төлешев мырза өткен жылдан берi билiктi зорлықпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргiзген. Шиеленiс ошақтарын құру, наразылық акцияларын өткiзу және жаппай тәртiпсiздiктердi ұйымдастыру арқылы елдегi жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан. Осымен қатар Т.Төлешев үкiметтiң өзiндiк баламасын жасап-жоспарлаған және қазiргi үкiметтiң құрылымын өзгерткiсi келген. Атырауда, Астанада, Алматыда, Оралда, Қызылордада болған жер реформасы бойынша наразылық акцияларын Т.Төлешевтiң 2015 жылдың желтоқсанында-ақ жоспарлап қойғаны және қаржыландырғаны туралы бiзде дәлелдер бар...”.
Айтпақшы, ҰҚК өкiлi Т.Төлешевтiң бұл орайда сыбайластары да бар екенiн айта келдi де, олардың аты-жөндерiн атады. Бұлар кiмдер дейсiз ғой? Қазақстанның бас прокурорының бұрынғы бiрiншi орынбасары, ҚР Конституциялық кеңесiнiң бұрынғы мүшесi, мемлекеттiк әдiлет кеңесшiсi Iлияс Бақтыбаев, ОҚО IIД-iнiң бұрынғы басшысы, генерал-майор Хибратолла Досқалиев, ОҚО IIД-iнiң басшысының бұрынғы бiрiншi орынбасары Сәкен Айтбеков, ҚР Қорғаныс министрлiгiнiң Оңтүстiк өңiрлiк қолбасшылығының №35 848 және №55 652 әскери бөлiмдерiнiң командирлерi Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев.
“Бұлардың бәрi де ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазiр бұлтартпау шарасын таңдау мәселесi шешiлiп жатыр”, – дедi Р.Қарасаев.
Шымкенттiк кәсiпкер Тоқтар Төлешевтiң биылғы жылдың 30 қаңтарында ұсталғаны да мәлiм. Т.Төлешевтi бiлетiндердiң айтуына қарағанда, ол Ресейге жиi барады екен. Әсiресе, Мәскеу мен Санкт-Петерборға. Ресейде тамыр-таныстары да мол көрiнедi. Қажеттi, зәру мамандарды да көбiнесе Ресейден алдыртып тұрған. Осыдан кейiн “Апыр-ай, Т.Төлешевтiң артында Ресей тұрған жоқ па екен?” деп ойлайсың ерiксiз. Бiрақ...
Бiз дәл осы мәселе жөнiнде бiраз мамандармен, маман болғанда да қазiргi саяси технологияның қыр-сырын бiлетiн мамандармен әңгiмелескен едiк. Олардың болжамынша, бұл да “сценарий” сияқты. “Саяси сценарий”. Алтынбек Сәрсенбаевтың, Заманбек Нұрқадiловтiң қазасы “қашан, қалай, кiмнен болуы керектiгi” жөнiндегi сценарий сияқты...
Олардың айтуынша, жер мәселесi шынында да халықты қатты ашындырды. Ал ашынған халық алған бетiнен қайтпайды және өзiнiң дегенiн iстетпей тынбайды. Ендi не iстеу керек? “Жер реформасына халық қарсы емес, ал қарсылық акцияларын ұйымдастырып жүрген осылар...” деген қоғамдық пiкiр билiкке ауадай қажет. Халық та кейде аңғал бала секiлдi ғой, бұған сенiп-ақ қалады. Қалай сенбейдi, бәрiн “сценарий” бойынша қиыстырып, қисындырып “дәлелдеп” жатса.
Бұл “сценарий” ең әуелi жер дауын тоқтату үшiн, екiншiден, шетелдiктерге (қытайлықтарға, ресейлiктерге, және т.т.) қазақ жерiн емiн-еркiн сата беру үшiн, үшiншiден, “билiктi құлатуға ұмтылушылармен байланысы бар” деп, ел мен жерге шын жаны ашитын азаматтардың бәрiн бас көтертпей тұқыртып ұстау үшiн.
Арнайы мамандар осылай дейдi. Және олар “мұндай айғай-шуы көп, белгiсiзi көп, қаржыны да көп қажет ететiн өте күрделi операцияны ҰҚК жалғыз өзi жасай алмайды, бұл ретте оларға Ресейдiң арнайы құпия қызметтерi де көмектесiп отырған секiлдi. Қазақтың жерiн сатуға кiм қарсы? Негiзiнен, қазақтың ұлттық патриоттары. Қазақ патриоттарының бас көтеруiн Ресей әсте қаламайды. Сондықтан да олар мұндай құпия “сценарийге” жан-тәнiмен, ынта-шынтысымен көмектеседi...”.
Мамандардың сөзiнде жан бар сияқты. Әйтпесе, Т.Төлешев кiм? “Билiктi құлатпақ тұрмақ, екi ауыз сөздiң басын әзер құрайтын...” дейдi шымкенттiктер Т.Төлешев туралы. Ел билемек адам топқа ұмтылмаушы ма едi, Т.Төлешев екi адам бас қосқан жерден сырғақсып жүредi екен. Демек, ресейшiл, ресейпиғылды, Ресейге жиi баратын Т.Төлешевтiң “Қазақстан билiгiн құлатуға тырысқанын” Ресей тарапы түрлi “куәлар” тауып, тырп еткiзбей “дәлелдеп” беруi әбден мүмкiн.
Ал ендi Iлияс Бақтыбаевтың “Т.Төлешевтiң сыбайласы” болды дегенге сену де мүлде қиын. I.Бақтыбаевтың өмiрбаянын алып қарасаңыз, оның “билiктi құлатуға тырысып жүрген адаммен” сыбайлас бола қалатындай еш жөнi де, ретi де жоқ. Оның үстiне I.Бақтыбаев –1948 жылы туған, егделiк жасқа дендеп енген адам. Көргенi көп тәжiрибелi маман. Екi қыз, бiр ұл тәрбиелеп өсiрген. ҚазМУ-дi бiтiрген. Заң ғылымдарының докторы. Докторлық диссертациясы былай аталады: “Қазақстан Республикасының заңдарын орындаудағы прокуратураның негiзгi iс-әрекеттерi”. Өсу жолына үңiлiңiзшi: орта мектепте лаборант. Жұмысшы. Жаттықтырушы. Тергеушi. Аудандық прокурордың көмекшiсi. Аға тергеушi. Аудандық халық сотының төрағасы. Алматы облысының прокуроры. ҚР бас прокурорының орынбасары, бiрiншi орынбасары. Қостанай облысының прокуроры. Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуроры. ҚР Конституциялық кеңесiнiң мүшесi.
Асарын асап, аларын алып болған, осы күнге дейiн билiктiң айтқанымен жүрiп, айдауына көнiп келген 68-дегi қартаң адам “билiктi құлатқанда” не марқадам таппақ? Не керек, сұрақ көп. Бұл iстiң жанында “Арқанкергеннiң” жұмбағы (“сценарийi” десеңiз де болады) баланың ойыны сияқтанып қалатын секiлдi.
Әмiр Нұртайұлы
«Жас Алаш» газеті (07.06.2016). Түпнұсқадағы тақырып: Бұл да «сценарий» секiлдi