ЖУРНАЛИСТ ДІНТАНУШЫЛАРДЫ БҮЛІКШІ ДЕП АЙЫПТАДЫ

/uploads/thumbnail/20170709030319678_small.jpg

Журналист Ардабек Солдатбай дінтанушылар Зікірия Жандарбек пен Қайрат Жолдыбайұлын «билікке жету үшін Елбасыға қарсы көтеріліп, елде жаппай жазалау саясатын жүргізуді қолдайды» деп айыптап отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz

«Зікірия Жандарбек сәләфиттерді неге жек көреді? Себебі, сәләфиттер бүлікке, митингке, фитнаға қарсы. Ал, сопылық-зікіршілік жолды ұстанғандар қалай да бір билікке жетуді көздейді. Ол үшін дінді өз ыңғайларына қарай бұрып, дәстүрлі қазақы дін немесе арабтың діні деп бөліп алады. Билікке жету үшін Елбасыға қарсы көтеріліп, елде жаппай жазалау саясатын жүргізуді қолдайды. Өздерімен пікірі сай еместерді түгелдей атып-асып, түрмеге жабуға дайын», - деген А. Солдатбай елде «сопылар» деп аталатын діни ағымның да қолдаушылары аз еместігін айтады.

«Бұл сектанттарды әр кез түрлі қызмет атқарып көрген, бірақ әрдайым сәтсіздікке ұшыраған, жекелеген басшылардың кесірінен жұмыстан қуылған, карьерасы өспей ішіне қан қатып қалған, ал былай дінге еш қатысы жоқ, арағын ішіп, зинасын жасап жүрген «белсенділер» өз сайттары, БАҚ-тары арқылы қолдайды. Үрит соқ дейді. Олар өздеріне нақты жәбір көрсеткендердің қолында әлі билігі болған соң оларға үндей алмай, таухидті тастай қылып ұстанған мұсылмандарға тиіседі. Әйтеуір бір жау тауып, іштегі қыжылдарын шығарып алмақшы. Өздері ойнас жасап айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзып, өзгенің әйелінің һәм басқаның байының қойнында жатып көп әйел алатын мұсылмандарға тиіседі. Ешқайсысын ешқашан жұмыстан қуған, қысым көрсеткен сәләф жоқ. Бірақ жаулары сәләф. Себебі, қашан да шайтанның жауы таухид ұстанушылар», - дейді А. Солдатбай.

А. Солдатбайдың сынынан Қазақстанға танымал дінтанушы-ғалым, islam.kz сайтының Бас редакторы Қайрат Жолдыбай да шет қалмаған. Оны журналист «патшаға қарсы көтерілгендерді шаһидке теңеді» деп отыр.

«Зікірия Жандарбек секілді халықты аздырып, адастырып, жіктеп, бөліп, бір-біріне айлап салатын зікірші-сопылар - қазақтың басты жауы. Бұлардың тағы бірі Қайрат Жолдыбайұлы кезінде патшаға қарсы көтеріліске шығып өлген адамдарды шаһидке теңеп еді, енді намаз оқымасаң оқымай-ақ қой, одан кәпір болып кетпейсің деп онсыз да иманы әлсіз жұртты алдап, аздырып жүр. Мұндайларды адамның ішінен шыққан шайтандар дейді. Ол шайтаның тіпті ғұлама атанып жүруі мүмкін. Сондықтан, кімге еріп, кімді тыңдап жүргендеріңізді біліп алыңыздаршы алдымен», - дейді А. Солдатбай.

Бұл журналист Ардабек Солдатбайдың алғаш рет шулы мәлімдеме жасауы емес. Бұған дейін де ол салафизм идеясын ақтап, саясаттанушы Айдос Сарыммен сөз таластырған болатын. Ал, жақында А. Солдатбай еліміздегі дін істері жөніндегі комитетті тарату керек деген ұсыныс тастады.

Қатысты Мақалалар