Бай баласы мен кедей баласы…

/uploads/thumbnail/20170709032107906_small.jpeg

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ Балалар қоры «Әлемдегі балалар жағдайы, 2016 жыл» баяндамасын жария етті. Құжат 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы Мақсаттарды (ТДМ) жүзеге асыруда өте кедей отбасының балалары үшін әділ өрлеуді қамтамасыз ету қажеттігіне меңзейді. ЮНИСЕФ баяндамасында бүгінде әділетсіздік барлық өңірлерде, соның ішінде, Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдерінің өркендеуіне бөгет болып тұр. «Бұл өңірде жүз мыңдаған балалар өз құқықтарынан айырылған» делінген баяндамада.

Құжатта өңірдегі әділетсіздік мәселесі кеңінен талқыланған. Балалар өлімі деңгейін азайтуда, мектепте білім алумен қамту ауқымын кеңейтуде және жоқшылық ауқымын қысқартуда жетістіктерге қол жеткізілді, алайда, бұл жетістіктер біркелкі емес. Еуропалық Одақтың бірсыпыра елдерінде ересектерге қарағанда балалар жоқшылыққа жиі тап болса, Шығыс Еуропа елдерінде қауіп-қатерге көбірек душар болады екен. Сондай-ақ, олар білім беру және қорғау салаларында да әділетсіздік құрбандарына айналған.

«Әлеуметтік мониторинг: Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі балалардың құқықтарын және аман-саулығын әлеуметтік қорғау» атты соңғы аймақтық ЮНИСЕФ баяндамасының («Әлеуметтік мониторинг») мәліметтеріне қарағанда, кейбір елдерде кедей отбасында дүниеге келген балалардың аса ауқатты отбасы балаларына қарағанда дене салмағының төмен болу немесе бойының өспей қалу ықтималдығы үш еседей жоғары екендігі айтылған.

Сондай-ақ, ауылда тұратын балалардың қалада тұратын қатарластарына қарағанда кедей болуы ықтималдығы жоғары. Ауылдық өңірдегі балалардың 33-50 пайызы қалаларда тұратындармен салыстырғанда, жоқшылықта өмір сүреді. Жалпы өңірде мектепке бармайтын, орта мектеп жасындағы 12 миллион бала бар, ал кедей отбасынан шыққан, мүгедек жасөспірімдер, этникалық немесе тілдік азшылықтардың өкілдері мектепті мерзімінен бұрын тастау қаупіне жиі душар болады.

«Әлем Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері аса ауқымды босқындар дағдарысымен бетпе-бет келді. Миллиондаған отбасы Сирия, Ауғанстан, Ирак, Сомали, Оңтүстік Судан және Судан сияқты елдерді шарпыған қақтығыстар, қуғындау және жоқшылық салдарынан үйлерін тастап қашуға мәжбүр. Босқын және қоныс аударушы балалар өтетін елдерде, сонымен бірге, олар жетуді көздейтін елдерде балалар мен олардың отбасылары кедейшілік мен кемсітушілік құрбанына айналады» деп жазылған құжатта.

Құжатта 2030 жылға қарай кедей топтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету міндеті туралы жазылған. «Әлеуметтік мониторинг» мәліметтері бойынша, аса осал топтарға бағытталған әлеуметтік қорғау шаралары балаларға тіршілік ету, даму және қоғам өміріне жан-жақты және тең құқылы араласу үшін қажетті ең керекті жағдай жасауды қамтамасыз етуге көмектесе алады. Алайда, қазіргі уақытта әлеуметтік көмекке зәру көптеген балалар жеткілікті қолдау көрмей отыр. Өңірде, сондай-ақ, халықты әлеуметтік көмекпен қамту деңгейі де әркелкі. Орталық Азиядағы кедейшілік шегінен төмен жағдайда тіршілік ететін халықтың пайыздық үлесі жоғары.

Ең кедей және маргинал топтардан шыққан балалар өздеріне қажет әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуде кедергілерге тап болуда. Кейбір өңірлерде мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету өтінішімен жүгінгендерге озбырлық жасалатыны анықталған.

 «Әлемдегі балалар жағдайы, 2016 жыл» баяндамасы осал топтарға жататын балалар туралы мейлінше толық ақпарат ұсынуға, олар кез болатын мәселелерді кешенді шешуге, ескі мәселелерді шешудің жаңа жолдарын іздестіруге, әділ түрде қаражат салуға және қауымдастықтарды көбірек қатыстыруға, яғни, барлық балалар үшін тең мүмкіндіктер жасауға көмектесе алатын барлық шараларды қолдануға үндейді.

«Әлеуметтік мониторинг» баяндамасында халықты әлеуметтік көмекпен қамту деңгейі мен оның ықпал ету тиімділігі арасындағы өзара байланысқа баса назар аударылған. Әлеуметтік көмекпен қамтудың жоғары деңгейінің және оның тиімділігінің арқасында Әзірбайжан ең кедей квинтильде жоқшылық ауқымын 59 пайызға қысқартқан. Бүгінде Беларуссия, Румыния, Сербия, Хорватия сияқты елдерде осал топтарға бағытталған және балаларға тегін медициналық көмек көрсетуді қарастыратын, мемлекет қаржыландыратын медициналық сақтандыру бағдарламалары жүзеге асуда.

ЮНИСЕФ  аталмыш мәселелерге байланысты мынаны ұсынады:

1.Барлық елдер материалдық және көп өлшемді тұрғыдан балалар кедейлігінің ауқымын анықтап, қадағалап,  есеп беріп отыру керек;

2.Қоғамдық қаржыландыру балалардың қажеттіліктерін, әсіресе, мүгедек балалардың қажеттіліктерін өтеуге қол жеткізуі керек;

3.Балаларға арналған жеңілдіктер және әлеуметтік қорғау қызметтері туралы ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту тетіктерін жасап шығару қажет;

4.Әлеуметтік көмек алушы отбасыларды және балаларды кемсітуді болдырмау үшін заңнамаға өзгерістер енгізу, ауқымды ақпараттық шаралар жүргізу және көмек ұсынушы тұлғаларды оқыту семинарларын ұйымдастыру қажет;

5.Әлеуметтік қорғау бағдарламалары бойынша жүргізілген іс-шараларды  саралап, мәліметтер жинау қажет.

 «Әділдікті қамтамасыз ету – бос уәде ғана емес, күттірмейтін қажеттілік!» деп түйінделген, ЮНИСЕФ-тің халықаралық құжатында. 

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар