ЖАПОНДАР ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАЙДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709032545942_small.jpg

1991 жылы желтоқсанның 28 жұлдызында Жапония Қазақстанның тәуелсіздігін танып, 1992 жылдың басынан дипломатиялық қатынастар орнағаннан бастап екі мемлекет арасындағы экономикалық, гуманитарлық байланыс өркендеп келеді. Жалпы Жапония тұрғындары Қазақстан туралы не біледі? Енді жапон азаматтарының пікірлеріне назар аударыңыздар:

Комацу Хисао, Токио университетінің құрметті профессоры (Токио)

— Мен Қазақстан республикасы тәуелсіздік алғалы бері  бұл елге бірнеше рет іс-сапармен бардым. Қысқа уақытқа болса да Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Орал сияқты ірі шаһарларды көруге мүмкіндігім болды. Негізгі мамандығым Орта Азия тарихы болғандықтан ежелгі Қазақстан туралы жақсы білемін.  Қазақстанның басты ерекшелігі — байтақ жерге иелік етіп, Ресей мен Қытай сияқты қос алпауыттың ортасында орналасса да тұғырлы ел ретінде тәуелсіздігін бекіте білген, табиғи ресурстарға бай мемлекет екендігінде. Сондықтан Қазақстан Еуразия аймағында маңызды рөлге ие болып, қарқынды даму жолына түсті.

Қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге иелік еткен Қазақстанға жапондардың қызығушылығы артып келеді. Бір мысал келтірейін. Биыл наурызда Жапонияда «Қазақстанды тануға арналған 60 тарау» деп аталатын  кітап  «Акашишйотэн» баспасынан басылып шықты. Алғашында 2000 данамен жарық көрген бұл кітап бірнеше айдың ішінде түгел сатылып кетті. Бұл кітап аз уақыттың ішінде жылдам тарап кетеді деп баспаның өзі күтпеген еді. Баспа екінші рет 1000 данамен бастырып шығарды.  Қазақстанның  тарихы, мәдениетімен қоса қазіргі саяси жүйесі, экономикасы, қоғамы туралы мағлұмат берген бұл кітап Жапонияда шыққан алғашқы еңбек. Қазақстан туралы кітаптың жылдам таралуы жапон ғалымдары ғана емес, компания қызметкерлерінің де Қазақстанға қызығушылығы зор екендігін білдіреді.  Жапония Қазақстанмен табиғи ресурстарды игеруде ғана емес, адам ресурстарын дамыту тұрғысынан да қолдау көрсетуге дайын. 

Имаи Харуо,  Киото университетінің құрметті профессоры (Киото): 

— Киото университетінде Цукатани Цунэо деген экономист ғалым жұмыс істеген. Орта Азияны зерттеп, Қазақстанда да ғылыми жұмыстар жүргізді. Семей полигоны, Арал теңізі жайында еңбектер жазып, республикадағы экологиялық ахуалды жан-жақты зерттеген. Өзім Қазақстанды бір рет көрдім. 2014 жылы Алматыдағы халықаралық конференцияға қатысқан едім. Бірақ Қазақстанды көрмеген жапондардың өзі бұл ел туралы ақпараттарға қанық.

Қазақстан — өмір сүруге өте қолайлы мемлекет деп ойлаймын. Бұнда адамдардың тіршілігіне қажеттінің бәрі бар. Қарқынды дамып келе жатқан ел екенін ақпарат құралдарынан біліп отырамыз. Қазақстан инвестиция тартудан көрнекті ел ретінде таныла білді. Инвестиция тартумен қатар технологияларды тиімді игеруді де жеделдету қажет сияқты. Энергияны үнемдеу, жаңа технологиялар енгізу мәселелеріне назар аударған жөн. Бұл салаға сырттан мамандар тартудан гөрі өз кадрларын даярлау маңызды деп есептеймін. Республикадағы энергия өндірісі, өндірістік қалдықтарды азайту, мұнай экспорттау, т.б. қатысты әлі де жетілдіруді қажет ететін салалар бар.  Жалпы Қазақстанның көп векторлы даму қарқынын жоғары бағалаймын.

Такаюки Коасано, ақпараттық технология инженері (Хиросима): 

— Қазақстан дегенде ежелгі көшпенділер тарихын танытарлық байтақ  дала көзге елестейді.  Астана мен Алматы сияқты күннен күнге көркейіп келе жатқан көрнекті шаһарлары бар, экономикасы жедел өсу үстіндегі  мемлекет. Сонымен бірге Кеңес Одағы тұсында  ядролық сынақтарды бастан өткерген ел ойға оралады. Соның салдарынан жерінің бір бөлігі зардап шеккендігін ойласақ, жүрек сыздайды. Жапония қашанда жаһандық ықпалдастық алаңында Қазақстанмен  берік ынтымақтастықта болды. Бұдан ары да бұл байланыстың тамыры тереңдей түседі деп есептеймін.  Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтатын мүмкіндіктер жеткілікті. Мысалы, қазба байлығы мол саналатын Қазақстан табиғи ресурстары аз Жапония үшін өнеркәсіпті дамытуда мықты әріптес.

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар