Қай бір күні «Қамшы» порталында, басқа да ақпараттық сайттарда дінтанушы Досай Кенжетайұлының видеосұхбаты жарияланды. Ол сұхбатта дінтанушы елдегі діни ахуал, салафизм ағымы туралы айта келіп, «Шымкент- салафиттердің орталығына айналды» деген ой айтты. Тіпті, бұл өңірде 15 мың салафит бар деген мәлімет келтірді. Дінтанушының бұл айтқаны шындыққа жанасады деп санамаймын. Одан бөлек, Досай Кенжетай мырза елдегі салафизммен күресте радикалдық ағымдарға сопылар тосқауыл болды деген де пікір білдіріпті.
Басқасынан бұрын, алдымен «сопы» деген сөздің мағынасын ашып алайықшы. Араб тілінен аударғанда «сопы» деген – адамның сипатын, яки адал, таза, қарапайым, кішіпейіл дегенді білдіреді. Ешқандай да діннің аты емес, ділдің ұстанымы, бұл. Кезінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) момын сахабалары болған. Исламды алғаш қабылдаған да, Меккенің тақыр кедейлері еді. Дінге берік, әрі адал болды. Оларды жүн шекпендерінен таныған. Сопы деп сондай сахабаларды атаған.
Исламда «ақида» - ілімді, «фикһ» - шариғатты, «софылық» - аһлақты зерттейтін тармақтар бар. «Аһлақ» деген – мінез-құлықты дұрыс қалыптастыратын тәрбие тетігі. Ислам – көркем мінезге негізделген бейбіт дін. Шынайы сопылық – барынша қарапайымдылықты, тазалықты дәріптейді. Бұл бағытта Шахбандия және Қожа Ахмет Яссауидің сопылық тағылымдарынан ғана тура тәлім алуға болады. Құл-Қожа Ахмет шын сопылықтың мәнін түсінгендіктен де ию да, қию дүниенің дүрбелеңінен безініп, үнсіз құлшылықта өтті.
Ал, қазір саф сопылықты да ылаңдап, түлкібұлаңға салып алды біреулер. Жалпы саясат араласқан жердің бәрі бықси беретін болды ғой.
Бұл біздің кей шіркіндерге оңынан келді. Мәселен, Елбасының «Қазақстан жолы – Яссауи жолы» деген сөзін желеу етіп, өздерінің пұшайман пиғылдарына пайдаланды, пайдалануда. Он шақты жыл бұрын, аядай Түркістанның сопы-сымақтардың ордасына айналғаны, арнайы мешіт салғандары, ашықтан-ашық әрекет еткендері, есімізде. Тіпті «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының сол кездегі басшылығы мен ұжымының шынайы емес, «шайтани» сопылықты таңдағандықтан құрдымға кеткендері де белгілі.
Халыққа қазіргі сопы-сымақтар «Зікіршілер», «Сматуллашылар», «суффистер» деген атпен мәлім. Зікір – Жаратқан Иемізді үнемі үнсіз ұлықтау деген сөз. Исламда «аҺ-үҺ» деп басы айналып талып қалғанша, зікір етуге тиым салынған. Ол жындылықтың белгісі.
Жын ұрғандықтан да шығар, қазір сопы-сымақтардың содырға айналып жатқаны. Әлемдік сарапшылар Сириядағы сопылардың жетекшісі Ибраһим Ғиззат әд-Дури бастаған топты жиһадшы деп таныды. Олар да кәнігі уахаби, салафизм, тағы басқалар сықылды жазықсыз жұртты қырып, Сирия билігіне қарсы соғысуда.
Демек, біздің елдегі сопыларға да бұрынғыдан бетер сақтықпен қарау қажеттігі туындап тұр. Кезінде Сматулла тақсырлары түрмеге тоғытылып тынса, қазір Құрбан-Али деген пақырлары пайда болған. Ол сопылықты жамылып, соқыр сенімді еш кедергісіз еркін насихаттауда.
Біздің билік расында да қызық қой. Бір боран соғып өтсе болды, екінші рет дауыл тұрмастай көре ме, әйтеуір, күресті ұмытып кетеді. Президент ұсынған Яссауи жолы – бейбітшілік, тыныштықтың жолы. Ендеше, неге жұрт санасын улаған келімсектерді құтыртып қоямыз.
Сопылық ұғым Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуымен, Түркиядан арнайы оқытушылардың келуімен жаңғырды. Бірақ, біртүрлі діни сипат алып кеткені қызық болды да. Жасыратыны жоқ, Түркияның өзі содыр-сопылардан да опық жеп жатыр. Ал, елімізде сопыларға қатысты шу шыққанда, университтегі қазақ оқытушылардың біразы Түркістаннан тым-тырақай «қашты». Арысы Астана, берісі Алматыға бас сауғалап, жасырынып қалды. Содан кейін саябырсыған сияқты еді.…..
Ал, дінтанушы Досай Кенжетайдың «Шымкент – саләфиттердің ордасы, қаржылық орталығы» деген сөздері мұнысы естіген құлаққа жақпады, әрине. Тіпті ҰҚК-дегілердің қолында жоқ мәліметті ол қайдан алды десек, Дін істері жөніндегі Комитет төрағасына ысыра салыпты. Шәкірттерінің еңбектеріндегі деректерге сүйеніпті-міс.
Өкілетті органдардың мәліметінше, Оңтүстік Қазақстанда мың жарымға жетер-жетпес салафит бар. Үш миллион тұрғынға шаққанда, бұл халқы аз Ақтөбе облысын жайлаған салафиттер санынан әлдеқайда төмен. Оны Сирияға аттанғандардың санымен де есептеу қиынға соқпайды.
Досай Кенжетайдың «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп он бес мың адамға беталды жала жауып, топырақ шашқаны қай сасқаны? Оңтүстіктің дәстүрлі дінге берік жұртының арасына жік салу емес шығар, діттегені. Ол беймәлім он бес мыңның ішінде облыстың басшыларынан бастап, қарапайым халыққа дейін кез-келгеннің кезігуі неғайбыл деген ойға қалады екенсің. Бәлки, Досай Кенжетай сопысымақтардың санын айтқысы келген шығар. Не десе де, ойша есептеп, он бес мың адамның азаматтық абыройын таптау жөн емес.
Досай мырза салафизмді себеп қып, тағы кімге күйе жағар екен?! Дінтанушы деген дардай атыңыз бар. тісіңіз батса Ақтөбе, Атырау, Алматы, Қарағандының салафиттерінің «қолтығына су бүркіп» жатқандарды тілге «тиек» етсе өзектірек болар еді. Әлде оңтүстік жұртының үндемес қасиетін пайдаланып айта салды ма екен?
Жағымпаздықтың да жөні бар ғой. Біресе сопылықты мақтап, біресе салафизмді даттап, аракідік Ханафиді де сөз қылып, өліп кеткен зиялыларға тиісе беретін бұл азамат бір жағына шықса игі еді. Әлде, қай шекпеннен шыққанын ұмытып кетті ме екен? Әйтпесе, қайдағы жоқты айтып, неге «сандалады»! Ахмет Яссауидің жер астына түсіп, тіршілік еткенінде үлкен хикмет бар, түсінгенге. Қазақ «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» демеуші ме еді. Яссауидікі де сол жердей тыныш бол дегеннің кері ғой. Елбасының таңдауы да тыныштық қой. Теологтың міндеті дін тану, халыққа күйе жағу, елді дүрліктіру емес. Ол да саф сопылықтың бір сипаты ғой.
Мөлдір Нұрман