Бұл әңгіме Еңлікке сырға салған соң басталып отыр емес пе...
Бейбіт өзі ақырын жүріп, анық басатын жігіт. Жерін алып, үйін салып, машинасын мінді. Шынын айтқанда, қалалық әкімшілікте айына елу-ақ мың теңгеге жұмыс істейді, бірақ жерді де, үйді де, көлікті де өз ақшасымен алды. Оның қайдан, қалай келген ақша екенін айтып жатпай-ақ қояйын. Ол менің шаруам емес. Осыған дейін Бейбіт қыздармен көңіл көтермеді деуге келмес, десе де, қызқұмар емес-ті. Ол қатарластарына қарағанда сабырлы болды.
Жағдайын жасағаннан кейін үйдегілер «үйленсеңші» деп қоймады. Әйтпесе, Бейбіттің отбасын құратындай сөйлесіп жүрген қызы жоқ болатын. Жеңгелері туыстарының, ауылдастарының қыздарын жарнамалап, Бейбітті көндіре алмады. Ақыры намаз оқитын, ұяң, әрі сүйкімді Еңлікті үйіне ертіп келіп, таныстырып, жеңгелерінің аузына құм құйды. Намаз оқиды деген соң-ақ, ешкім қарсы келмеді. Келісті. Аса бір қуанбаса да.
Ол екеуі интернетпен емес, достар арқылы емес, өздері танысты. Бейбіттің достары пәтерде тұратын. Ескі көпқабатты үй. Ыстық су жоқ. Дәретхана мен жуынатын орын бір этажда біреу. Бәріне ортақ. Бағасы сол себепті арзан. Сондықтан да мұнда көбіне студенттер орналасқан. Бейбіт сол достарының үйіне қонақ болып барып, қол жууға шыққан. Қол жуатын жерден ішетін су алатын. Қаланың қақ ортасындағы үй демесең, тұру мүмкін емес-ті. Бейбіт қолын жуып тұрған сәтте қолына шәугім ұстаған ұзын көйлекті Еңлік кіріп қалып, «Кешіріңіз»,-деп қайта шығып кеткен. Бейбіттің саудасы бітті. Еңліктің көзқарасын қайта-қайта көзалдына келтіріп, ойлай берді, ойлай берді, неге екені. Сол күннен бастап, достарының үйіне жиі қонаққа келгіштеп, Еңлікті аңдитын әдетке басты. Еңлік өзінің Құдайға құл екенін жақсы сезіне ме, әлде әйел адамға еркектер сұқтанбасын дегені ме, әйтеуір, бірдеңе бүлдіріп қойғандай үнемі басын төмен салып жүретін және Бейбітке оның бір қарағаны қымбат еді. Сондай-ақ, ол интернетте отырмайды. Смартфонын інісіне беріп, өзі «простой нокиа» ұстай тұғын. Оның киімге талғамы нашарлау. Ұзын қызыл көйлегі де, ақ кофтасы да, күлгін көртешесі де өзара үйлесімділік таппайтын.
Бес уақыт намазға жығылады дегені болмаса, діни сауатты деп айтуға келмес. Рукуғ, сәждені қалай орындау керек, сосын қандай сүре оқылу қажеттігін ғана білетін. Еңлік ол уақытта жоғарғы оқу орнының үшінші курсын тәмамдап, жұмыс істеп жүрген. Ата-анасының бір жағына шығып, пәтерде тұрып, пиццерияға аспазшының көмекшісі болып кірген еді.
Бейбітті бір көргеннен ұнатты десек, жалған болар, алайда қайта-қайта номерін сұрап, пәтерде бірге тұратын құрбыларынан гүлдер жібере берген соң, қиылып түсті. Кездесуге келісімін берді солай.
Ең алғаш көріскенде Бейбіттің сөз арасында байқағаны: «Ата-ана үміті», «әке-шешемнің сенімі» деген сөздерді Еңлік жиі айтты. Соған қарағанда, тұрмыс құруға дайын деп топшылады Бейбіт. Ал Еңлік асықпай, бабымен сөйлейтін Бейбітке сенуге болатынын ұқты. Келесі кездесуге қарсы болмаған себебі де сол.
Алғашында Бейбіт ол намаз оқитындықтан дистанция сақтап, тек хал-ахуалын сұрап қана хабарласып, жолыққанда да, соны әңгіме қылып қайтатын. Өйткені ол Еңлікті тым салмақты санайтын. Сөйтсе, ол қателескен екен. Еңлік салмақты қыз секілді көрінгенімен, жан-дүниесі бала. Әңгімешіл... Іздейді. Ренжиді. Рұқсат сұрайды. Күледі. Өз қолымен пицца жасап әкелетін кейде.
-Ағамның баласы маған қашан күйеуге шығасыз деді ғой,-деп, соған мәз болып күліп... Бала кәдімгі. Телефонмен қайта-қайта звондап, тамақ ішейін деп жатқанын, ішіп болғанын, ұйқысы келді ме, жоқ па, соны сұрап, түннің қайырлы болғанын тілеп, ұйықтатып... Ашығын айтқан дұрыс шығар, арасында Бейбіт шаршап кететін осының бәрінен. Жоқ, ол жақсы көруін тоқтатпады, тек әңгімеден жалығатын. Сондай бір күні, жұмыстан кеш келіп жатқаны сол еді, Еңлік: «Звондашы»,-деп хабарлама жіберген соң, көңілін қимай телефон соққан. Екеуі тағы ұзақ сырласып отырған сәтте, телефонның бірлігі бітті. Дүкенге барып бірлік салуға ерініп, ұйықтағалы жатыр еді, Еңлік: «Единица түсті ме?»,-деп хабарлама жазыпты. Түн. Соған қарамастан, жүгіріп барып Бейбітке бірлік салып келген Еңліктің бұл әрекеті Бейбітті есінен тандырып тастады.
Жиналыста отырып, Еңлік қоңырау шалғанда тұтқаны көтере алмаған бір кезде. Екі рет, үш рет хабарласты. Алмады. Жиналыс біткен соң, қайта звондап еді, Еңлік еңкілдеп жыласын. «Жалықтырып алдым ба деп қорықтым»,-дейді өзі өксігін баса алмай. Сәби секілді.
Еңлік өзі жұмыс істегендіктен шығар, ақшаның қадірін білетін. Бейбіт қыдыртқан сайын, «жоқ, керек емес», «қойшы», «қызық емес»,-деп, теңгенің шашылғанын қаламайтын.
Дінді құрметтегіне ме, әлде Еңлікті періште көргені ме, Бейбіт оған батпайтын. Әрең, аз уақытқа ғана құшақтауға батылы жететін. Қалғанының бәрі ілтипатпен, үлкен құрметпен құрылған қатынас... Сыйластықпен айтылатын сыр... Қамқорлықпен қайталанатын тұрмыстық сөздер... Ыңғайы келіп, құшағына алған мезетте оны құшырлана иіскейтін. Еңлік әтір сеппейтін, бірақ апельсин сабынының тәтті иісі аңқып тұрушы еді. Бейбіттің құштарлығы оянып үлгергенше, Еңлік оның құшағынан сытылып шығатын.
Бейбіт көліктің «скоростьтін» ауыстырар сәтте қолы Еңліктің санына тиіп кетсе, жүрегі дүрсілдеп қоя беретін. Айтар ойынан шатасып, маңдайы терлеп шыға келуші еді.
«Үй болуға дайынсың ба?»,-деген Бейбіттің ұсынысынан соң, Еңлік тағы өзгерді. Оның қамын екі есе ойлауға көшті. Қарны аш па, тоқ па, ұйқысы қанды ма, жоқ па, көңіл-күйі қалай, киімі жуылған ба, кір ме, бәріне мән бере бастады. Сабағынан ерте келсе, Бейбітке тамақ дайындап, оны өзімен алып кете алатындай ыдысқа реттеп салып... Бейбіттің көк жейдесі оңа бастағанын көріп, стипендиясы түсе сала жейде сатып әкеліп...
Елу мың айлықпен екі жылда жер алып, үй салып, көлік мінген Бейбіттің басы істейтіні рас қой. Ойланды ол. Ненің немесе кімнің әсерінен намаз оқуды бастағаны жайлы. Бірге тұратын, бірге оқитын құрбыларын көрді. Дінге жақын болмақ түгілі, арасында «бл*»,-деп, аузына ие бола алмағандар да болды. «Жақын біреуі қаза тапты ма екен?»,-деп ойлап еді, отбасы түгел екен. «Әке-шешесі намазхан шығар»,-деген жорамалы да жоққа шықты. Ата-анасы Кеңестік Одақтың тәрбиесіндегі жақсы ішетін, ақкөңіл кісілер. Оқыған, сауатты отбасы, дегенмен діншіл емес. Бейбіт соның жауабын таба алмады. Ол өзі мұсылман, күманданбаңыз. Дінге деген ешқандай алалығы жоқ. Бірақ Еңліктің нендей себеппен намазға жығылғаны оған қызық.
Еңлікке сырға салып, ұзату тойдың күнін белгілеп, құдалар тойлап қайтқан. Екі күн өткен соң, екеуі қалада қыдырып, уақыт түнгі он бірге жақындағанда, Еңлік жатақхананың жабылатынын айтты. Бейбіт артық сөзі жоқ жігіт емес пе?! Апарды. Қоштасты. Еңлік түспеді. Терең дем алады, неге екені. Әппақ-әппақ саусақтарынан діріл байқалады. Қобалжып отыр.
-Не болды?
-Мен саған бірдеңе айтуым керек.
-Иә?..
-Басында айтуым керек еді. Мен кінәлімін. Кешір.
-Жөндеп, ашып айтшы.
-Біз қосыла алмаймыз.
-Неге?
-Мен саған лайық емеспін.
-Қайдағы-жоқты айтпашы.
-Сен білмейсің,-деді де, көзінен ыстық жас атқып шықты. Сонымен қоса, Бейбіттің де жүрегі алып-ұшып кетті. –Сен жақсы жігітсің! Менен де жақсы, таза қызды кездестіресің. Мен саған лайық емеспін. –Еңлік көзінен мөлтілдеп тамған жасты қолымен сүрпеді. Қызыл көйлегінің алдына мөлт-мөлт ағып жатты. –Басында-ақ айтар едім, сені қимадым, кешір,-деді де, көліктен түсіп, басын төмен басқан күйі жатақханаға жүгіріп кетті.
Бейбітті қанша салмақты жігіт дегенмен оның жаны дүр сілкінді. Осыған дейін іздеген жұмбағының жауабы мұндай боларын ол, әрине, күтпеді. Әйтсе де ол бірдеңені сезетін... Басын бекер төмен салып жүрмейді адам... Адам – періште емес екені ақиқат қой, алайда күнәсін сезініп, Құдайынан кешірім іздеген ізгі жүрегі бар асыл қызды бұлай қоя беретіндей Бейбіт ақымақ болмаса керек.
Бір шетінен өзінен жиіркеніп, екіншіден Бейбітті қимай жаны қысылып, ұзын қызыл көйлегімен жер-көкке сыймай кетіп бара жатқан Еңлікті ол құшақтай алды. Бәрін біліп, бәрін кешетін Бейбіттің кең құшағында ол өкініп-қуанып еңкілдеп жылай берді, жылай берді. Еңліктің ақ кофтасының ішінен апельсин аңқыған исіне мас болып ол тұрды.
-Мен сенің қасыңдамын!-деп айтыпты Бейбіт. Соны айтпай-ақ қойса да, түсінікті ғой. Енді өзі айттым дейді, сосын жаздым, айып етпессіз.
Әлішер Рахат