Павлодар облысында «Орталық-Шығыс» автобанының 25 шақырымдық бөлігін салып жатқан 450-ге жуық жұмысшының жалақысы келер аптада берілмек, - деп хабарлайды Qamshy.kz Bnews.kz - ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, қазіргі таңда төрт жолақты автобан учаскесінің құрылысы тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, мамыр айынан бері берілмеген жалақыдан бөлек, құрылыс материалдары мен жанар-жағармай таусылып қалған. Аталмыш 25 шақырымдық жол бөлігін «Автодорсервис» ЖШС-не қарасты үш субмәрдігер салып жатыр. Мамандардың есептеуінше, бас мердігер компания оларға 100 млн теңгеге жуық қаржы қарыз.
Бас мердігер фирмасының өкілі келіп, бізбен тілдесті. Оның айтуынша, мәселе келесі аптада толық шешімін таппақ. Мәселен, мен жетекшілік ететін «АДС-ТК» ЖШС-нің қарамағында 160-тан астам адам еңбек етеді. Тағы екі субмердігер фирманың еңбеккерлері де жалақысыз отыр. Бүгін дизель отыны таусылып қалды. Енді құрылыс материладары мен жанар-жағармай әкелінбейінше, жұмысымызды жалғастыра алмаймыз», - дейді субмердігер компаниясының директоры Вячеслав Савинов.+
Құрылысшылардың айтуынша, аталмыш нысан қазан айының соңында пайдалануға берілуі тиіс.
«Қаржы уақытында түспесе, кешігіп қалуымыз мүмкін. Нысан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Сондықтан, бізге артар жауапкершіліктің де жүгі ауыр. Егер жалақымыз бен құрылыс материалдарына арналған қаржы келесі аптада берілсе, жолдың құрылысын дер кезінде аяқтауға мүмкіндік бар», - дейді мамандар.