Атырауда өтіп жатқан жер комиссия жұмысы барысында өңір тұрғындары депутаттарға қарата сыни пікірлер айтты. Олардың бірқатарына Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жауап берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Жер мәселесі таразыға түскенде жанымыз ышқынбаса, онда ұлт болып жарытпаймыз. Ал, мені кінәлауға қатысты айтарым, ол заңдар қабылданғанда мен депутат болмадым. Ұлттық спортта өз бетіммен жүрдім. Менің позициямды білгілеріңіз келсе, мен оны айттым. Шекара аумағындағы жер, кепілдікке қою туралы ойларымды естідіңіздер. Әлеуметтік шиеленіс шақыратын мәселелерден барынша сақ болуы керек. Шекарадағы жер мәселесінде километрмен емес, тұтастай аудандарды ескеру керекпіз, Үржар, Нарынқол сияқты аудандарды ерекше назарға алу керек.
(...) 86-ның желтоқсан оқиғасына мен де қатысқам. Политехтан шығып, консерваторияға кетуге сол себеп болған. Ол кеңестік империяға қарсы бас көтеру еді. Мына жағдайда өзіміз отырған бұтақты өзіміз аралағандай болмайық. Байыппен келмесек, кей мәселеде ашуға салынсақ, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қауіп келтіреміз. (...) Жер қамын бірен-саран адам айтып жүр деуге болмайды. Бәріміз де қазақпыз, бәріміз де жер үшін алаңдаймыз. Шаруа шешілетін кез болады, сол кезде кімнің кім екені белгілі болады. Ол уақыт әлі келген жоқ. Әзір мені қинамаңыздар, - деді Бекболат Тілеухан.